"Адамдардың мәртебесі періштелерден биік!": Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ)
"Адамдардың мәртебесі періштелерден биік!": Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ)
2 жыл бұрын 2142

Имам Әбу Хафс ән-Нәсәфи өзінің ақидаға жазған шағын еңбегінде былай деп өтеді:

«Адамзаттан шыққан пайғамбарлар – періштелерден болған пайғамбарлардан абзал (мәртебесі биік). Періштелерден болған пайғамбарлар – жалпы адамзаттан абзал. Ал жалпы адамзат – жалпылама періштелерден абзал»[1].

Имам Нәсәфидің бұл тақырыпты қозғауының себебі, ерте замандарда белең алған Мұғтазилия атты діни-философиялық ағым өкілдері «Періштелердің бүкіл адамзаттан және пайғамбарлардан артық» екендіктерін айтқан. Бұлардың бұл пікірлеріне қарсы Әһли сүннет ғалымдары адам баласының періштелерден биік тұратынын дәлелдеп, Құран аяттарына лайық ұстанымның осы екенін білдірген.

Имам Нәсәфидің сөзіндегі «періштелерден болған пайғамбарларға» - Жәбірейіл (ғ.с.), Исрафиль (ғ.с.), Әзірейіл (ғ.с.) және Микәил (ғ.с.) періштелері жатады. Бұл аталмыш періштелер, адам пайғамбарлардан дәрежесі төмен болғанымен, жалпы адамдардан дәрежелері биік. Ал жалпы адамзаттың мәртебесі – пайғамбар емес періштелерден биік.

Күнәға белшесінен батып жүрген пенде де періштелерден артық па?

Енді осы жерде «адамдар әртүрлі болады, олардың ішінде әулиесі де бар, күнәға белшесінен батып жүргендері де бар, бұларды да періштеден артық дей аламыз?» деген сауал ойға оралады.

Имам Нәсәфидің «жалпы адамзат...» деген сөзіне кей кітаптарда: «харам істерден ұзақ жүретін салиқалы тақуа пенделер» деп шектеу қояды[2], сондай-ақ, күнәсіна тәубе етіп дұрысталған пенде де Алланың сүйікті құлдары қатарынан орын алатындықтан, оның да дәрежесі періштелерден жоғары тұрары анық.

Жалпы адамдардың періштелерден мәртебесі биік екендігіне Құраннан дәлелдер келтірер болсақ:  

1) Алла Тағала періштелерге Адам ғалейһиссәләмға сәжде етуді бұйырған: «Біз періштелерге: Адамға сәжде жасаңдар!» деп айттық, Ібілістен басқасы сәжде етті. Ал Ібіліс бас тартып тәкәппарланды, сөйтіп кәпірлерден болды»[3]. Сәжде кімге жасалады? Сәжде өзінен мәртебесі биік затқа жасалады, демек адам баласы періштелерден биік. Сондай-ақ, «Исра» сүресінде Ібіліс шайтанның Алла Тағалаға: «Менен ардақты көрген мынауыңды көрдің бе!...» - деп айтқан сөзі келтіріледі. Осы аяттан да Жаратушы Иенің адам баласының мәртебесін періштелерден биік қылғанын көруге болады.

2) Алла Тағаланың періштелерге білдірмеген нәрселерді Адам ғалейһиссәләмға білдіруі. Бұл да адамның періштелерден жоғары екендігін көрсетсе керек. Құран Кәрімде былай делінеді: «Алла Тағала Адамға барлық нәрсенің аттарын үйретіп, кейін оларды періштелерге көрсетті де: «Егер шыншыл болсаңдар, осы нәрселердің аттарын маған айтып беріңдерші!» деді»[4].

3) Құран Кәрімде адам баласының өзге жаратылыстардан артық екендігі жөнінде былай делінеді: «Расында Адам баласын ардақты қылдық. Сондай-ақ оларды құрылықта да, теңізде де тасыдық әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік, һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен артық көрдік»[5].


[1] Тәфтәзәни: «Шәрхуль Ақидәтин Нәсәфия».
[2] Абдульмәлик ибн Абдуррахман әс-Сәъди: «Шәрху әл-Ъақаидин нәсәфия». №287 бет.
[3] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 34 аят.
[4] Құран Кәрім: «Исра» сүресі, 62 аят.
[5] Құран Кәрім: «Исра» сүресі, 70 аят.

Дайындаған Абдусамат Қасым
0 пікір