«Email-ым болғанда қазір «Microsoft» компаниясында әжетхана жуып жүретін едім»
«Email-ым болғанда қазір «Microsoft» компаниясында әжетхана жуып жүретін едім»
3 жыл бұрын 4051

90-шы жылдардың аяғы, 2000-шы жылдың бас кездері болса керек, бір адам «Майкрософт» компаниясына «әжетхана» тазалаушысы болып жұмысқа тұру мақсатында компанияның кадр бөлімінің бастығымен бетпе-бет тілдесбекке (собеседование) барыпты.

Біраз сұрақ-жауаптан соң кадр бөлімінің бастығы жұмысқа үміткер азаматтың жұмысқа икемдігін тексеру үшін оны толып қалған әжетхананы тазалауға жіберіпті. Ол әжетхананы ойдағыдай тазалап, сыннан сүрінбей өтеді. Содан, сынақтан өткенін сүйіншілегеннен кейін кадр басшысы  жұмысқа бастайтын уақыты мен жұмыс кезегін электронды поштасына (еmail) жіберетіндігін білдіріп, одан еmail адресін сұрайды. Алайда ол, меңшігінде компьютер болмағанын және сол себепті еmail поштасы да жоқ екендігін айтады. Сонда кадр бөлімінің басшысы бірер секундтық үнсіздіктен соң оған қарап:

-«Кешіріңіз, бірақ егер еmail-ыңыз болмаса, сіз, виртуалды тұрғыда жоқ саналасыз, сондықтан да сізді жұмысқа ала алмаймыз» депті, өкінішті түрмен.

Содан, не керек, әлгі кісі компания ғимаратынан шығып «не істесем екен?» деп, шарасыз күйде қалтасына қараса, қалтасында 10 доллар ақшасы ғана бар екен. Біраз ойланып, артынан: «тым болмаса бүгінгі нанымды табайын» деген оймен, қалтасындағы он доллар ақшасына жиырма килограмм шие сатып алыпты да, үй-үйді аралап сата бастапты. Екі-үш сағаттан кейін 20 келі шиесі түгелімен сатылып, 20 доллар пайда түсіріпті. Тым болмағанда осылай күнделікті жейтін нанымды тауып тұрайын деген оймен шие сатуға кірісіпті. 

Күнде таң азанымен тұрып шие сата бастапты. "Әрекетке – берекет" демекші, оның табысы да күннен-күнге арта бастаған. Осылай жүріп бір күні шағын фургон сатып алады. Сонымен тасып сата бастайды. Кейінірек бір үлкен жүк таситын көлік және бірнеше үсті жабық шағын фургон автокөліктерін сатып алады. Осылайша, күн өткен сайын саудасының алаңы кеңейіп, көмекшілері пайда болады.

Өстіп жүргенде арадан бақандай бес жыл өтеді. Бес жылда, ол - Америкадағы ең үлкен транспорттық компаниясының иегері болып шыға келеді.

Күндердің күнінде әлгі кісі отбасын сақтандыру мақсатында жергілікті сақтандыру компанияларының біріне барыпты. Шарт-талаптармен таныстырғаннан кейін сақтандыру компаниясының менеджері әдеттегідей ол кісіден e-mail адресін сұрайды. Алайда, ол электронды пошта қолданбайтындығын айтады. Үлкен бір компания президентінің электрон поштасы болмағанына таң қалған менеджер, таңданысын жасыра алмай:

- "Қызық! Емайлыңыз болмаса да сондай үлкен холдинг құрған екенсіз, ал емайлыңыз болғанда не нәрселер істер едіңіз!" – депті.

Сонда әлгі адамның айтқаны:

-"Еmail-ым болғанда, қазір «Ма́йкрософт» компаниясында әжетхана жуып жүретін едім! – деген екен[1]...


[1] Шетелдік интернет материалдардан аударылды.

Абдусамат Қасым

0 пікір