"Адамды сүй, Алланың хикметін сез" өсиеті төңірегінде ой-толғау
"Адамды сүй, Алланың хикметін сез" өсиеті төңірегінде ой-толғау
2 жыл бұрын 7624
Асылбек Әуезханұлы

Данышпан Абай атамыз өлеңдерінің бірінде: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» деп толғаған. Байқасақ, заңғар ойшыл атап отырған бұл екі түсініктің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан адамды, ең алдымен, Алланың мың сан хикметінің айқын айғағы болғаны үшін жақсы көруміз керек. 

Кемеңгер атамыздың өлеңіндегі «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген жолдар адам баласының тұла бойы хикметке толы дегенді білдірмей ме? Жаратушы иеміз қасиетті Құранда: «Анығында, адам баласын ардақты еттік» («Исра» сүресі, 70-аят) деген аят келтірген. Ендеше, ұлы Алла тағала осыншалықты әспеттеп жаратқан адамды сүюдің өзі даналықтың бір белгісіндей. Адамнан өзге жаратылыстарда да Алланың хикметтері өте мол.Мәселен, кіп-кішкентай құмырсқадан бастап, алып галактикаларға дейінгі жаратылыстарға бір сәт ой жүгіртіп көрейікші. Осыншалықты алып сарайдағы барша тіршілік иелері бір кісінің баласындай ұйымдасқан, ымыраласқан түрде өз міндеттерін атқаруда. Олардың қай-қайсына назар аударсақ та, сөзсіз Алла тағаланың құдіретіне таң қаларымыз хақ. 

Бір ағаштың тырнақтай дәннен өсіп шығуынан бастап, бұтақ салуы, жапырақ жаюы, жеміс беруі Алланың шеберлігін паш етіп тұрған шындықтар. Хайуанаттар әлемінен де Жаратушы иеміздің ғажайып кереметтерін аңғаруға болады. Олардың сыртқы бітіміндегі бірі-біріне ұқсамайтын үйлесімді сұлулықтары бір бөлек, әрқайсысының күнделікті қажеттіліктері, қорегі қандай шеберлікпен жеткізіліп отыр?! Сондай-ақ қасқыр секілді жыртқыш аңдар болмағанда, жер бетін әлсіз, аурушаң малдардың өлексесі қаптап кетер еді. Осындай табиғи тазалықшыларды жаратқан кім? Тіршіліктегі, міне, осылар секілді теңдессіз жүйеге бағынып тұрған ұлы үйлесімді Алланың хикметі дейміз. Алла дүниеде ешбір нәрсені бекер жаратпаған. Адам баласы өз жаратылысына қарап-ақ Алланың ұлы хикметтерін көре алады. Себебі адам бүкіл жаратылыстың шағын бір макеті іспеттес. Түптеп келгенде көзі бір әлем, құлағы бір әлем, бауыр, бүйрек, өкпесі өзінше бір-бір әлем. 

Олар да ынтымақтаса отырып өз міндеттерін атқаруда. Мысалы, адам денесінің бір мүшесі жарақаттанса, сол жерге зиянды микроптар жиналады. Сөйтіп бүкіл денеге қауіп төнеді. Сол кезде бойдағы клеткалар жиналып, әлгі қауіпті жердің айналасына берік қамал тұрғызады. Тосқауылға жолыққан микроптар тұрған жерінен жылжи алмай, қарақошқылданып, жараға айналып, ақыры денеден аластатылады. Ағзадағы осындай тас-түйін бірлік те Алланың анық хикметі емес пе? Кісіге берілген осы секілді көптеген сырлы сыйларға қарап Алланың құдіретіне бас иеміз. Сөйтіп Алланың жаратқаны ғой деп адамды сүйеміз.

Иә, кейде әлдекім бізге ұнамауы мүмкін. Біреудің сөзі, біреудің қылығы, енді біреудің мінез-құлқы жақпай қалады. Ашуланшақтық, өтірік айту, қызғаншақтық, өсекке бейімдік, атаққұмарлық секілді қасиеттерге бола кейбіреулерден жерініп жатамыз. Бірақ кісінің мінезін жек көрсек те, өзінен безу дұрыс емес. Кез келген адамға қарап көріңізші. Алла оны қандай әдемі жаратқан. Көзі көреді, құлағы естиді, тілі сөйлейді, саусақтары икемді. Санай берсек өте көп. Адам баласының тек осындай ардақты жаратылыс болғанының өзі сүюге, құрметтеуге әбден лайық. 

Ғалымдардың пікірінше, махаббаттың үш түрі болатын көрінеді:

1. Ләззат үшін жақсы көру. Ер мен әйел арасындағы сүйіспеншілік осыған жатады.

2. Пайда үшін жақсы көру. Әркімнің өзіне пайда келтіретін нәрселерді жақсы көруі.

3. Бір нәрсенің шын артықшылығын мойындап жақсы көру. Мысалы, біреуді ғылым-білімі үшін құрметтеу («Маусуатуль фиқһия». 36-том, 186-бет). 

