Нәсәфи ақидасы: Әр нәрсенің тұрақты болмысы бар (01-тарау/1-бөлім)
Нәсәфи ақидасы: Әр нәрсенің тұрақты болмысы бар (01-тарау/1-бөлім)
9 жыл бұрын 7224
Абдусамат Қасым
«Нәсәфи ақидасы» - әһли сүннет сенім негіздеріне қатысты мәселелерді қысқа әрі нұсқа беріп өткен кітапшаның аты. Бұл кітап - қысқалығына қарамастан Матуриди ақида мектебінің негізінде жазылған «Ислам сенімі» туралы маңызды еңбектердің бірі болып есептеледі. Күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған бұл кітапқа көптеген ғалымдар тарапынан түсіндірмелер жазылды.
«Нәсәфи ақидасы» атты кітапшаның авторы - Орта Азиядан шыққан Ханафи мәзхабының беделді ғұламасы, фиқһ әрі хадис ғылымының білгірі және тәпсірші ғұлама Әбу Хафс Нәжмуддин Омар ибн Ахмәд ибн Лұқман ән-Нәсәфи әл-Ханафи. Миләди жыл санауы бойынша 1067-1142 жылдары аралығында өмір сүрді. Туып өскен жері Нәсәф қаласы (қазіргі Қарши қаласы, Өзбекстан). Кітаптың аты автор атымен байланыстырылып «Нәсәфи ақидасы» деп аталған. Яғни, «Нәсәфи жазған ақида кітабы» дегенді білдіреді.
"Әр нәрсенің тұрақты болмысы бар". (01-тарау/1-бөлім)

Бисмилләһир рахманир рахим.

Имам ән-Нәсәфи (Алла оны өз мейіріміне бөлесін) былай деді:

«Хақ иелерінің айтуынша, әр нәрсенің тұрақты болмысы бар. Және оларды (болмысты) танып-білу - әбден мүмкін. Софистер бұған қосылмайды».

Түсіндірме:

Хақ иелері, яғни, әһли сүннет уәл жамағат жолындағылар айтады: «әр нәрсенің ақиқаты және ажырамас болмысы бар. Мысалы, адамның өзге хайуандардан ажыратып тұратын болмысы – оның сөйлеуі, ойлауы. Тастың да өзінің болмысы мен табиғаты бар. Біз сол табиғатын танып-білу арқылы тастың тас екенін білеміз.

Бір сөзбен айтқанда, әр нәрсенің өз болмысы бар екендігі ақиқат. Олардың бар болуы біздің санамызға тәуелді емес, біздің қиялымызға бағынышты емес. Ал, ненің не екенін көзбен көріп немесе басқа да жолдармен танып-білу арқылы ұғынамыз. Мысалы, үстөлдің формасын көзбен көріп танысақ, әтірдің хош иісін иіскеу арқылы танып-білеміз.

Софистер дегеніміз б.з.б. V-ғасырда пайда болған ежелгі грек философия мектептерінің бірі. Софистер айналадағы заттардың, адам, жануар т.б. түрлі нәрселердің бар екендігін жоққа шығарған. Барлық нәрсе қиял деп түсіндірген. Софистердің өздері үшке бөлінген:

1. «Ъинадия» деген тармағы әр нәрсенің ақиқи болмысын жоққа шығарып, болмыс деп жүргеніміз әркімнің қиялынан туындайтын тек фантазияның жемісі ғана деді. Мысалы, көз алдымызда тұрған ғимарат шындығында біздің қиялымыздың нәтижесі. Шындап келгенде ол ғимарат жоқ. Ақиқатты қырсығып мойындамағандары себепті оларды «Ъинадия-қыңыр, қиқарлар» деп атаған.

2. Софистердің «Ъиндия» дейтін екінші тармағы әр нәрсенің болмысының бар екенін мойындағанымен, тұрақты емес, өзгермелі деді. Әркімнің ұғымына, түсінігіне бағынышты деп тұжырымдады. Мысалы, алдымызда тұрған ғимарат біреуге кірпішпен соғылған болып көрінетін болса, келесіге басқа бір материалдан соғылған болып көрінуі мүмкін. Егер, бір нәрсені қатты деп сенсек, ол – қатты. Алайда, басқа біреуге ол жұмсақ болуы мүмкін. Басқа бір нәрсені өткінші деп сенсек, солай қабылдасақ ол - өткінші, мәңгі десек - мәңгі. Әсел кейбір адамға тәтті болып көрінсе, кейбір адамға ащы болып көрінуі мүмкін. Әркімнің психикасына, қиялына тәуелді. «Менің пікірімше бұл былай, сенің пікірінше ол басқаша» деп айтуды әдетке айналдырғандықтары үшін оларды «Ъиндия» деп атады.

3. Софистердің тағы бір тармағы - «Лә-әдрия». Бұлардың пайымдауынша, әр нәрсенің тұрақты, өзіне тән болмысы бар ма, жоқ па оны біз білмейміз. Оларды нақты танып-білу мүмкін емес. «Лә адри – нақты білмеймін» дегендіктерінен оларды «Лә әдрия» деп атап кетті. Және күмәнмен қарағандықтары себепті де «мүшәккикун-күмәншілдер» делінді[1].

Әр нәрсенің болмысын жоққа шығару немесе болмысына күмәнмен қарау түптеп келгенде Жаратушының барлығын жоққа шығаруға алып келеді. Оның ақиқаттығына күмәнмен қарап, өтіріксінуді тудырады.

Бұнымен қатар, айналадағы болмысты, күнді, айды, жалпылама тіршілікті өз алдына бар болмысын мойындамау, тек, қиялдың нәтижесі деу – өмірдің бар екендігін мойындамау болып табылады. Үйлену, ұрпақ көбейту, қоғамға, адамдарға қызмет ету деген нәрселердің бәрі құр бос қиялдың жемісі, шындығында ол нәрсе жоқ дегенге саяды. Өмірге шынайы көзқараспен емес, бейнебір қиялмен қарауды туындатады. Бұл қоғамның ары қарай дамуына, өміршеңдігіне кедергі келтірері анық.

Әр нәрсені тек қиялдың жемісі деп білген кісіге, Алланың бар екендігін, оның ақиқаттығын және Жаратушының бірлігін ақылмен танып-білуге болатындығын түсіндіру мүмкін емес.

Бүгінгі сөзімізді Жаратушы Иеміздің мына бір аятымен аяқтайық:

«Жеті қат көкті, жерді, ондағы нәрселерді Біз тек шындық негізінде жараттық...»[Хижр сүресі, 85-аят.]. (Жалғасы бар...).


Пайдаланған әдебиеттер:
1.Әбу Муъин ән-Нәсәфи: Табсиратуль әдиллә. 1/20 бет.;
2.Имам Тафтазани, Шарху Ақидатин насафия.
 

0 пікір