"Ауыл молдасы" институты - қазақтың ұлттық рухани қайнар көзі болған"
"Ауыл молдасы" институты - қазақтың ұлттық рухани қайнар көзі болған"
2 жыл бұрын 3865
Бекен Қайратұлы

ХХ ғасыр басында қазақ азаматтары Ресейдің жоғары оқу орындарында, жергілікті гимназия һәм семинарияларда, өлкелік әскери реалдық училищелер мен кадет корпустарында, одан қалды «Ғалия» (Үфә), «Расулия» (Троицкі), «Хұсаиния» (Орынбор) сияқты заманауи медреседе білім алып, қазан төңкерісі бұрқ еткен бұлғақ жылдары пайда болған апалас-төпелесте жеке ел болудың қамын ойлады, осы жолда бастарын бәйгіге тікті. Тірі қалғандары кеңес заманында білім-ғылым жолында аянбай еңбек етті.


Осы орайда, мына бір дерекке назар ау­дарсақ. Жоғарыдағы азаматтардың бар­лы­ғының дерлік өмірбаяндық жазбаларын­да­ «Ауыл молдасынан оқыған» деген бір сөй­лем жүреді.

Мысалы, үлкен ағартушы Ыбырай Ал­тын­­сарин алғашқы сауатын ауыл мол­да­­сы­нан ашып, соның арқасында 1850 жы­­лы Орынбордағы қазақ-орыс мек­­те­бі­не­ оқуға түседі. Ұлы Абай ше, ол да­ ауыл­ мол­дасынан сауат ашып, кейін Се­мей­де­гі­ Ахмет Риза медресесінде оқы­ғаны айты­­­лады. Баянауылдық ғұ­ла­ма атамыз Мәш­­һүр Жүсіп Көпеев те Камараддин Бижо­­март­ұлы деген ауыл молдасынан сабақ ал­ған.­ Бұған дәлел Мәшекең «Ерей­мен­тау са­пары» атты жырында: «Сұрасаң руымды­ Сүйіндікпін, Болаттан ағып түскен құрыштай-ақ, Баласы Құлбол­ды­ның нағыз текпін, Ұстазым Камар мол­да сабақ алғам» деген жолдар бар. Сол­ сияқты үлкен ілім иесі Шәкерім Құдай­бердіұлының өмірбаянында Абай ағасы­ның­ нұсқауымен бес жасынан бастап, жеті жа­сына дейін екі жыл үзбей ауыл молдасынан оқығаны туралы дерек бар.

Атақты ақын Ғұмар Қараш та ауыл молда­сы­­нан хат танып, одан кейін Жалпақ­тал­ медресесінде білімін жалғастырса, Алаш­орда үкіметінің мүшесі, Дума депу­та­ты,­ заңгер Ахмет Бірімжанов та ауыл­ мол­да­­сының түлегі көрінеді. Ұлт­ ұс­тазы сан­а­лып жүрген Ахмет Байтұрсынұлының өмір­баянында «1882-1884 жылдары­ ауыл молдасынан оқыған» дейтін елеу­сіз­ сөйлем тұр. Ал ұлт қайраткері Әли­хан­ Бөкейханды әкесі тоғыз жасында Қар­қа­ралыға апарып, жергілікті молданың оқу­ына берсе, Мағжан Жұмабайұлы ауыл­ молдасынан сауатын ашып, одан ке­йін бес жыл Қызылжардағы Бегишев мед­ре­се­сінде білімін жалғастырған.

Міржақып Дулатұлы да осы жолмен­ жүр­ген. Жақаңның өмір-тарихын зерт­теу­ші заң ғылымдарының докторы Нұр­лан­ Дулатбеков, бала Міржақып ауыл мол­дасынан хат танып, екі жыл оқығаннан кейін 1897-1902 жылдары орысша оқы­та­тын Мұқан мұғалімнен дәріс алады, дей­ді.­ қазақтың Құлагер ақыны Ілияс Жан­сү­гіров те әуелі өз әкесінен қара танып, одан­ кейін Қарағаш деген жердегі ауыл мол­да­сының алдын көрген. Одан кейін Алма­ты­дағы мұғалімдер даярлайтын курс­қа аттанған. Ал бір жасқа толмай жатып­ әкесінен, алты жасында шешесінен ай­рыл­ған қазақ әдебиетінің ірі өкілі Бейім­бет­ Майлин да ауыл молдасынан оқып сауат­ ашса, дарынды ақын Сәбит Дөнен­таев­ та Қасымқажы Ертісбаев деген ауыл мол­да­сынан білім алған екен.

