Ауылды «ұстайтын» апа
Ауылды «ұстайтын» апа
6 жыл бұрын 7444 egemen.kz/
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Ауылды «ұстайтын» жігіттер дегенді білесіз, ауылды «ұстайтын» кемпір дегенді естіп пе едіңіз? 

Біздің ауылды Женейдің апасы «ұстайтын». «Ұстағанда» да жай емес, бүріп «ұстайтын». Ол кісі отырған жерден, әсіресе, қыз-келіншектер айналып өту­ге тырысатын. Көйлегінің жағасы төмен немесе етегі жоғары болып қалса Женейдің апасы отырған жерге баспайтын. Ол кісі көп ішінде «әй, пәленнің келіні» немесе «әй, пәленнің қызы» деп өзіне қаратып алып, кесіп-кесіп айтып тастағанда қыз-келіншектердің бетінен оты шыққанын бала кезімізде талай көргенбіз. Тойда үй толы адамға тұрған бойда еңкейіп шай құйып жат­қан келіншектің кеудесі ашылып қалғанда айтқаны ауыр енді... «Әй, Байболдың қатыны! Жарқыратпай жап андағы емшегіңді! Еркек біт­кенді емізейін деп пе едің, ентелейсің ғой өзің» дегенде әлгі келіншек жылап отыра кеткен екен.

Әй, мыңболғыр, тұқымың өскір біздің ауылдың келіндері-ай, ол кісіге біреуі сөз қайтармаған екен. Ауылдағы кісілердің айтуынша кейде тіпті жөнсіз де соқтығып кететін кездері де жоқ емес секілді. «Әй, қатын! Күйеуің отарда, малда жатыр. Сен не ғып сонша жаңа түскендей сылаңдап алғансың? Байқа!» дейтін көрінеді. Кейін естідім, ол кісі тіпті жүрісі жеңіл қыз-қырқын, қарлық қылған қатын-қалаштың айыбын да аңдатып, «аяқтарыңды аңдап басыңдар тегінде», деп тектеу жасап отырады екен. Сондықтан да, біздің ауыл ол кісіні «сақшы кемпір» атап кет­кен. Көбі «Женейдің апасы» дейді. 

Сонымен не керек, сол Женейдің апасы Қазақстанға көшіп келді. Талдықорғанның Жансүгіров ауданы Көкөзек ауылына қоныстанды. Реті келгенде арнайы барып, амандастым. Маңайдағылардың айтуын­ша апамыз ол ауылды да уысына «ұстай» бастапты. Үйлеріне орамалсыз келіншек кіргізбейді екен. Мешіттегі секілді босағаға орамалдар ілгізіп қойған. Айт, той, мереке күндерінде қыдырып келген көрші әйелдердің жалаңбас келгені болса: «Әй, қатын! Байдан қайтып келіп пе едің? Басыңды ора!», деп тікесінен тартады екен. Келін, немерелері келген қонақтардан қысылып кешірім сұрап әлек дейді. Апамыз қайтпайды. «Жалаңбас келсең, шаруаңды есік алдында айт», деп кесіп тастап қарап отырады екен. 

Бір күні мынадай бір қызық болыпты.  Бұрынғы көшпелі тұрмыста бала өзі отырып «кіш» еткенге қо­лайлы болу үшін шалбарының ауын ашып қоятынын біреу білсе біреу білмес. Шалбарын өзі шешіп отырып тұрғанға, яғни, үш-төрт жасқа дейін солай істейді. Шалбар былғамайтындай ес кіргенде барып ауын тігіп береді. Сол әдет (қазір памперс, гаршок бар болса да) біздің ауылда әлі бар. Қазақтың «ол мен көргенде ауы ашық бала болатын», дейтін сөзі содан қалған ғой. Қысқасы, бір күні Женейдің үйіне көрші келіншектер қыдырып келіпті. Үйде ашық ауынан «әт­пүші» жылтыңдап ойнап отырған апамыздың үш жасар немересін көрген әлгі келіншектер бірін-бірі түрткілеп, сықылықтап тұрып кү­ліпті. Ондайға үнсіз қалмайтын апа­мыз: «Не болды, әй қатындар! Шаптарыңнан шайтан түртіп отыр ма?» - дейді ғой. Келіншектің біреуі: «Ана баланың әне жерін неге ашып қойғансыздар?» деп саусағымен көрсетіп, айта алмай күледі. Сонда апамыз, (әй сөз тапқыш қой): «Оған неменеге күлесіңдер? Біз сендер құсап әбден ес кіріп есейгенде ашпай, кішкентай кезінде ашып қоямыз, таза болсын деп», деген екен. 

Шүкір, ол ауылдың адамдары да апамызды қатты сыйлайды екен. «Асау апа» деп атап кетіпті. Келіндер алба-жұлба болып алдынан шық­пауға, орамалсыз үйіне бармауға ты­рысады. Той, бірдеңеде қатар оты­рып қалса, шолақ көйлектерінің етегін тізелеріне тартқылап қысылып қалады екен. Ал біздің ауылдың келіншектері бір-біріне: «Сақшы кемпір кетті әйтеуір», деп әзілдесетін көрінеді. Кетеді ғой, қанша жүрер дейсің. 

0 пікір