Ғұн империясы
Ғұн империясы
17 күн бұрын 1932 ortalyq.kz/Дереккөз
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы.

Б.з.б. 1 мыңжылдықта қазіргі Моңғолияның оңтүстігіндегі Ордостан Каспий өңіріне дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін тегі мен этникалық құрамы жөнінен әртүрлі тайпалар қоныстанды. Бұл тайпалар алғашқы таптық қоғамға өту сатысында еді. Шаруашылықтың біртіндеп дамуы, тұрмыстың біршама ортақтығы, этникалық жақындық, саяси тәртіп факторы б.з.б. IV-III ғасырларда Қытайдың солтүстігін мекендеген ірі бірлестіктерінің құрылуына әкеліп соқты. Мұнда сюнну және дунху (солтүстік, онтүстік) тайпалық бірлестіктері қалыптасты.

Сюнну (хүнну немесе ғұндар) б.з.б. III ғасырда күшті ел болды. Бастапқы кезде Солтүстік Қытайда, Моңғолияда, Байкал өңірінде қоныстанған. Бұл тайпа атының шығу тегі жайында дерек жоқ. Кейінгі замандарда Сюнну (хунну) ғұндар аталып кеткен. Бәлкім «сюнну» тайпаның қытайша жазылуы болуы мүмкін. Қалайда бұл атаумен құрылған одақ Еуропа деректерінде кеңінен мәлім. Хуннулардың этникалық шығу тегі де әлі анықталмаған мәселе. Көптеген зерттеушілер түркі халықтарының түп атасы деп тұжырымдайды. Хуннулардың бірлестігі әртүрлі тайпалардан құралғандықтан саяси бірлестік атауы болуы да ықтимал (К.Байпақов).

Б.з.б. ІІІ ғасырдың соңына қарай бірігіп, әскер түзеп, өздерінің мемлекетін құрды. Ғұндар 24 руға бөлінген. Оларды бектер биледі. Өз кезінде 24 тайпалық одақтан құралған ғұндармен бүкіл Еуразия қос құрлығында иық тірестіретін бірде-бір ел болған емес. Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» атты әйгілі еңбегінде аталатын 24 тайпаның, сол сияқты қазақ фольклорында күні бүгінгі дейін айтылатын «24 баулы елдің» ғұн заманынан жеткен жаңғырық екеніне назар аударады (А.Сейдімбек. Шығармалары. 2-т., 22-б.). Әр рудың көшіп жүретін өз жері болды. Жоғарғы билеушісі «тәңірқұт» лауазымын иемденген. Қытай деректерінде ғұндардың жоғарғы билеушісі «шаньюй» деп аталады. Одан кейін түменбасылар деп аталатын бекзадалар тұрды. Олар Тәңірқұттың ұлдары, інілері немесе жақын туысқандары болатын. Түменбасылар өз иеліктерінде мыңбасылар, жүзбасылар тағайындай алатын еді. Өздерінің дәстүрлі құқық жүйесін қалыптастырған. Онда, негізінен, мыналар көзделген: «Тәңірқұт өзіне бағынбаған немесе жазықты болған түменбасылардың жерін қайтарып алатын, өздерінің жүзбасылары мен онбасылары жөнінде түменбасылардың да нақ сондай құқығы болды. Ұрыс алаңында қаза тапқан адамның сүйегін кім әкелсе, оның отбасының бүкіл мүлкін сол алады. Лауазымдар мен жоғары шендер мұраға қалдырылды (Ұлы Дала мемлекеттері. Алматы, 16-б.).

Ғұндардың күшті бірлестік болуы Қытай мемлекетіне ұнамады. Сондықтан, бұлардың арасындағы күрес 4 ғасырдан астам мерзімге созылды. Жылнамаларға қарағанда, ғұн тайпаларының бірігіп топтасуы б.з.б. 209 жылы «Хунн шаңарығының мәуелеуі» кезінде іске асты. Жаңаша жыл санауға дейінгі 204 жылы бой көтеріп, жаңаша жыл санаудың 216 жылына дейін дәурен сүрді. Шаңырағын көтеруші – әйгілі Мөде (Боғда) батыр. Оның туған жылы б.з.б 230 жыл, ал, өлген кезі б.з.б. 174 жыл.

Мөде билік еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ, Қытайдың шекаралық аудандарына жорықтар жасап, күйрете соққы берді. Кескілескен күресте Мөде әскери-саяси қуаты басым Хань әулетін сюнну-ғұндардың Ордастағы көшіп жүретін жерлерінен дәме етуден бас тартуға мәжбүр етті. Хань императоры Гаоцзу б.з.б. 188 жылы Мөденің алдында бас иіп, онымен «тыныштық және туыстық туралы шартқа» қол қоюға мәжбүр болды. Бұл шарт бойынша ол шаньюиге өзінің ханшасын әйелдікке беруге және жыл сайын «сыйлық» ретінде салық төлеп тұруға міндеттенді, кейін ол салықты үнемі төлеп тұрды (Қазақстан тарихы. 1-т., Алматы, 1996, 245-б.).

