«Уа, балам! Мына дұғаны намаздарыңның соңында айтып жүр!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (соңғы бөлім)
«Уа, балам! Мына дұғаны намаздарыңның соңында айтып жүр!...»: Имам Ғазалидің шәкіртіне айтқан өсиеті (соңғы бөлім)
7 ай бұрын 7531
Аударған Абдусамат Қасым

УА, БАЛАМ!

Осы бөлімде (және өткен бөлімдерде) сенің сұраған дүниелердің бәрін жаздым. Сенің міндетің – сол айтылғандарды амалға асыру. Және де ізгі дұғаларыңа мені де қосып тұруды ұмытпа (яғни, маған дұға жасауды ұмытпа).

Менен сұрағаң дұға-тілектерді сахих хадистерден іздестір. Ал мына дұғаны барлық уақытта, әсіресе намаздарыңның соңында оқып тұр. Ол дұға келесідегідей:

«Уа, бар болуы міндетті болған Алла! Уа, жақсылық пен берекені беруші Алла!

Бізге мейірім нұрын төк. Сені толық тану жолын бізге жеңілдет. Уа, кемшіліктерден пәк болған Зат! Сенің бізге үйреткен ілімнен басқа, бізде ілім жоқ (яғни, сен білдірген нәрселерді ғана білеміз, одан өзгесін білмейміз). Сенің біздің көңілімізге салған білімден басқа, бізде білім жоқ. Шынында Сен – өте білгір, аса данасың!

Уа, Алла! Сенен - нығметтің толығын, қорғанышыңның жалғасымды болуын, мейіріміңнің әр нәрсені қамтуын, деннің саулығын, өмірдің баяндылығын, ғұмырдың бақытын, несібенің толықтығын, нығметтің кемшіліксіз болуын, ырзық-несібенің ең дәмдісін (немесе ең сіңімдісін), сыйыңның ең пайдалысын сұраймын.   

Уа, Алла! Бізбен бірге бол. Бізге қарсы болма (яғни, бізге жақсылық бер, жамандық берме)!

Уа, Алла! Бізге ақ өлім бер. Үміт еткен нәрсемізге артығымен қол жеткіздір. Күндіз де, түнде де бізді саламаттықтан айырма. Біздің барар жеріміз де, табан тірейтін жеріміз де Сенің рақымдылығың болсын.

Уа, Алла! Кешірім ыдысыңды біздің күнәларға төңкер. Айыпты жерлерімізді дұрыстауымызға жәрдем бер. Тақуалық – азығымыз болсын. Ыждағатымыз бен күш-қайратымыз сенің дінің үшін болсын. Уа, Алла! Таянышымыз да, сүйенішіміз де, бір өзіңсің. Оралар жағымыз – сенің ризалығың!

Уа, Алла! Бізді туралықтан айнытпа. Бізді тұрақты мекенге орналастыр. Қиямет күні бізді өкіндіретін істерді осы дүниеде істеуден сақта. Мойнымыздағы ауыр жүкті жеңілдет. Біздерге салиқалы кісілердің өмірін нәсіп қыл. Жаман адамдардың жаманшылығынан және залымдардың бәле-жаласынан бізді қорғап, бізден оларды ұзақтат.

Бізді және біздің әкелерімізді, аналарымызды, бауырларымызды оттан азат қыл (сақта)! Уа, аса Қадірменді! Уа аса кешірімді! Уа, Кәрім! Уа, кемшілікті жасырушы Саттар! Уа, жұмсақ мейірбан! Уа, Жаббар! Уа, Алла! Уа, Алла! Сенен рахымдылығыңды сұраймыз, ей, рахымдылардың рахымдысы болған Алла!»

Осымен Уәһһаб болған Иеміздің жәрдемімен және Оның жақсылыққа бастаған тауфиқымен кітабымыз тәмәм!(1) - Имам Ғазали (рахимаһуллаһ).


(1) Бұл аудармалар (17 бөлім) - Имам Ғазалидің «Әюһәл Уәләд» атты араб тіліндегі кітабының 2014 жылы «Дәруль Минһәж» баспа үйінен  басылып шыққан нұсқасынан жасалды (Бейрут-Ливан). Және аудармамыздағы сілтемелер де кітаптың арабша нұсқасына тиесілі. Әлхамдулилләһи раббиль аләмин! 

0 пікір