Қадір түніне қатысты кейбір хадистер
Қадір түніне қатысты кейбір хадистер
2 жыл бұрын 4774

1) Сахаба Үбәй ибн Кәъб (радияллаһу анһ) Қадір түні жайында былай дейді: «Аллаға ант етейін, Қадір түнінің қай түн екенін мен білемін. Менің ең анық білетін нәрсем – Алла елшісінің бізге құлшылықпен өткізуді бұйырған түн, ол – Рамазан айының жиырма жетінші күнінің түні-тін»[1].

2) Сахаба Үбәй ибн Кәъб (радияллаһу анһ) басқа бір сөзінде былай дейді: «Аллаға ант етейін, одан басқа құдай жоқ. Қадір түні - Рамазан айында. Аллаға ант етейін, оның қай түні болатынын мен білемін. Ол түнді Алла елшісі құлшылықпен өткізуімізді бұйырған. Ол түн – жиырма жетісіндегі көркем түнінде болмақ. Оның белгісі: қадір түні (болатын күні) күн шуақсыз әппақ болып туады»[2].

3) Cахаба Әбу Һурайра былай әңгімелейді: «Алла елшісінің қасында Қадір түні жайлы сөз қозғадық. Сонда Алла елшісі (с.а.у): «Ай табақтың жарымындай болып көрінген түн қайсыларыңның есіңде?» - деді[3] - дейді сахаба. Әбу Хусейн әл-Фәриси бұған былай түсіндірме берген: «Алла елшісінің бұл сөзі - айдың жиырма жетінші түнін меңзейді. Ол түні ай Пайғамбарымыз айтқандай кейіпте бейнебір табақтың жарымындай болып көрінеді" - деді.

4) «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны»[4].

5) Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кім иман етіп, әрі сауабын үміт ете отырып, Қадір түнін құлшылықпен өткізсе, ол адамның өткен күнәсі кешіріледі»[5].

6) Сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген "сахих" хадисте Алла елшісі (с.а.у.) Қадір түнінің дәл уақыты жайында былай деген: «Қадір түнін іздестірген кісі оны 27 (жиырма жетісінің) түнінде іздестірсін».[6].

7) Сахаба Ибадату ибн Сомиттен жеткен хадисте Алла елшісі былай дейді: «Қадір түнінің белгілері, ол түні  – аспан ашық, әрі жап-жарық болады, құдды нұрын шашқан ай бар сияқты. (Дала) жым-жырт, тыныш болады. Не суық емес, не ыстық емес (жанға жайлы болады). Таңға дейін жұлдыз ақпайды және қадір түнінің белгілерінің бірі – (ертесі) таңы атқанда күн домаланып (қызарып), толған айға ұқсап сәулесіз шығады. Ол күні күнмен бірге шайтанның шығуына рұқсат етілмейді»[6].     

8) «Қадір түнінде –  (дала) жарық болады. Ауасы ыстық та, суық та болмайды. Аспан бұлтсыз, жаңбырсыз және желсіз болады. Жұлдыз ақпайды. Ал күндізінің белгісі – күн сәулесіз туады»[7].

9) Айша (р.а.) анамыз Алла елшісінен (с.а.у.): «Егер Қадір түніне дәл түссем, онда қандай дұға айтайын», - деп сұрайды. Оған (р.а.) Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мына дұғаны оқы: «Аллаһуммә иннәкә ғафуун тухиббуль ғафуә, фағфу ғанни» ,- деп жауап береді. Мағынасы: «Уә, Жаратушым! Шынында сен жарылқауды жақсы көресің. Мені жарылқай гөр»[8] 

[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[2] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[3] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[4] Ән-Нәсәи: Китәбус сиям - №2106. (Миркатул Масабих)
[5] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[6]Ахмәд ибн Ханбәл - №4793.
[6] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Бәйһақи: «Шуъаб».
[7] Имам Табарани: «әл-Кәбир».
[8] Ибн Мәжә: «Сүнән».

Дайындаған Абдусамат Қасым 

0 пікір