Батаның түрлері
Батаның түрлері
2 жыл бұрын 19058

Қазақ халқы үшін бата – өте қасиетті, киелі ұғым. Сол себепті «батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді», «баталы ұл – арымас, батасыз ұл – жарымас» деп қарап, игі бастама, ұлы мақсатқа талпынған да немесе жорыққа, алыс сапарға аттанарда, əрбір азамат ата-аналары мен ауыл ақсақалдарынан, сондай-ақ, ауылдағы аузы дуалы, елге қадірлі, инабатты кісілерден міндетті түрде алдарына барып баталарын алатын болған. Қазақ халқы бата-тілектерді өзіндік берілу жағдайына қарай түрлерге бөлген. Соның кейбір түрлері төмендегідей:

АҚ БАТА

Ақ бата – ата-ана мен ақсақалдардың, сондай-ақ, ел ағалырының ұрпақтарына білдірген жүрекжарды тілегі мен елі үшін еңбек сіңірген азаматтарына ақтарыла айтқан алғысы. Мысалы, көп үшін еселі еңбек етіп, үлкен қызмет көрсеткен жастарға:

Ел-жұртыңның гүлі бол,
Шам-шырағы, нұры бол,
Көп жасай бер, қарағым!

Болашақта ірі бол,
Ірілердің пірі бол!
Батырлардай санды бол,
Сал-серідей сəнді бол,
Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол! – 
деген мазмұнда бата берсе, ал ата-анасының ризашылығын алған адал, арлы, кісілігі жоғары перзенттерге:

Көзімнің нұры бол,
Көңілімнің жыры бол!
Бақ құшып,

Бал жұтып,
Бабырдай ұлы бол!
Балдай бала бол,
Нардай дара бол,
Таудай талапты,
Фарабидей дана бол!
Майқыдай сыйлы бол,
Қорқыттай күйлі бол!
Асандай ақылды,
Бұқардай жырлы бол!
Аллаһуакбар! – 
деп, ақ батасын ақ жаңбырдай жаудырады. 

АС БАТАСЫ 

 Ас батасы (дастарқан батасы деп те аталады) алдыға дастарқан жайылып, ас келгенде немесе тамақтанып болып, дастарқанды жияр кезде жасалатын ықылас. Əдетте ас баталары да үй иелерінің ынта-ықыласы, əуесі, тілегіне қарай əртүрлі жасала береді. Мысалы:

Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін!
Бала-шағаң бақ құшып,
Отбасыларыңа жақсылық енсін!
Дастарқандарың мол болсын, 

Абыройларың зор болсын!
Көре алмаған дұшпаның,
Көрге кіріп жер болсын!
Дəмдеріңе дəм қосылсын,
Əндеріңе əн қосылсын,
Сəндеріңе сəн қосылсын,
Сан-санақсыз мол қосылсын!

Көк жайлауды жайласаң,
Тай-құлынды байласаң,
Сабаң толсын қымызға,
Шараң толсын уызға,
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Аллаһуакбар! – дейді.

АЛҒЫС БАТАСЫ

Алғыс  бата  –  ақсақалдар  мен  беделді  кісілердің  азаматтардың  аса игілікті істері, ерен қызметі мен ел-жұртқа көрсеткен еңбектеріне деген ризалығы əрі ықыласы. Мысалы, ондай азаматтарға:

Өмір-жасың ұзақ болсын,
Жүрген жерің шуақ болсын,
Құдай өзі қуат берсін,
Сарқылмайтын суат берсін!
Жандарыңа жамандық бермесін,
Бастарыңа қам-қайғы келмесін,
Қойын-қоныштарың ақты болсын,
Ұрпақтарың бақытты болсын! – деп алғыс баталарын жаудырса, ал кісілік, кішілік көрсетіп, қол да рына су құйып, қолтықтарынан демеп аттандырып жатқан жастарға: 

Бақ-дəулетті, малды бол,
Өз құрбыңның алды бол!
Жаратқан ием жебесін,
Басыңа жамандық келмесін,
Аллаһуакбар! – деп ықылас білдіреді.

ИГІ БАСТАМАЛАРҒА БЕРІЛЕТІН БАТА

Қазақ халқы бір игі істі бастау үшін, ауылдағы  ақсақалды қариялар мен аузы дуалы білікті кісілерді шақырып, міндетті түрде баталарын алады. Бұл аузы дуалы қариялардың айтқаны айнымай келіп, ісім сəтті, шаруам табысты болса екен дегені. Ондай кезде қариялар:

Істеріңе сəт болсын,
Бастарыңа бақ қонсын!
Ата-баба аруағы,
Жебей берсін, жақ болсын!
Құдай өзі оңдасын,
Қызыр келіп қолдасын!
Сəтті болып бастама,
Бақыт-байлық мол болсын!
Ашық болсын күндерің,
Бассын ісің ілгері.

Талаптанған тайларың,
Болсын мəңгі жүлделі!
Аллаһуакбар! – деп ағынан ақтарылады.

САПАР БАТАСЫ

Мұндайда батагөй қариялар: 

– Жортқанда жолың болсын,
Сапардың оңын берсін,
Тұлпардың тоғын берсін, 
Жігердің шоғын берсін!
Бет алдың оң болсын,
Мəртебең зор болсын,
Дұшпаның қор болып,
Алды-арты ор болсын! 
Жолың ашық болсын,
Жауың қашық болсын,
Мерейің тасып-толсын,
Аман-есен қауышу
Барымызға нəсіп болсын!
Аллаһуакбар! – деп бата береді. 