Күнбатыс Алаш қайраткерлерінің бірі­ Халел Досмұхамедұлы да ағасы Дәулет­үм­беттің ықпалымен ауыл молдасынан хат­ таныса, екінші алашшыл тұлға Жанша Дос­мұхамедов болыстық орыс-қазақ мек­те­біне бармай тұрып, әуелі ауыл молдасынан сауатын ашыпты.

Қазақтың мықты ақындардың бірі – Сұлтан­махмұт Торайғыров та алғашында Мұқан,­ Әбдірахман, Тортай дейтін ауыл мол­да­­ларынан оқыса, танымал ғалым Қаныш­ Сәтбаев пен Әлкей Марғұлан да осы­ жолдан өткен. Атақты Жүсіпбек Айма­уытұлы Бармұхамед деген ауыл молда­сынан үш жыл оқыған. Сол сияқты алаш­шыл тұлға Мәннан Тұрғынбаевтың өмір­баянында, Семейге оқу іздеп келген жас­ Кәмалиден хазіреттен сауат ашып, әрі­ қарай медреседе алты жыл оқығаны тура­лы дерек бар.

Мұндай дерек солтүстік тумалары Сә­бит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің де­ өмірбаяндарында жазулы тұр. Екінші дүние­жүзілік соғыстың батыры Бауыржан Момыш­ұлы да алғашында ауыл молдасы­нан­ оқып, арабша хат таныпты. Тіпті заң­ғар­ тұлға Мұхтар Әуезов әуелі өз атасынан ес­кіше сауат ашып, 1908 жылы Семейдегі Кама­раддин хазірет медресесінде оқып, одан­ кейін барып орыс мектебінің дайын­дық­ курсына ауысады. Айта берсек көп.

Бір қызығы, өткен ғасыр басында­ қа­зақ оқы­ғандарын алғашқы болып ұш­тап, үлкен жол­ға бағыттаған ауыл мол­да­ларының бірен­-сараны бол­мас­а көбінің аты-жөні белгі­сіз. Бір таң­данарлығы, мұндай молда­лар күллі қа­зақ даласының қай бұры­шын­да да­ болған. Олар шәкірттеріне еуро­па­лық­ білім бере алмаған шығар, бірақ­ хал­қы­мыздың байырғы ғасырлар бойы­ шың­далған керемет дәстүрлік жүйе­сі­н­ оқытып, қазақы танымның терең­ қай­на­ры­нан сусындатып, соңында құран­ның қара­сын танытқан. Әбу Насыр­ әл-Фараби ата­мыздың трактаттарын­да­ айтылғандай, ауыл­ молдалары шәкірт­те­ріне әуелі білім емес,­ тәрбие яғни адам­гер­шіліктің терең тәлі­мін сіңірген.

Философия ғылымдарының канди­да­ты­ Үмбетхан Сәрсенбин: «Сол кездегі ауыл мол­да­­лары ұлттың тарихы мен әдебиеті, жы­рау­лар поэзиясы, тіпті химия мен астро­номияға дейін оқытқан. Олар Алаш зиялы­­ларының қалыптасуына, мәдени ағарту­шылық жұмыстың жүруіне ықпал етіп, қазақ қоғамына қастандықпен жүр­гі­зілген идеологияға қарсы тұрды» деп жа­зыпты. Бұл өте ақиқат пікір.

Екіншіден, ауыл молдалары қазақ қоға­­мын­дағы өмір сүрудің бұлжымас тетігі бала­лардың болашағын аңдап, сұрыптау жүр­гізіп отырған. Нақтырақ айтқанда, ауыл­ молдасы алдында отырған 20-30 бала­ның қайсысы білімге бейім, қайсысы мал­сақ, қайсысы өнерлі, қайсысы ұғымтал, қай­сысы бойкүйез... бәрін анықтап ауыл ақса­қалына немесе елағасы тұлғаға «мына бала­ның ынтасы зор оқыту керек, ана баланы мал бақтырған дұрыс, ана қара ұл қол­өнерге бейім ұста болсын...» дегендей,­ жет­кіншектердің болашақ әлеуметтік мәр­те­бесін белгілейтін.

