Қабір азабынан құтылу үшін төрт нәрседен жиреніп, төрт нәрсені істеуге маңыз аудару керек. Маңыз аудару керек төрт нәрсе келесідегідей:
-
Бес уақыт намазды қаза қылмауға,
-
Садақа беріп тұруға,
-
Құран оқып тұруға,
-
Тәспі тартып, Алланы зікір етіп тұруға.
Аталмыш төрт амал қабірді жарықтандырып, оны кеңейтеді.
Ал жирену керек төрт күнә іс, олар келесідегідей:
-
Өтірік айту,
-
Аманатқа қиянат жасау,
-
Біреуді өсектеу,
-
Зәріне мән бермеу (зәр сындырғанда тазалыққа мән бермеу).
Осы төрт нәрсе қабірде азапталуына себеп болмақ.
Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:
«Алла Тағала сендердің төрт нәрсе істеулеріңді ұнатпайды: намаз ішіндегі артық қимыл, құран оқу барысында бос сөздерге орын беру, ораза кезінде балағат сөздер сөйлеу және мазаратта күлу...».
Мұхаммед ибн Сәммәк (р.а.) мазарға қарап тұрып былай деді:
«Бұл қабірлердің үнсіздігі сендерді алдамасын! Себебі, олардың ішінде уайым мен қайғыға батқан жандар қаншама! Бұл қабірлердің біркелкі жатқаны да сендерді шатастырмасын! Өйткені, олардың араларындағы айырмашылық (ахуал тұрғысынан) қаншама!»
Ақылды адам қабірге кірмей тұрып, қабірдегі жағдай жайында жиі ойланып, толғанып тұруы тиіс. Тәбиғин Суфянус Сәури (р.а.) бұл жайында былай деген:
«Кім қабірді жиі еске алып жүрсе, барғаннан кейін қабірі ол үшін – Жәннат бақтарының бірі болмақ. Ал кім қабірді еске алмай, бұл дүниеге алданып жүрсе, ол үшін қабір – Тозақ шұңқырларының бірі болмақ».
Хазірет Әлидің (р.а.) хұтбасынан:
«Уа, Алланың құлдары! Өлім... өлім! Одан құтылу жоқ. Егер оны күтіп тұрсаңдар – ол келіп алады. Қашсаңдар – бәрібір қуып жетеді!».
Сахаба Осман ибн Аффан радияллаһу анһудан жеткен риуаятта, Ол (р.а.) бір қабірдің қасында тұрып жылапты. Сонда қасындағылар:«Сіз пейіш пен тозақты еске алғанда бұлай жыламайсыз» дейді. Сонда ардақты сахаба: «Алла елшісі (с.а.у.) айтқан еді: «Қабір – ақыреттік мекендердің әуелгісі. Кім қабірде құтылса, одан кейінгісі (қияметтегі жағдайы) одан да жеңіл болмақ. Ал кім қабірде тұтылса, одан кейінгісі одан да ауыр болмақ» - деп жауап беріпті.
Алла Тағала қабірімізді нұрландырсын!