"Алланың мекені жоқ, тарапы жоқ" дегенге дәлелдер
"Алланың мекені жоқ, тарапы жоқ" дегенге дәлелдер
2 жыл бұрын 4011
Дайындаған Абдусамат Қасым

Әһли сүннә уәл жамағат жолы «Жаратушы мен жаратылғандар арасында титтей ұқсастыққа жол бермеу» деген ұғымды білдіретін - «тәнзиһ» сенімін ту етеді. Сондықтан да, Аллаға Тағаланы «көкте деу» немесе «аршта отыр» деу яки «жоғарыда» деу - «тәнзих» сеніміне көлеңке түсіретіндіктен, ондай уәждер қабыл етілмейді. Алла Тағала мекенге де, заманға да тәуелді емес. Мекендер де, замандар да жоқ кезде Ол бар тұғын. Алланың мекені бар деу адамды кәпір етеді. Мұндай мазмұндағы аят-хадистер кездесіп жатса, Әһли сунна ғалымдары олардың беткі мағынасын алмай, «тәнзиһ» негізінде түсінуге талпынған.

Алла Тағаланың мекені жоқ және ешқандай тарапта емес дегенге дәлелдер айтар болсақ, кітаптарда мынадай дәлелдер келтіріледі:

1) «Алла Тағалаға еш нәрсе ұқсамайды». (Құран Кәрім: «Шура» сүресі, 11 аят). Яғни, ешқандай жаратылған зат ешбір жөнінен Алла Тағалаға ұқсамайды деген сөз. Алла Тағала жаратылыстар сияқты әлдебір жерде орналаспаған және Ол жаратылыстар сияқты әлдебір тарапта емес. Әзіреті Әлидің де айтқаны сияқты: «Алла Тағала бар еді. Мекені жоқ еді. Ол бұрын қандай болса қазірде сондай (өзгеріссіз)». (Әбу Мәнсур әл-Бағдәди риуаят еткен).

Сондай-ақ, аталмыш аятта Құдай Тағаланы «жаратылысқа теңеуден» және Оны «жаратылысқа ұқсатудан» тыйып отыр. Ал «мекені бар» немесе «әлдебір тарапта орналасқан» десек, біз Алла Тағаланы жаратылыстарға ұқсатқан боламыз.  

Және де осы аятта «шәй’ун» сөзі келген. Бұл қазақшадағы «нәрсе» деген мағынаға саяды. Аталмыш аяттың арабша нұсқасында ол сөз - «болымсыз» сөзден кейін «белгісіз» түрде келіп отыр. Ал Араб тілінің қағидасы бойынша «қандай да бір белгісіз түрдегі зат есім, егер болымсыз сөзден кейін орын алса, ол сөз жалпылама бәрін қамтушы мағынаны білдіреді». Сонда аяттағы «нәрсе» сөзі – ешбір нәрседе ұқсамайды деген ұғымда айтылып тұр: Әлдебір жерді мекендеу жөнінен де, әлдебір тарапта орналасу жөнінен де, жоғарыда, не, төменде болу жөнінен де ешбір зат Аллаға ұқсамайды.

2) «Мысалдың ұлығы - Аллаға тән». («Нәхл» сүресі, 60 аят). Яғни, Алла Тағаланың сипаты - өзге жаратылыстардың сипаттарына ұқсамайды. Алла Тағалаға жаратылыстардағыдай – «өзгеру», «бір жағдайдан екінші жағдайға ауысу», «әлдебір тараптан орын алу», «әлдебір орында орналасу» деген сияқты сипаттар тән емес.

