Сопылардың Пайғамбарымыздың сүннетімен жүру жайында айтқан сөздері мен пікірлері
Сопылардың Пайғамбарымыздың сүннетімен жүру жайында айтқан сөздері мен пікірлері
4 жыл бұрын 3987
Имам Жәләлуддин әс-Суюти (м 1445-1505 ж.)

 

Зуннун әл-Мысри (ө. х. 245/ м. 859) былай деген[1]:

«Алланы жақсы көрудің белгісі – Алла елшісінің ахлақына (әдеп-тәрбиесіне), әрекеттеріне, өмірі мен сүннетіне сай жүру».

Әбу Сүлеймен әд-Дарани де (ө. х. 215/ м. 830 ж) бір сөзінде[2]:

«Бір қауымның әсерлі сөздері күндер бойы жүрегімді тебірентуі мүмкін. Бірақ оны екі әділ куәгерлерсіз қабылдамаймын. (Ол екі куәгер): Құран мен сүннет»[3], - деген.

Әбуль Хусейн Ахмад ибн Әбуль Хауари болса (ө. х. 230/ м. 844 ж) былай дейді:

«Кімде-кім Алла елшісінің сүннетімен жүрместен амал істейтін болса, оның амалы босқа кетеді»[4].

Әбу  Хафс Омар ибн Мүсәлләма әл-Хәддәттың (ө. х. 270/ м. 863 ж) былай деп айтқандығы риуаят етілген:

«Әрдайым өзінің істері мен хал-ахуалдарын Құран мен сүннеттің өлшеміне салмайтын және көңілінен өткендерді (сол екі негіз бойнша) тексеріп тұрмайтындарды адам қатарына санамаңдар»[5].

Жүнейд (ө. х. 297/ м. 909 ж) былай дейді:

«Алла елшісінің ізімен жүргендерден басқаларға барлық жолдар жабық.  Бұл мәселеде Құран жаттамағандардың және хадис жазып үйренбегендердің соңынан ермеу керек. Өйткені, біздің бұл іліміміз (тариқат жайындағы түсінігіміз) Құран және сүннетпен өлшенеді (мұқайяд). Біздің жолымыз Құран мен сүннеттің негізіне қаланған»[6].

Әбу Осман әл-Хири болса былай деген:

"Алла Тағаламен жолдастық құрудың жолы (сұхба) – көркем әдеппен, Алладан қорқумен және әрдайым Оның бақылауында екендігін білу арқылы болмақ. Расулалламен жолдастық құру – оның сүннетімен жүру және ілімнің ашық-анық жөнін ұстану".

Және Әбу Осман былай дейді:

«Кімде-кім сөз сөйлегенде болсын, іс-әрекетінде болсын сүннетті басшылыққа алса, аузынан даналық сөз шығады. Ал, кімде-кім нәпсісін басшылыққа алса, бидғат (сүннетке қайшы) сөздер сөйлейді. Өйткені, Алла Тағала Құранда: «Ал егер Пайғамбарға бойсұнсаңдар, тура жол табасыңдар» деп бұйырған»[7].

Әбу Осман ауыр халде жатқанда баласы Әбу Бәкір қайғырып өз киімін өзі жыртып тастайды. Сол кезде әкесі Әбу Осман көзін ашып, ұлына: «Ұлым, мына әрекетің сыртқы тұрғыда (сыртқы амалыңда) сүннетке қайшы.  Ішкі тұрғыда (ішкі жан дүниесінде) болса, риякерліктің белгісі» деген екен.

Әбуль Фәуарис Шах ибн Шужаъ әл-Кәрамани былай деген:

«Кім көзін харамдардан сақтаса, нәпсінің жетегінде кетіп қалмай өзін ұстаса, ішкі жан дүниесін «жалғасымды мұрақабамен» құраса, сыртқы дүниесін сүннетке сай жасаса, әрі адал ас жеуге өзін әдеттендірсе, онда ондай адамды парасаттылығы (көрегендігі) қателестірмейді»[8].

Әбуль Аббас Ахмад ибн Мұхаммед ибн Сәһл әл-Әдәми:

«Кім өзін шариғат әдебіне сай тәрбиелесе, Алла Тағала оның жүрегін «мағрифат нұрымен» нұрландырып қояды. Өзінің іс-әрекеттері мен тәлім-тәрбиесінде сүйікті пайғамбарымыздың ізімен жүруден асқан мәртебелі мансап жоқ».

Әбу Хамза әл-Бағдади[9]:

«Кім хақ жолын үйретсе, ол жолмен жүруі оңай болады. Аллаға апарар жолды көрсетер бір ғана белгі бар. Ол – бүкіл сөздерінде, істерінде және хал-ахуалдарында Пайғамбарымыздың ізімен жүру».