Шығыста Мөде «Шығыс Ху» тайпаларын бағындырды. Ол оның құрамына Керулен және Онон алқаптарында мекендеген сяньби және ухань тайпалары кіретін еді. Батыста Юечжи тайпаларына жорықтар жасады. Б.з.б 201 жылғы жорықта ғұндар Алтай тайпаларын түгелдей дерлік бағындырды. «Ғұндардың шаньюлеріне» Байкал сыртынан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Хуанхэнің орта ағысына дейінгі кең аймақ қарады. Осылайша ғұн мемлекеті құрамына дүн-ху, юэчжей, ган-гунь (қырғыз), үйсін, қаңлы, тағы басқа тайпалар кірді. Б.з.б І ғасырдың орта шеніне қарай империяға айналған ғұн мемлекеті аймағы ұлан-ғайыр болғанымен, іргесі әлсіз еді. Ғұн мемлекеті толассыз қанды соғыстардан, ушыға түскен тақ таласынан, бір орталыққа бағынғысы келмеген күштердің әсерінен әлсірей түсті. Б.з.б. 59 жылы оларда өзара ұрыс басталды. Б.з.б. 47 жылы ғұндардың бірлестігі оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінді. Хуханье шаньюи бастаған оңтүстік ғұндар Хань империясына қосылды. Ал Чжи-Чжи (Шөже) бастаған ғұндар 25 жыл тәуелсіздігін сақтап, Хань империясы мен оңтүстік туыстарының шабуылына тойтарыс беріп отырды. Ақыры солтүстік ғұндар Солтүстік Моңғолия мен Шығыс Түркістанның солтүстік бөлігіне қоныс аударды. Кейін олардың біраз бөлігі Тянь-Шаньға жылжып, қаңлының тайпалық бірлестігімен жапсарлас қоныс тепті. Бұл ғұндардың Қазақстан, Орта Азия жеріне жаппай келе бастаған кезі еді. Екінші толқын б.з. І ғасырында болды. Ғұндардың қысымымен жылжыған тайпалар Орталық Қазақстанға да қоныс тепті.

Ғұндар негізінен мал өсіруді кәсіп етті. Сыма Цянь жазбасына қарағанда, төрт түлік мал ұстап, көшіп-қонып тіршілік еткен. Көсемдерінен бастап барлық жұрты малдың етімен, сүтімен қоректеніп, оның терісінен киім тігіп киген. Сонымен қатар, жазба деректерде ғұндар отырықшы болып, жер өңдеуді кәсіп еткені айтылды. Байкал сыртындағы Нижне-Иволгин қалашығын қазғанда лаймен сыланған еденнен сабанның қалдықтары, тарының дәні, астық көметін ұра табылған. Бұдан ғұндардың шаруашылығында жер кәсібі едәуір роль атқарғаны байқалады. Кен қазып, металл қорытқан (ҚазССР Энциклопедиялық анықтама. Алматы, 1980, 153-б.).

Ғұндардың әскери жасақтарының негізі – атты әскер еді. Атты әскер садақпен, семсер, қанжар, найза, бұғалықпен қаруланған. Садақтың ұшына үш қырлы темір жебе қадады. Сауыт бұзар жебе де болды. Ғұндардың жауынгерлік құдіретінен сескенген қытайлар Ұлы Қытай қорғанын салдырған.

Ғұн тайпаларының патриархаттық-рулық құрылысы негізінде жаңа қоғамдық қатынастар, теңсіздік, таптарға бөліну қалыптасты. Қабірлерден шыққан заттар ғұн қоғамындағы мүлік теңсіздік жайын айқын сипаттайды. Ғұн ақсүйектерінің ауқаттылығын обалардан табылған көптеген алтын, күміс заттар, кілемдер мен жібек маталар тағы басқа дүниелер дәлелдеп отыр. Бұл байлықтың негізгі көзі – құл саудасы мен халықтан жиналған салықтан түскен дүние еді. Ғұндарда соғыс тұтқындарынан және бағынышты аймақтардың халқынан құралған құлдар болған. Олар үй қызметшілері, бақташылар, көлөнершілер және жер жыртушылар ретінде пайдаланылған. Ғұндар киіз үйде әрі қыстық үйде де тұрды. Иволгин қалашығын (Улан-Удэнің 12 шақырым оңтүстік-батыс жағы) қазған кезде олардың тұрғын үйлері жеркепе екені анықталды. Топырақтан соғылған керегелері іш жағынан сабан қосылған балшықпен сыланған (ҚазССР Энциклопедиялық анықтама. 153-б.). Киімді теріден, жүн тоқымалардан тіккен. Ауқаттылары қытай жібегінен немесе мақта-матадан көйлек киген. Күпі, шекпен, шалбарлар мал терісінен жасалды. Бай адамдар белдік, білезіктерді алтын, күмістен соқтырды. Зергерлік өнердегі полихром стилін дүниеге әкелген. Атсайыс ойындарының негізін салған. Қыш ыдыстардың алуан түрін жасап, мыс қазан құйды. Тәңірлік дінді ұстанып, түркі жазуын қолданған. Сөйлеу тілі де түркі болған. Ғұндардың қоғамдық құрылымы мемлекеттік деңгейде өскен және өзіндік материалдық мәдениеті мен өнері бар, айрықша бір өркениетті жасау ісінде жоғары дәрежеге жетеді. Міне, тап сол кездері Қазақстан жерінде ежелгі түрік тілінде сөйлейтін халықтар пайда болады.

0 пікір