Біліп қой! Пенде істейтін амалында мына он нәрседен сақтанғаны жөн. Олар:
- Нифақ (амалдарында Алладан өзгеге жақын болуды көксеу, мұнафиқтық).
- Рия (ақыреттік істері арқылы дүниелік пайданы көксеу).
- (Халал-харамды) айырмаушылық (тәхлит).
- Міндетсіну (әл-мәнн).
- Қорлау (немесе зәбірлеу) (әл-әзә).
- Өкіну (істеген сауапты ісіне өкіну, ән-нәдәмә).
- Өз ісіне тамсану (өзіне, өзінің ізгі қасиеттеріне, істеген жақсылықтарына тамсану, әл-ъужб).
- Қапалану.
- Немқұрайлық.
- Адамдардың сөгісінен қорқу.
Бұдан соң ұстазымыз шейх (Әбу Толиб әл-Мекки) аталмыш жаман қасиеттердің әрбірінің қарама-қайшысы болған жақсы қасиеттерді атап, артынан аталмыш он сипаттың іс-амалға тигізер зиянына тоқталып кетеді. (Ол былай дейді):
Нифақтың қарама-қайшысы – істейтін амалын Алла үшін істеу (амалда ықылас).
Рияның қарама-қайшысы – істеген ісінен сауап күту (сауап үшін істеу).
(Халал-харамды) айырмаушылықтың қарама-қайшысы – тақуалық.
Міндетсінудің қарама-қайшысы – істеген ісін Алладан деп білу (Алланың тауфиқ беруі деп білу).
Қорлаудың қарама-қайшысы – істеген амалын қорғау (сауабын жоятын әртүрлі жаман ниеттен қорғау).
Істеген ізгі ісіне өкінудің қарама-қайшысы – ізгілік жолда табанды болу.
Өз-өзіне таңданудың қарама-қайшысы – ізгі істі Алла Тағаланың арқасында орындағанын білу.
Қапаланудың қарама-қайшысы – жақсылықты ғанибет білу.
Немқұрайлықтың қарама-қайшысы – Алла Тағаланың оны сол іске бастауын, яғни, тауфиқты ұлы нәрсе деп білу (ол нәрсенің қадірін білу).
Адамдардың сөгісінен қорқудың қарама-қайшысы – Алла Тағаладан ғана сескену.
Аталмыш он сипаттың тигізер зияны
Кейін тағы білуің керек болған мәселе:
Нифақ - істеген амалды жояды.
Рия - істеген амалдың қабыл алынбауын керек қылады.
Міндетсіну мен зәбірлік – сол сәтте жүректегі шынайылықты жояды, кей ғалымдарға қарағанда бұл екі сипат істеген амалына берілетін артық сауапты кетіреді.
Істеген ізгілігіне өкіну болса, барлық ғалымдардың пікірінше, істеген амалды жояды.
Өз-өзіне тамсану – істеген амалына берілер артық сауапты кетіреді.
Қапалану мен немқұрайлық – істеген амалының құнын жояды.
Ендеше, сенің міндетің – сайып өтілген қауіпті де, қатерлі кедергілерді жеңу болып табылады! Тауфиқ Алладан!1
1 Имам Ғазали: «Раузатут Толибин». Араб тілінде.
Аударған Абдусамат Қасым