Абдулхамид ибн Махмуд әл-Мағули былай әңгімелейді:
Мен Ибн Аббас (р.а.)-тың қасында отырған едім. Сол кезде бір топ адам келіп былай деді:
— Уа, тақсыр! Біз қажылыққа шыққан едік. Жолда бір серігіміз болды. Зат әс-Сифах деген жерде сол серігіміз қайтыс болды. Біз оны жуындырдық, кебіндедік, сосын қабірін қазып, ішкі үйін ләхд жасап жатқанымызда, бір үлкен қара жылан пайда болып, сол ләхдті түгел алып жатты.
Біз қорқып, басқа жерді қаздық, ол жерде де солай қайталанды. Сосын басқа жерді қазып, ішкі үйін жасап болғанымызда, үшіншісінде де қара жылан ләхдті тағы да алып жатты. Содан не істерімізді білмей, сізге келіп, кеңес сұрап отырмыз.
Сонда сахаба Ибн Аббас (р.а.) оларға:
— Бұл – оның өмірде жасаған іс-әрекеттерінің салдары. Барып, сол қазған қабірлердің біріне жерлеңдер. Алла атымен ант етейін, егер бүкіл жерді қазсаңдар да, оны сондай күйде табар едіңдер. Көміп болғаннан кейін бұл жайында, оның қауымына (туыстарына) барып айтыңдар, – деді.
Олар айтады:
"Біз сахабаның кеңесі бойынша барып, оны қазған қабірлердің біріне жерледік. Қайтып келген соң, оның заттарын алып, отбасына тапсырдық. Жарына болған жайтты баяндап бергеннен соң, оның олай болуының себебін сұрадық: "ол қандай іст істеді, сондай күйге душар боларлықтай?" деп.
Сонда әйелі:
— Ол бидай сатып нәпақа табатын. Күн сайын сол бидайдан өзіне алып қалып, ал оның орнын бидайдың сабанымен толтырып, арасына қамыс араластырып, таразыға қосып жіберетін, – деп жауап берді.
"Тәнбиһуль Ғофилин".