Жәнібек хан мен өз қызын әйелдікке алған Мәлік Ашрафтың соғысы
Жәнібек хан мен өз қызын әйелдікке алған Мәлік Ашрафтың соғысы
30 күн бұрын 7355
"Шыңғыснама"

Даңқты әзіреті Жәнібек хан - оған Алланың рақымы жаусын - әкесінің тағына отырып хан болғанда оның әділдігі, әулиелігі мен дарқандылығы елге мәлім болды, Дешті Қыпшақ уәлаятында ақ жолдан таймайтын, адал да қуатты, теңдесі жоқ патша болып, атасының бүкіл мемлекетіне әмірін жүргізді. (Жәнібек хан, Әз Жәнібек хан (туған жылы белгісіз — 1357) — Алтын Орда ханы (1342 — 57), Өзбек ханның баласы.).

Одан соң Тәбриздің Мәлік Ашраф деген әкімі бар еді. Шайтан оны жолынан тайдырып, (ол) өз қызын (әйелдікке) алды. Бұның тарихы былай болды. Оның бір тамаша сұлу қызы бар еді. Бұл бетпақ соған ғашық болды. Бар ынтызары сонда болып, тағаты қалмады. Тәбриздің ғұламаларына ол мынадай сұрақ қояды: «Егер біреу ағаш отырғызып, оның жемісі пісіп жетілсе, оны өзі жеу керек п, жоқ өзгеге беру керек пе?». Оған ғұламалар: «Өзі де жеуіне болады, өзгеге беруіне де болады», - деп жауап береді. Бұл бетпақ - (ал) оның көздегені өз қызы болатын - осы сөзге сүйеніп, өз қызын әйелдікке алды. Солай.

Қысқасы, Тәбриз ғұламалары (Жәнібек) ханға шағым жасайды: «Бұл кісі бізге қияңқы сұрақ қойып, бір бұзық ниетінің шешімін тапты. Біз оның мақсатын білмей, сөздің ретіне қарай айтып едік. Ал оның мақсаты, (өз) қызы екен. (Енді) ол қызын (әйелдікке) алды. Сонымен (қазір) ол кәфір болды ғой: біз болсақ - кәфірдің құлымыз. Ислам патшасы бүгінде сізсіз, сіздің (ендігі) парызыңыз (одан) мұсылмандарды азат ету».

Айтушылар бұл шағым келген кезде (Жәнібек) хан мешітте екінді намазын оқып отыр еді дейді. Сол жерде ол ғұламалардың барлығын жиып, олардан: «Сіздер бұл сөздерге не айтасыздар?» - деп сұрады. Олар да: «Иә, мұсылмандарды осы кәфірден азат қылу сіздің міндетіңіз» деп айтты.

(Хан) бұл сөздерді естігеннен кейін, мешіттен үйіне қайтпады. Ол үш күн бойы сол мешітте қалып, (содан кейін) жасақтанып жорыққа шықты, ал (Тәбризге) келгеннен кейін, Мәлік Әшрафты өлтіріп, Тәбриз бен Ирак уәлаяттарын алды.

Отыз жыл патшалық құрды да, (ал) содан кейін Алла Тағаланың рақымымен дүние салды. Бәріміз де бір Алланың пендесіміз, соған ораламыз. 1


«Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері»: Шыңғыснама. 1 том. Мәдени мұра. Алматы-2005.

0 пікір