Шиіттердің намазының сунниттердің намазынан айырмашылығы
Шиіттердің намазының сунниттердің намазынан айырмашылығы
2 жыл бұрын 14489
Дайындаған Абдусамат Қасым

Шиіттер (шиизм, араб.: شيعة‎ — топ, ағым, секта) — Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) өлімінен кейін пайда болған ағым. Бұлар Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалыққа Әзірет Әли лайық еді деп, Әбу Бәкір және Омардың халифалығын мойындамаған. Бірнеше сахабаларға мұнафиқтық сипатын тағып, Айша анамызды зинақорлықпен айыптады. Шиизм бағыты тарихта ең көп жалған хадистер шығарған ағым ретінде белгілі. Исламдағы суннит бағытымен ұштасатын діни мәселелері болғанымен, көзге батар айырмашылықтары да аз емес. Қазіргі таңда Шиизм бағыты - Иран Ислам Республикасының діни ұстанымы болып табылады. Басқа бір атауы – Рафизия немесе рафизит.

Бүгінгі жазбамызда аталмыш ағымның дәрет және намаздағы кейбір айырмашылықтары жайында мәлімет беріп өтсек деп отырмыз.   

Дәреттегі айырмашылықтар:  

Шиіттерде де дәрет алғанда бет пен қол жуылып, басқа мәсіх тартылу керек, бірақ аяқ жуылмайды, оның орнына аяққа мәсіх тартылады. Сондай-ақ:

1) Дәретте қол жуғанда қолдың ұшынан бастап емес, шынтақтан бастап жуу.

2 Басқа мәсіх жасағанда қолда қалған дымқылдықпен маңдайға (бастың алдыңғы бөлігі, төбесі) жасау уәжіп. Бізде де ең аз бастың төрттен біріне мәсих жасау парыз, бірақ тек маңдайға ғана масих тарту керек деген шарт жоқ.

3) Дәретте құлақты сүртіп мәсіх тарту мұстахаб емес.

4) Дәретте аяқты жумай, қолдағы қалған дымқылдықпен жалаң аяқтың үстінен мәсіх тарту уәжіп. (Бізде аяқтың жуылуы парыз, тек мәсі киген жағдайда мәсіх тартуға болады).

5) Мәсіге еш мәсіх тартылмайды. (Сунниттерде мәсіге мәсіх тартуға рұқсат).

6) Дәрет ағзаларының әрқайсысын бір реттен жуу парыз, екі реттен жуу мустахаб, ал үш рет жуу бидғат (дінде жоқ). (Сунниттерде бір рет жуу парыз, үш рет жуу мұстахаб).

Намаздағы айырмашылықтары:

Шиіттер намаздың уақыттары жайында өзара таласқа түседі. Бірақ бір көзге батар айырмашылығы - шиіттер екі намазды үзірсіз қосып оқи беруге болады деп сенеді. Сондай-ақ:

1) Азан сөздерінде «хайя аляль фәләх» дегеннен кейін «хайя аляль хойриль амал» деген сөзді екі рет қайталайды. Және де «лә иләһә иллаллаһ» сөзін екі мәрте қайталайды. Әрі олар «әшһәду әннә Алияән уәлиуллаһ» деген сөзді де қосады.

2)  Азан айту мәселесінде маңызды айырмашылықтарының бірі - олар мешіттерінде тек үш уақыт азан ғана айтады. Асыр намазына және құптан намазына азан шақырмайды.

3) Шиіттер үш уақыт намаз оқиды. Бесін мен асырды және ақшам мен құптанды қосып оқитындықтан намаз уақыты үш уақытқа қысқарған.

4) Шиіттер «жер» жынысына жатпайтын заттарға сәжде жасауды дұрыс көрмейді. Олар сәжденің топыраққа, тасқа және жерден өсіп шығатын жеуге жарамсыз барлық өсімдіктерге сәжде жасауға болады деп сенеді. Қазіргі таңда мешіттердің бәрінде кілем төселгендіктен шиіттер өздерімен бірге таза кесек немесе тас алып жүреді. Оны олар намаз оқығанда сәжде жасайтын жерге қойып, шекелерін соған тигізеді. Сунниттерде мұндай амал жоқ. Сунниттерде жер болсын, кілем болсын - таза болса болғаны, намаз оқылып, сәжде жасала береді.

5) Шиіттер намазда қол байламайды. Қолды жіберіп оқиды. Суннит жолында Мәлики мәзхабынан өзге үш мәзхабта қол байлау сүннет.

6) Фатиха сүресінен кейін «әлхамдулилләһ» дейді. Ал сунниттер «әмин» дейді.

7) Рукуға барарда және рукуғдан бас көтеріп сәждеге барарда «Аллаһу әкбар» деп қолды құлақ тұсына дейін көтереді.

8) Таң намазының екінші рәкәғатында «Фатиха» сүресі мен «зам» сүресін оқығаннан кейін тұрған күйі қол жайып «Құныт» дұғасын не т.б. дұға оқып, сосын рукуға барады.

9) Намаз соңында сәлем бергенде мойнын екі жаққа бұрмайды.

10) Шиілерде ғайб болған имам келгенге дейін жұма намаз оқылмайды.

11) Шиіттерде күнәһар пенденің артында ұйып намаз оқуға болмайды. Сол себепті, Иран еліндегі біраз шиіт мешіттерінде балиғатқа толмаған жас баланы имамның алдына шығарып, оған имам ұйыды, ал имамға жамағат ұйыды екен. Шиіттер сунниттерді күнәһар санайтындықтан, сүннит мұсылманның артында тұрып намаз оқымайтынға ұқсайды.

12) Намазда жүре беруге болады.

13) Намазда оқуға болмайтын кейбір сүрелер бар, оларды оқыса намаз бұзылады. Мысалы «Хамим» сүресі, «сәжде» сүресі және басқа үш сүре.

14) Мәліметтерге қарағанда намаз оқып тұрып ішіп-жей беруге болады-мыс. Аллаһу аъләм. 


 

Пайдаланған әдебиеттер:

«Маъаль Иснә ъашрия». Доктор Али Салуси.
«Тухфатуль Иснә ъашрия»: Ғұлам Хаким әд-Дәһләуи.

0 пікір