Адамды сүю мәселесіне тағы бір қырынан келер болсақ, мұсылман қауымы ең алдымен, ардақты пайғамбарымызды, оның әулетін, саңлақ сахабаларын ардақтауы керек. Шариғаттың да, адамшылықтың да талабы осы. Бұл махаббат адамның иманына да әсер етеді. 

Ал Алланың адамға деген махаббатын қалай байқаймыз? Ғұламалар адамға берілген материалдық және рухани игіліктер Алланың ол пендеге деген махаббатының көрінісі екенін айтады. Олардың көшбасында, әрине, иман тұрады. Одан кейін Алла тағаланың ол адамды күнәлары үшін бірден жазаламай кешіріммен қарауы, тәубелерді қабыл етуі, Өзі жақсы көретін және разы болатын істерге құлының бет бұруына жәрдем беруі, он екі мүшесін сау етуі, т.б. келеді («Маусуатуль фиқһия». 36-том, 186-бет). 

Бұлардың бәрі көзіміз күнде көріп, сезіп-біліп жүрген үйреншікті дүниелер болғандықтан, қалыпты нәрсе ретінде қабылдауға бойымыз дағдыланған. Алайда бұлардың өзі түсінген жанға екі дүниелік дәріс беріп тұрған мол хикметтер. Ендеше, айналамызға жай көзбен емес, ғибрат көзімен қарауға көшетін кез келген секілді. Абай атамыз айтқандай, жақсылық көрсек ғибратты, оны бойға жинай білгеніміз жөн. Бір хадисте былай делінген: 

«Егер Алла бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл періштеге былай дейді: «Расында, Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сен де оны жақсы көр». Сонда ол құлды Жәбірейіл періште де жақсы көреді. Сосын өзге періштелерге былай деп жар салады: «Алла пәлен құлды жақсы көрді. Сендер де сол адамды жақсы көріңдер». Сөйтіп бүкіл періштелер сол құлды жақсы көреді». (Бұхари, Мүслим). 

Бірақ Алла адамды соншалықты хикмет пен нығметке, Өзінің шексіз махаббатына жайдан-жай бөлемеген. Алла тағала бізге жаудырған осыншалықты мол мейірімінің ақысын сұраса не істер едік? Оны қалай өтер едік? Әрине, біздің барымыз да, нарымыз да Алладан болған соң, оған төлер ештеңеміз жоқ. Ал енді осының шүкіршілігі ретінде Аллаға бас иіп, құлшылық етудің қаншалықты маңызды екенін өзіңіз топшылай беріңіз. Қасиетті Құран кәрімде:

«Жындар мен адамзатты тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят) делініп, жаратылыс мақсаты білдірілген. Иә, Алланың хикметтерін сезген жан құлшылығын да махаббатпен атқарады. 

Адамның Алла алдындағы бағасы, ең алдымен, иманына байланысты. Себебі иманды жан өз жаратылысына қарап, құдіретті Алла тағаланың көркем есімдерін байқай алады. Мәселен, адам баласының ешбір кемшіліксіз жаратылғандығы Алланың Субхан сипатынан хабар береді. Алланың бұл есімі бүкіл кемшілік, нұқсан атаулыдан пәк деген мағынаны білдіреді. Ал дүниеге келуі Алланың Халиқ – Жаратушы деген сипатын еске салады. Сондай-ақ адамның тәніндегі саналуан ағзалары мен рухындағы мыңдаған сезімдері Алланың Қадир - Барлық нәрсеге құдіреті жетуші деген сипатын айғақтайды. Жер бетіндегі барша адамның әр күнгі несібесін уақтылы қамтамасыз етіп тұруы Жасаған иеміздің Раззақ (Рызық-несібе беруші) деген есімінің өмірдегі бір дәлелі. Адамды былай қойғанда, жердегі, көктегі, теңіздегі он сегіз мың ғаламның рызық – несібесі жайлы ойлап көріп пе едіңіз? Мұның бәрі де Алланың Ұлылығының алдында бас июге тұратын айқын белгілер емес пе? Абай атамыздың «Алланың хикметін сез» деп жырлауының бір себебі осында. 

Сол сияқты адам бойынан Алланың Адил (Әділетті), Рахим (шексіз мейірімді), Жәууад (жомарт) деген есімдерін көре аламыз. 

Қысқасы, адам жаратылысы тұтастай тұнып тұрған хикмет, оқылып бітпеген кітап, сыры ашылып болмаған сандық. Ойланған адамға осы ғажап кітаптың ойы түсінікті болып, сандықтың сыры ашыла түседі. Ал өзі туралы да, айналамыздағы өзге жаратылыстар туралы да ойланбаған кісі үшін өмірдің мәні түкке де тұрғысыз. Мәселен, сәулет өнерінен еш хабары жоқ адамға ғажайып сарайдың сызбасын көрсетсең, ол ондағы айқұш-ұйқыш сызықтардан ештеңе түсіне алмайды. Ал көре білгенге ол керемет өнер туындысы. Сол секілді бойында иманы бар адам өзінің және барша жаратылыстың астарындағы даналықтарды кітап жазуын оқығандай айқын оқи алады. Абай атамыздың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа?!» деген даналығында, кем дегенде, осындай астар жатқаны анық.

"Даналық ойдан дән ізде"

0 пікір