3) «Алланы еш нәрсеге теңемеңдер. Негізінде Алла әр нәрсені біледі, сендер білмейсіңдер». («Нәхл» сүресі, 74 аят). Яғни, аятта Алла Тағаланы өзге жаратылыстарға ұқсатпаңдар делініп тұр. Алла Тағаланың ұқсасы жоқ, оның теңі жоқ. Оның заты да, сипаттары да жаратылыстардікіне ұқсамайды. Ал егер Алла Тағалаға қатысты - «мекені бар», «аршта отырады», «жоғарыда орналасқан» деген сияқты сипаттар тағатын болсақ, Оны өзге жаратылыстарға теңеген боламыз. Бұл күпірлікке жетелейтін өрескел қате болмақ.

4) «Оған тең келер ешкім жоқ». («Ықылас» сүресі, 4 аят). Яғни, Оған ұқсас еш нәрсе жоқ.

5) «Ол Алла – әуелгі және соңғы. Ол көрнеу, әрі көмес». («Хадид» сүресі, 3 аят). Яғни, мекен, заман және тараптар жаратылмай тұрғанда да Ол бар еді. Ол – әзәлден бар. Ол – мәңгі. Мекендер мен тараптар жойылып, жоқ болып кетсе де Ол бар болып, өзгеріссіз тірі күйінше бола береді. Егер Алла Тағаланы әлдебір мекенде десек немесе жоғарыда десек, қияметте олар жойылып кеткенде Алла Тағала қайда болады? Немесе олар жоқ кезде Алла Тағала қайда еді? Ендеше Алла Тағалаға мекен беру немесе "жоғарыда" деп оған тарап беру, аятқа да, ақылға да теріс.

6) «Алла көктерде де, жерде де». («әл-Әнъам» 3 аят).  

7) «Қай жаққа бет бұрсаңдар да Алланың жүзі сол жақта». («Бақара» сүресі, 115 аят»). Осы аятқа жасаған тәпсірінде Әбу Хаян әл-Әндулуси деген тәпсірші былай деп өтеді: «Бұл аят "Құдай әлдебір мекенде орналасқан" немесе "Құдай әлдебір тарапта орныққан" деген сөздерді жоққа шығарады. Өйткені аталмыш аятта Алла Тағаланың «Қай жаққа бет бұрсаңдар да...» деп, "бет бұру" ісінде «барлық жақты» таңдап айтып отыруы – оның әлдебір тарапта емес әрі қандай да бір мекенде емес екендігін білдіреді. Себебі, егер ол әлдебір тарапта орналасқан болғанда (мысалы жоғарғы тарапта), онда сол өзі тұрған тарапқа жөңелуді айтар еді. Ал ешбір жөнді арнайы айтпай, барлық жөнді айтқанына қарағанда, бұл Оның әлдебір тарапта емес екендігін әрі ешқандай мекенде орналаспағандығынкөрсетеді» - дейді тәпсірші ғалым.

8) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мынадай дұғасы бар: «Сен - Зоһирсың (көрнеуді көріп-білуші), жоғарыңда еш нәрсе жоқ. Сен - Баатыйнсың (көместі көріп-білуші), төменіңде еш нәрсе жоқ». («Сахих Мүслім»). Осы хадиске қатысты Имам Бәйһақи (рахимаһуллаһ): «Біздің кейбір жолдастар аталмыш хадисті Алланың мекені жоқ дегенге дәлел қылады. Өйткені Алла Тағаланың жоғарысында еш нәрсе жоқ болса және төменінде еш нәрсе жоқ болса, демек Ол (Алла) – әлдебір мекенде емес» - деп түсіндірме береді. (Имам Бәйһақи: «әл-Әсмә-у уас-Сыйфәт» - Бәбу мә жәә филь ъаршиль курсий).

9) Пайғамбарымыз (с.а.у.) тағы бір хадисінде: «Пенде Раббысына ең жақын болатын кезі – сәждеде. Сәждеде дұғаны көбейтіңдер» - деген. («Сахих Мүслім»). Осы орайда Алла Тағаланы аспанда деушілер «Күң хадисін» дәлел ретінде көлденең тартады. Алайда ол хадис әлсіз хадис болғандықтан «Аллаға мекен беру» сияқты өте күрделі мәселеге дәлел бола алмайды. (Күң хадисі жайында Қ. Жолдыбайұлының «Күң хадисіне талдау» атты мақаласын оқуды кеңес етеміз).

