Мұсылмандардың алданулары
Мұсылмандардың алданулары
1 жыл бұрын 3877
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Мүмін-мұсылмандардың арасында күнә істейтіндердің алданулары мына сөздерінде көрініс табады: «Алла мейірімді әрі кешірімді. Оның кешірімінен үміттіміз». Олар осы түсінікке сүйеніп, іс-амалды тастап қояды.

(«Үмітсіз шайтан» демекші), әрине, мұндай түсінік - «үміт» түрғысынан дінде құптарлық нәрсе. Және де Алланың рахымы мен мейірім-шапағаты кең, ал ырыс-несібесі түгел бәрін қамтушы. Біз Алланың бір екеніне сенетін мүміндерміз. Біздер иман ете отырып, Оның кеңшілігі мен игілігінен үміттіміз. (Бірақ түбегейлі үміттеніп, дінді амалға асыруды қойып қоймауымыз керек).

Кейде мұсылмандардың алданулары - ата-аналарының салиқалы жан болуларынан туындап жатады. (Олардың етегіне жабысып құтыламыз деп ойлайды). Бұл алданудың - шарықтау шегі. Әкелері тақуа, салиқалы адам болумен қоса, Алладан қорқатын, күнә істеуден тартынатын.

Бұлай алданулары, шайтанның олардың ойына салған мынадай бір қисынынан туған:

«Кім бір адамды жақсы көрсе, ол оның балаларын да жақсы көреді. Ендеше, Алла Тағала ата-аналарыңды жақсы көрген болса, Оның сендерді де жақсы көрері анық. Олай болса, тағат-ғибадатқа қажеттілік жоқ». 

Олар осы қисынға сүйеніп, Алла жайында алданды.

Бұлар Нұх пайғамбардың (ғ.с.) ұлының оқиғасын білмейтін секілді. Топан су басқан кезде Нұх пайғамбар ұлын кемеге алғысы келді. Бірақ ұлы бас тартты. Алла Тағала оны өзге қауымдарды суға батырғаннан да артық батырды.

Сондай-ақ, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) анасының қабірін зиярат етуге және оған кешірім тілеп тұруға рұқсат сұраған болатын. Бірақ Алла Тағала оған қабірін зиярат етіп тұруға рұқсат бергенімен, ол үшін кешірім тілеуіне рұқсат бермеді1. (Бұдан - жақын туыстарымыздың Аллаға жақын адам болулары бізді о дүниеде құтқара алмайтынын түсінеміз). 

Және де олар Алла Тағаланың мына бір аятын ұмытқан сыңайлы:

«Бір адам, екінші адамның күнәсін көтермейді». («Фәтыйр» сүресі, 18 аят).

Және де мына аяты:

«Кісіге тек өзінің жүгірісіне орай бар». («Нәжм» сүресі, 39 аят).

Расында, әкесінің тақуалығының арқасында о дүниеде құтылып кетем деуші кісінің мысалы - әкесінің жегенімен тойып, әкесінің ішкенімен шөлін қандырамын деп ойлаушының мысалына ұқсайды. Тақуалық - бәріне парыз болған міндетті іс. Тақуалық мәселесінде әке баласының жауапкершілігін өзіне ала алмайды. Өйткені, қайта тірілер күні махшарда тақуалықтың қарымтасы берілер тұста, кісі өзінің бауырынан, анасынан, әкесінен, жұбайынан, балаларынан қашады, бірақ шапағат ету жағдайы бұдан тыс.

Алланың кешіріміне сүйеніп, дінді амалға асырмай жүрген мұсылман Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір хадисін ұмытқан сыңайлы:

«Ақылды адам - өзін есепке тартып, өлімнен кейінгіге әзірлік жасайды. Ақымақ адам - өзінің нәпсісіне еріп жүріп, Алланың кешірімінен тым үмітті болады»2.

Алла Тағала Құранның мына бір аятында айтады:

«Сондай, иман етіп, һижрет жасағандар және Алла жолында соғысқандар, олар - Алланың мейірімінен үмітті. (Өйткені) Алла кешірімді, мейірбан»3.

Басқа бір аятында:

«Олардың істеген амалдарына сыйлық ретінде...» - дейді. («Сәжде» сүресі, 18 аят).

Ендеше, алдымен амал етпей тұрып, Алладан үміт ету дұрыс бола ма? Егер амалы болмаса, Алланың кеңшілігінен үміт етуі алданудан басқа ештеңе емес.

Шын мәнісінде, үміт - қауіп пен үмітсіздікті жою үшін қажет. Үміттің осы пайдасы үшін Құран Кәрім үміт жайлы сөз етіп, пенделерді үмітті жоғалтпауға шабынттандырған...

Амал етумен қатар, күнә да істейтін мұсылмандардың алданулары

(Жоғарыда айтылған амалы жоқ, бірақ үміті бар) мұсылмандардың халіне жақын басқа бір мұсылман қауымы да бар. Олардың амалы болғанымен, күнәлары да жоқ емес. Әріберіденсоң, күнәлары көбірек. Бұл топтағы мұсылмандардың алданулары – олар кешірілетіндіктерін үміттенумен қатар, амал таразыларындағы күнә жағы ауыр болса да, игілік жағы басып кетеді деп ойлайды. Бұл - надандықтың шарықтау шегі. Мысалы, осы топқа жататындардың бірін адалы-арамы аралас тапқан табысынан бірнеше дирхамды садақа қылып бергенін көресің, бірақ оның есесіне ол нақақтан-нақақ адамдардың дүниесін жеп, күмәнді табыстардан еселеп тауып жатады. Оның мысалы - тараздың бір жағына он дирхам ақша, ал келесі жағына мың дирхам ақша қойып, артынан он дирхам қойған жағы ауыр басуын тілейтін кісінің мысалы тәрізді. Бұл, сөзсіз, надандықтың шегі болса керек. (Яғни, сауапты ісі аз, ал күнәсі болса көп, сонда да, аз сауапты ісімен құтылып кетемін деп ойлайды). 

Сауабы күнәсінан көп деп ойлайтындардың алданулары

Бұнымен қатар, жасаған амалы, күнәсінан көп деп алданатындар да бар. Өйткені ол өз-өзін есепке алмайды және күнәлары бар ма, жоқ па, тексеріп тұрмайды. Егер ол діннің бір бұйрығын амалға асырса, соны мақтан тұтады. Мысалы, күндіз және түнде, айталық, жүз рет истиғфар айтады да, артынан мұсылмандарды ғайбаттап, күні бойы Алла разы болмайтын сөздерді сөйлеп жүреді. Ондай кісі тәспі тартудың сауаптылығы жайында келтірілген мәліметтерге мән береді де, ал бірақ өтірікшілер мен өсекшілерге және екіжүзділерге берілер жаза жайында айтқан риуаяттарға ғапылдық танытады. Бұл да таза алдану. Біле білсе, тілін күнәлардан қорғауы - тәспі тартуынан маңыздырақ.


1  Әбу Һурайрадан жеткен хадис. «Сахих Мүслім», Әбу Дәуід, «сүнән».
2  Тирмизи, «Сүнән»; Ибн Мәжә: Зүһд;
3  «Бақара» сүресі, 218 аят.
Имам Ғазалидің "әл-Кәшф уәт-Тәбиин" атты кітабынан. Араб тілінде. 

 Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым

 

0 пікір