Әке мен бала
Әке мен бала
1 жыл бұрын 9798
Ы. Алтынсарин

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

- Анау тағаны, балам, ала жүр, - деп.

Баласы әкесіне:

- Сынып қалған ескі тағаны неғылайын, - деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.  Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен.Соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Онан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды.

Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінене өзі бірбірлеп алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала тымақ қызығып келеді екен. Жерге түскен шиені жалмажан жерден алып, аузына салды. Бірталайдан соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында, әкесі тоқтап тұрып, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты:

- Көрдің бе, мана тағаны жамансынып, жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, бір еңкеюдің орнына, он еңкейдің. Мұның былай есіңде болсын: “Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың!” - деді. 

 

 

0 пікір