Шайтанның пенденің ғибадатына байланысты жасайтын 7 қулығы
Шайтанның пенденің ғибадатына байланысты жасайтын 7 қулығы
2 жыл бұрын 4722
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) былай дейді:

Шайтанның пенденің ғибадаты төңірегінде құратын айласы мен алдау-арбаулары жеті жөннен көрініс табады. Олар:

1) Әуелі ғибадат етуден тыйяды. (Ғибадат жасама, құлшылық қылма дейді).

2) Егер Алла пендені шайтанның ол айласынан қорғаса (яғни, пенде шайтанға құлақ аспаса), «құлшылықты кейінге қалдыр» дейді (яғни, «кейінірек орындай саласың» дейді).

3) Егер Алла пендені шайтанның ол айласынан да сақтаса, шайтан пендеге намазын асығыс орындатуға тырысады.

4) Егер Алла Тағала пендені ол айласынан да сақтаса (пенде намазын байыппен, асықпай орындаса), құлшылық-амалына рия араластырып аяқтатуды көздейді.

5) Егер Алла пендесін одан да сақтаса, шайтан оның көкейінде өзіне деген таңданыс сезімін оятуға тырысады ("құлшылығымды қалай керемет орындадым" деген сияқты өзіне деген таңданысын оятуға тырысады).

6) Егер шайтан бұл жолы да Алла Тағаланың пендесін қорғағанын байқаса (яғни, бұл жолы да дегеніне жете алмаса), пенденің ойын бұзып1, оған: «Алла Тағала сенің амалыңды жарыққа шығарады!» - деп айтады, мұндағысы пенденің ішінде «рия» сезімін тудыру. Егер пенде "жасаған ізгі амалдарымды Алла Тағаланың білуі жеткілікті" десе, шайтанның ол арбауынан да құтылады.

7) Пенде егер жоғарыда сайып өтілген алдау-арбаулардың ешқайсысына ыңғай бермей, шайтан дәрмәнсіз болып қалса, ол оған мынадай азғырынды ойлар салуға тырысады: «Саған бұл амалды орындаудың қажеті шамалы. Өйткені, егер Алла Тағала сені «бақытты» пенделердің қатарынан етіп жаратқан болса (яғни, пейішке кіретіндігің жазылып қойған болса), құлшылық жасамауыңның саған еш зияны жоқ («пейіштік» екендігің жазылып қойған болса, амал жасасаң да, жасамасаң да пейіштіксің). Ал, егер, Құдай Тағала сені «бақытсыз» (яғни, тозақтық) жандардың қатарынан етіп жаратқан болса (яғни, тозаққа кіретіңдігін жазылып қойған болса), ол жағдайда сенің жасаған амал-құлшылығыңның саған еш пайдасы жоқ (ол жағдайда тағат-ғибадат жасасаң да, жасамасаң да тозақы боласың)» деген ойлар салады. Егер пенде, Алла қолдап, шайтанның бұл азғырынды ойларына қарсы былай десе: «Мен - құлмын (яғни, Алланың құлымын). Құлға жарасатыны - өзінің қожайынының бұйрығын екі етпеу. Одан кейін қожайыны оған не істеймін десе де, қандай үкім берем десе де, өз еркі!» дейтін болса, Алла Тағаланың тауфиқ беруімен құтылған болады. Болмаса, құриды!2. 


 1 Түп нұсқасындағы осы сөйлемнің тікелей аудармасы: «ғибадаттарын жасырын орындауға тырысып-бағуды бұйырады» делінген, біз оны «ойын бұзып» деп алдық.
2 Имам Ғазали: «Раузатут Толибин», 20 тарау.

Аударған Абдусамат Қасым

0 пікір