Қиямет күні барлық адам жиналған кезде әркім өз басымен қайғы болып, ешкімнің күнәсін, жауапкершілігін ешкім арқалағысы келмейді. Сонда кісі күнәларын арқалаған дос, туыс, күйеуі, әке, бала өзінің күнәсін бөлісуді сұрап, жәрдем тілеген кезде жақыны бас тартып, күнәсінің бір бөлігін болса да өзіне алудан қашады: «Ешбір жан, ешбір жанның күнәсін көтермейді. Сонда егер арқалаған күнәсін көтеруге шақырса, жақыны болса да одан еш нәрсе көтеріліп алынбайды...». («Фатыр» сүресі, 18 аят). Мейлі ол әкесі болсын, мейлі ұлы болсын әркім өз басымен әлек болады: «Сол күні кісі бауырынан, анасынан, әкесінен, әйелінен және баласынан қашады. Ол күні әркімнің өзінің әлек қылар өз жағдайы болады...». («Абаса» сүресі, 34-37).
Табиғин Икрима (р.а.) Құранның жоғарыдағы аятындағы «Сонда егер арқалаған күнәсін көтеруге шақырса...» деген жеріне қатысты былайша сипаттама берген:
«Қиямет күні көрші өзінің көршісіне жабысып: «Уа, Раббым! Мынадан сұрашы! Неге есігін жауып алды? Неге маған тура жолды түсіндірмеді?» - дейді. Тозаққа тасталған кәпір адам мүмин адамға жабысып: «Ей, мүмин адам! Мен саған өткен дүниеде қалай жақсы қарағанымды білесің, сен маған қарыздарсың. Енді бүгін сенің көмегің керек болып тұр!» - дейді. Мүмін адам кәпір танысына араша түседі, соның арқасында оның тозақтағы азабын Құдай Тағала біраз жеңілдетеді. Әкесі баласына жабысып: «Ей, ұлым! Мен саған қандай әке болған едім?» - деп сұрайды. Баласы әкесінің жақсы әке болғанын айтады. Сонда әкесі: «Уа, ұлым! Мен сендегі сауаптардың зәрредейіне мұқтаж болып тұрмын, онымен өзің көріп тұрған жағдайдан құтылсам деймін!» - деп өтінеді. «Әкетай!» - дейді баласы.- Сенің сұраған нәрсеңіз аз нәрсе. Бірақ мен де сіз секілді қорқып тұрмын. Сондықтан сауабымнан еш нәрсе бере алмаймын!» дейді ол. Одан соң ол әйеліне жабысады:
«Уа, пәленше! Мен саған қандай жұбай болдым?» - деп сұрайды. Әйелі оның жақсы жұбай болғанын айтады. Сонда ол әйеліне: «Сенен бір ғана сауап сұраймын берші, онымен өзің көріп тұрған жағдайдан құтылсам деймін» дейді. Әйелі болса оған: «Сенің сұрап тұрғаның аз нәрсе. Бірақ мен саған еш нәрсе бере алмаймын. Сен сияқты мен де өз жағдайымнан қатты қорқамын» деп жауап береді. Алла Тағала Құранда бұл жағдайды былай қысқаша сипаттаған: «Ей адамдадар! Аллаға тақуа болыңдар және әкесі баласына, баласы әкесіне ешқалай араша түсе алмайтын күннен қорқыңдар!...». ("Лұқман", 33). Бұл риуаятты Әбу Хәтим рахимаһуллаһ Әбу Абдулла ат-Таһраниден жеткізген. Ол Хафс ибн Омардан. Хафс Хәкәм ибн Әбәннан. Ол болса, Икримадан риуаят еткен рахимаһумуллаһ1.
islamkz
1 Тәфсиру Ибни Кәсир, «Фатыр» сүресі, 18 аят тәпсірі.