ТОЙ БАТАСЫ

Той батасы тойға жəне тойға сойылатын малға жасалады. Мысалы:

Той тойға ұлассын,
Тойдан кенде қылмасын!
Өлең-жыр боп күндіз-түн,
Ауыл-аймақ жырғасын!
Құтты болып қуаныш,
Еш жамандық болмасын!
Қызыр дарып, бақ қонып,
Құдай өзі қолдасын!
Болсын тойың торқалы,
Қуандырсын баршаны.
Қарық болсын кəрі-жас,
Өлең айтып, əн салып!
Көрген досың сүйінсін,
Көре алмаған күйінсін!
Берекелі тойыңа,
Игі жақсы жиылсын! 
Аллаһуакбар!

 СӘБИЛЕРГЕ БЕРІЛЕТІН БАТА

Қазақ халқында «батамен ер көгереді» деп, көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілер ден «мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп, жаңа туған сəбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде батагөйлер:

Өмір-жасы ұзақ болсын,
Маңайы аққан бұлақ болсын,
Əр күні қызық, шуақ болсын,
Жер-ана жайлы тұрақ болсын,
Жомарттың қолын берсін,
Жортқыштың жолын берсін,
Қыздың қылығын берсін,
Судың тұнығын берсін,
Даланың кеңдігін берсін,
Батырдың ерлігін берсін,
Ақынның өрлігін берсін,
Иасауидің даралығын берсін,
Фарабидің даналығын берсін!
Аллаһуакбар! – деп бата-тілектен бал ағызады.

 ҚЫЗДАРҒА БЕРІЛЕТІН БАТА 

Қазақ халқы қыздарының ақылына көркі сай, өнерлі де білімді, іскер де ісшең болып есеюін тілеп, аузы дуалы, қасиетті қарттардың ықыласаталарын алып отыруды өте бір игілікті іс деп қа рап, қыздарына ұлағатты кісілерден бата алып отырған. Сондай кезде қадірменді қарт тар қыз ата-аналарының талап-тілегі бойынша:

– Қыздарың құлықты болсын,
Ғаламат білікті болсын.
Күндей нұрлы болсын,
Гүлдей түрлі болсын.
Өлмес өнер берсін,
Əн-жыр, өлең берсін.
Теңдессіз дарын берсін.
Ізгіліктің бəрін берсін.
Талдай бой берсін,
Таудай ой берсін. 
Жаздай жамал берсін,
Оттай жанар берсін!
Аллаһуакбар! – деп үміт-тілекке толы баталарын береді.

ЖАС ЖҰБАЙЛАРҒА БЕРІЛЕТІН БАТА  

Қазақта жаңа отау көтеріп, өз алдына түтін түтеткен жас жұбайлар үйлерін реттеп, шаруаларын ыңғайлап алған соң, ауылдағы қадірлі қарттар мен білікті кісілерін шақырып, отауларынан дəм татқызып, баталарын алады. Осындай ғұрыптан соң қарттар оларға:

Отауларың от болсын,
Бақыт-байлық көп қонсын.
Ұрпақты боп лайым,
Еш қам-қайғы жоқ болсын!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын.
Сыйлы қонақ күнде кеп,
Төрлеріңе дамылдасын!
Өмірлерің бал болсын,
Ұрпақтарың нар болсын.
Ата-баба аруағы
Өздеріңе жар болсын!
Аллаһуакбар! – деп бата береді. 

Шаңыраққа берілетін бата

Қазақ салтында алыс жерден, өзге ру-тайпалардан келген білікті  кісілер  өздерін  сыйлап,  құрметтеген  қасиетті  қара  шаңырақтарға мынадай мазмұндарда бата береді: 

Шаңырақтарың шайқалмасын,
Бақ-дəулеттерің ортаймасын.
Жаратқан Иең жар болып,
Не сұрасаң да қайтармасын!
Шаңырақтарың сыйлы болсын,
Отбасыларың дулы болсын.
Қоныстарың нулы болсын,
Өрістерің сулы болсын!
Аллаһуакбар! – деп алғысын ақтарады.

КҮЙБАЛАЛАР МЕН ҚАРЫНДАСТАРҒА БЕРІЛЕТІН БАТА 

Дастарқандарың берекелі болсын,
Отбасыларың мерекелі болсын.
Өмір-жастарың ұзақ болсын,
Жолдастарың Қызыр болсын!
Қораларыңнан қой кетпесін,
Есіктеріңнен той кетпесін.
Көшкенде көлікті болыңдар,
Өлшеусіз өрісті болыңдар!
Халық сүйер аға болыңдар,
Тоңдырмайтын жаға болыңдар.
Қиын жерде жол табар,
Дарқан ойлы дана болыңдар!
Аллаһуакбар! – деп аталық ақ баталарын береді(1).


 1ّ) Айып Нүсіпоқасұлы: “Тал бесіктен жер бесікке дейін" – Алматы: «Өнер 21-ғасыр» қоғамдық қоры, 2014. (Ықшамдап алынды).

0 пікір