Нәсәфи ақидасы: Періштелер - ер немесе әйел болып бөлінбейді
Нәсәфи ақидасы: Періштелер - ер немесе әйел болып бөлінбейді
4 жыл бұрын 3054
Доктор Абдульмәлік ибн Абдуррахман әс-Саъдий

والملائكة عباد الله تعالى العاملون بأمره، لا يوصفون بذكورة ولا أنوثة

«Періштелер – Алла Тағаланың әмірін орындаушы құлдары. Олар ер немесе әйел болып бөлінбейді». Имам Нәсәфи (рахимаһуллаһ)

 


Жекелеген сөздердің ұғымы:

*Періштені араб тілінде «Мәләк» дейді. Көпше түрі: «Мәлә’икә».

** Мәләк (періште) атауы – жолдау, хат деген ұғымдарды білдіретін «Әлүкә» (أَلُوكَةٌ ) сөзінен шыққан. Өйткені, періштелер Құдай мен адамдар арасындағы дәнекерші. Олар Құдай Тағаланың адамдарға жолдайтын елшілері немесе елшілер (пайғамбарлар) іспетті.

*** Періштенің болмысын кәләмшы ғалымдардың көпшілігі былай деп сипаттаған: Нәзік дене. Әртүрлі бейнелерге кіру (Бір бейнеден екінші бейнеге ауысып кету) қасиеті бар (көзге көрінбес) жаратылыс.

Хәкімдер болса (философтар) періштені: «Сөйлетін жандардан (адамдардан) табиғаты өзгеше денесіз материя» деп түсіндірген. 

Түсіндірме:

Алла Тағаланың періштелерінің барына сену - парыз. Олар Алла Тағаланың жаратқан жаратылыстарының арасында (сан жағынан) ең көбі. Олар өсіп-өнбейді (бала-шағалы болып, ұрпақ көбейтпейді). Сол себепті, періштелерді кезінде Құрайш (Мекке) мүшріктері сипаттағандай, ер жынысты және әйел жынысты деп сипаттауға болмайды. (Олар ер жынысты және әйел жынысты болып бөлінбейді). 

Оларды Құдайдың қыздары деп есептеуге де болмайды. (Кезінде Мүшриктер періштелерді Құдайдың қыздары деп ойлайтын). Алла Тағала ондай нәрседен пәк, Ол - ұлық, әрі биік. Періштелер – Оның құлдары. Құлдық пен бала болушылық қисынсыз дүние. (Періштенің бір шетінен Алланың құлы, бір шетінен баласы болуы мүмкін емес).

Хақ Тағала періштелері жайында:

«Олар - Одан (Алладан) оза сөз сөйлемейді. Және олар - Оның әмірін орындайды», - дейді. (Құран Кәрім: «Әнбия» сүресі, 27 аят). Басқа бір аятта: «Оның қасындағылар, Оған құлшылық қылудан дандайсымайды да, шаршамайды» делінген. (Құран Кәрім: «Әнбия» сүресі, 19 аят).

Тағы бір аятта тозақ отына қатысты:

«Әй мүміндер! Өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер – күшті әрі қатал. Олар, Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйрылса, соны орындайды», - делінеді. (Құран Кәрім: «Тахрим» сүресі, 6 аят).

Періштелердің түрлері

Періштелер екі топқа бөлінеді:

  1. Міндеті - тек Алла Тағалаға ғибадат ету, оның ұлық есімін пәктеу болып табылатын періштелер тобы. Бұл топтағы періштелер адам баласына қызмет етуге міндеттелмеген. Бұлар Адам ғалейһиссәләмға сәжде жасауға бұйырылмаған. Олар ұлық дәрежелі немесе аса мәртебелі, яки (Аллаға) жақын болғандар.  
  2. Бұл топтағы періштелердің міндеті – адамға қызмет ету. Олардың ішінде кейбір періште уахи жеткізуге тағайындалған, кейбірі жан алуға міндеттелген, кейбірі аспандағы бұлтты жүргізуге, кейбірі өнім өсіруге, тіпті араларында күнді басқару өкілеттілігі және айды басқару өкілеттілігі берілгендер бар, кейбір періштелерге адамды қорғап-қолдап жүру, кейбіріне амалдарды жазып тұру ісі жүктелген. Жәннаттың күзетшісі, тозақтың күзетшісі қызметін атқаратын періштелер де бар т.б.

Періштелерді жоққа шығаруға жол жоқ. Оларды жоққа шығару адамды кәпір етеді, мұнда бүкіл мұсылмандардың келісімі бар. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне сенбесе, шынында ол тым ұзақ адасты".  (Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 136 аят).

 

"Шархуль Ақидатун Нәсәфия" атты кітаптан. (Ықшамдап алынды).
Араб тілінен аударып, дайындаған: Абдусамат Қасым

 

 

0 пікір