10) Имам Харамейн әл-Жуәйни былай деген: «Хақ иелерінің жолы түгелдерлік - Алла Тағаланың әлдебір мекенде орын теппеген және тараптардың бірінде орналаспаған дегенге негізделген». («әл-Иршәд»).

11) Атақты тәпсірші ғұлама Фәһруддин ар-Рази де былай дейді: «Алла Тағаланың бізбен бірге әлдебір мекенде емес екендігінде немесе әлдебір тарапта емес екендігінде ижма бар». («әт-Тәфируль Кәбир»).

12) Ибн Жәһбәл былай деген: «Әһли сунна жолының ақидасын айтар кезде біз былай дейміз: «Біздің сеніміз бойынша, Алла Тағала – әзәли. Ол еш нәрсеге ұқсамайды, Оған да еш нәрсе ұқсамайды. Оның белгілі тарапы жоқ. Оның мекені жоқ». (Табақатуш Шәфиъиятиль Кубра»).

13) Фәхруддин ибн Ъасәкир былай деген: «Шынында Алла Тағала жаратылыстардан бұрын бар еді. Оның әуелі жоқ, соңы жоқ. Оның жоғарысы жоқ, төмені жоқ. Оң жақ, сол жақ, алды, арты деген тараптар оған тән емес» деген. Ибн Ъасәкирдің сөзін келтіргеннен соң Ибн Сәбки былай деп өтеді: «Осы сенім – суннит ғалымдарының ешқайсысы жоққа шығармайтын соңғы сенім» - дейді. Яғни, ижма бар деген сөз[1].

14) Мулла Алиюль Қари былай дейді: «Алдыңғы және кейінгі буын ғалымдардың көпшілігі Алланың тұсы бар деп сенушіні кәпір деген. Бұл жайында Қирафи ашық айтқан. Және оның айтысына қарағанда, бұл – Әбу Ханифаның, Мәлик пен Шафиғидың, Әшғари мен Бақиланидың сөздері». («Мирқат»).

Қорытындылай келе, Алла – ұлық. Ол – әр нәрседен биік. Оның «әл-Аалии» сипаты бар. Оның дәрежесі барлық нәрседен биік тұрары сөзсіз. Бірақ, Ол «жоғарғы тұста» емес. «Жоғарғы тұста» немесе «төбеде» орналасқан десек, Жаратушыға тарап берген боламыз. Ал, Аллаға тарап беру - оның мекені бар дегенді білдіреді, мұны ертеректегі ғалымдарымыз – күпірлік деген. Және де, егер біз жоғарыға қол жайып, дұға ететін болсақ, онымыз аспанда орналасқан дегендік емес, Жаратушы Иеміздің ұлықтығының нышаны. Асқақ мәртебесенің белгісі. Бүкіл сүннит ғұламалары Алланың тарапы жоқ, яғни, әлдебір тарапта орналаспаған және мекені жоқ, әлдебір мекенде орын теппеген деген ережені бір ауыздан қабылдаған, осының айналасында бәрі түгел біріккен. Мұнда «ижма» бар. Хадисте: «менің үмбетім адасушылықта бірікпейді» дейді. Сондықтан да, өзін Әһли сунна жолындамын деп санайтын әрбір мұсылман - Алла Тағалаға тарап беруден немесе оған әлдебір мекен беруден аулақ болғаны жөн екен. Олай болмаған жағдайда, адасушылық жолын таңдаған болып, о дүниеде жағдайы мүшкіл болуы мүмкін.

Алла Тағала баршамызды тура жолынан адастырмасын!


[1] Келтірілген дәлелдер "Ғоятуль баян" атты кітаптан алынды (араб тілінде).  

0 пікір