Арқан тартыс - ұлттық ойын (видео)
Арқан тартыс - ұлттық ойын (видео)
9 жыл бұрын 26287

Арқан тартыс - ұлттық ойын. Наурыз мейрамы кезінде жиі ойналатын ұлттық ойын түрі.

Ойынды жазда көгалды алаңда, спорт залында өткізуге болады. Ойынға ұзындығы 10 метрдей жуан арқан керек. Ол арқанның тең ортасынан орамалмен орап белгі жасайды, белгінің екі жағынан бір жарым, екі метрдей жерден тағы да жоғарыдағы тәртіппен белгілейді. Ойынға қатысушылар тең екі топқа бөлінеді. Олардың саны 10-12 адам болуы мүмкін, ойыншылар бойларына қарай қатар түзеп тұрады.

Ойын басқарушының берген пәрмені бойынша қатар түзеп сапта тұрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, үш»... деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Сөйтіп тақ жағы бір бөлек, жұп жағы бір бөлек бөлініп шығады.

Күн ілгері сызып қойған үш сызықтың ортасына арқандағы үш белгінің екі шеткісін дәл келтіріп керіп тұрады да, арқанның шеткі белгісінен бастап ұшына дейін ойыншылар қос қолдап ұстап тартып тұрады. Содан соң ойын басқарушының берген командасы бойынша екі топ тартысқа түседі. Ойыншылардың мақсаты — тартысқа түскен екі топ бірін-бірі тартып, жердегі орталық сызықтан бұрын сүйретіп өткізіп әкету. Екі топтың қай жағы орталық сызықтан қарсы топты бұрын сүйреп өткізіп әкетсе, сол жағы ұтқан болады, жеңген жағы бәйгесін алады. Ойынды осы жоғарыдағы тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелейді. [1]

[1] Сағындықов Е.С. Қазақтың ұлттық ойындары. Алматы: «Рауан» баспасы, 1991 жыл, 176 бет. ISBN 5-625-01063-3

0 пікір