Әбу Исхақ Ибраһим ибн Дәуід ар-Рақий[10]:

«Аллаға деген махаббаттың белгісі: Алла Тағалаға бойсұнуды барлық нәрседен жоғары тұту, сондай-ақ, Оның пайғамбарының ізімен жүру (саллаллаһу алейһи уә сәлләм)».

Әбуль Қасим ән-НасроБәзи:

«Тасаууфтың негіздері (сопылықтың негіздері): Құран мен сүннетке берік болу, нәпсіқұмарлық пен бидғаттарды тәрк ету, шейхтардың тәлім-тәрбиесіне құрмет көрсету, халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету, зікір-таспихаттарды үнемі орындап жүру, рұқсаттармен амал етуді тәрк ету және тәуиләт жасауды тәрк ету».

Әбу Исхақ Ибраһим ибн Ахмад әл-Хауасс:

«Сабыр дегеніміз: Құран мен сүннеттің үкімдерімен жүру жолында табандылық көрсету».

Әбу Али әд-Дәққақ:

«Әл-Футууа дегеніміз – сүннетпен жүру».

Әбу Әли ад-Даққақ мынадай бір оқиғаны әңгімелейді:

«Әбу Язид әл-Бистәми күндердің бірінде әулиелікпен сипатталатын (жүрт әулие деп жүрген) бір адаммен жолығу үшін жолға шығады. Әулиенің мешітіне барып, оның шығуын күтіп отырады. Күткен адамы шығады.  Алайда әлгі кісі мешіттің ішінде түкіреді. Ол қылығын байқап қалған Әбу Язид оған сәлем де бермей, дереу орнынан тұрады да ол жерден кетіп қалады. Содан кейін Әбу Язид: «Алла елшісінің әдебін дұрыс орындай алмай жүрген адамға хақтың сырлары жайында қалай сенім артуға болады» деген тоқтамға келеді».

Әбу Хафсаның айтуы бойынша Мәуләсына (Құдайына) «тәуәссул» етудің ең көркем жолы – құлдың барлық жағдайда үнемі Аллаға мұқтаж екендігін білуі, барша амалдарын сүннетке сай орындауы және нәпақасын адал жолмен іздеуі арқылы мүмкін болмақ[11].

Әбу Нуъайм өзінің «әл-Хулия» атты еңбегінде Сәһл ибн Абдуллаһтың былай деп айтқанын жеткізеді:

«(Тариқат жолында жүретін) біздердің алты ұстанымымыз бар. Олар: Алла Тағаланың кітабын берік ұстану, Расулалланың сүннетімен жүру, адал ризық жеу, біреуге жапа шектіруден сақтану, күнәлардан ұзақ тұру, өзгелердің ақысын жемеу. Кімде-кім Алла елшісінің жолымен жүретін болса, соны басшылыққа алса, оның жүрегі басқа нәрселерді қаламайды және оның жүрегі Алла мен Пайғамбарға деген махаббаттан өзге нәрсеге бұрылмайды»[12].

«Мифтәхуль Жәннә филь Ихтижәж бис сүннә» атты кітабынан.
Араб тілінен аударған: А. Қасым. 



[1] Сәубан ибн Ибраһим. (әл-Фаиз ибн Ибраһим). 
[2] Сүлеймен ибн Атия ад-Дарани. Даран – Шам жеріндегі бір ауылдың аты.
[3] «Рисәләтуль Құшайрия». 42 .
[4] Рисәләтуль Құшайрия. 45.
[5] Рисәләтуль Құшайрия. 45.
[6] Рисәләтуль Құшайрия. 51.
[7] Рисәләтуль Құшайрия. 106. (Нұр сүресі, 54 аят.)
[8] Рисәләтуль Құшайрия. 59.
[9] Әбу Хамза әл-Бағдади әл-Бәззәз. Жүнейд Бағдадиден бұрын қайтыс болған. Иса ибн Абанның ұлдарынан-тын. Қырағат ілімінің ғалымы еді. Фиқһ ілімінен де үлесі бар тұғын. Имам Ахмад ибн Ханбал әлдебір мәселеге қатысты Әбу Хамзаға қарап: «Бұл мәселеде не айтасың, суфи достым?» деп одан пікірін сұрап отыратын болған. Хижри 288 жылдары қайтыс болды.
[10] Шам өлкесіндегі үлкен шейхтардың бірі болған. Жүнейд Бағдадидің замандасы.
[11] Риясәләтуль Құшайрия. 382 бет.
[12] Хүлиятуль Әулия. 10/190.

0 пікір