Ауыл бай­лары бір-бір ауыл молдасын ұстаған. Оның­ барлық шығынын өздері көтерген. Оры­с ғалымы А.И.Левшин «Қырғыз-қа­зақ немесе қырғыз-қазақ ордасы мен­ далаларының сипаттамасы» атты еңбе­гін­де: «...Құранды арабша ұғатын қырғыз үл­кен­ ақыл иесі болып саналады. Өз тілінде және­ татар тілінде оқып, жаза алатын әр қыр­ғыз кемеңгер деп есептеледі. Хандар, сұл­тан­дар, билер өз жандарына сауатты іс жүргі­зуші, аудармашы ретінде молдалар ұстай­ды» деп бекер жазған жоқ.

Өткен ғасырларда әу басында ресей­лік,­ кейінгі кеңестік отарлаушылар болсын­ ең алдымен қазақ арасындағы «ауыл молдасын» жоюға күш салды. Өйт­кені олар бұл институт көзге аса шалы­на­ бермейтін қарапайым көрінгенімен, ұлт­тың ұстынын ұстап тұрған керемет мек­теп екенін, осы құрылымды бұзса этнос бірлігі ыдырайтынын жақсы білді. Мысалы, ХІХ ғасырда өмір сүрген Ресей барлаушысы П.И.Рычков 1887 жылы Орынборда жарық көрген «История оренбургская» атты еңбегінде: «Әр ру өздерінің ақсақалдары мен дәулетті адам­дарын құрметтейді. Бұл адамдарға ақыл-кеңес беріп, мұсылманшылық қағи­дат­тарын үйрететін арнайы адамдары (ауыл молдасы) бар. Қайсыбір іске ру басы­лары осы кісілер мақұлдаған кезде ғана­ жұмылады...» дейді.

Кеңес өкіметі ең әуелі дінге, соның ішін­де ауыл молдаларына қарсы күресті. Осы мақсатта 1919 жылы «Революция и цер­ковь» журналын және 1922 жылы «Без­божник» газетін шығарды. Осы газет­ қоғам­дық тілшілердің сиезін өткізіп, 1929 жылы «Жауынгер құдайсыздар ода­ғын»­ құрды. Аталған одақты ұлты еврей­ Е.М.Ярославский басқарды. Мұндай құры­лым­ Қазақстанда да пайда болды.

Жауынгер құдайсыздар ұйымына мү­ше­­ болу жағынан қазақтар одақ көле­мін­де­ украин­­дардан кейінгі екінші орынға ие бол­­ды. Нәтижесінде, қазақ қоғамында ауыл­­ молдасының мектебі жойылды. Кеңес­­ билігі орнаған жылдары республика бойын­ша 465 діни ұйым мен мешіт жа­был­са,­­ 1920 жылы Орталық Азияда қыз­мет­ ет­кен 25-30 мың мешіттен 1941 жылы 1 мы­ңы ғана қалған екен. Барлық медреселер жойылып, 47 мың діни тұлғалардан 2 мың­нан азы тірі қалды.

Кешікпей 1937-1938 жылдары жүр­­г­і­­­­­­зіл­ген қуғын-сүргін ең алдымен ауыл­ мол­­­да­сын қырына алды. Өйткені олар­ бұ­лардың көзін жоймай қазақтың ұлт­тық­­­ рухани қайнарын бітей алмас еді. Сөзі­­мізді түйіндеп айтар болсақ, қандай д­а­ бір қоғамдық жүйені әлеуметтік тұр­­ғы­­дан шайқалтпай ұстап тұратын және жүз­деген ғасыр бойы шыңдалған мыз­ғы­мас­ рухани-мәдени ұстындары болады. Со­ның бірі – ауыл молдасы институты. Отар­лаушылар осы жүйені жою арқылы ха­лы­қ­ты рухани ұстынынан айырды. Біз­ сол отарлаудың санамызға сіңген дер­­тінен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз.

 egemen.kz

 

0 пікір