Христиандарға зұлымдық қылған Зу Нуас пен піл иесі Абраһаның оқиғасы
Христиандарға зұлымдық қылған Зу Нуас пен піл иесі Абраһаның оқиғасы
3 жыл бұрын 5488

Өткен  замандардың  бiрiнде  Йемен  елін  мекен  еткен,  Исаның  дiнiне сенген мүмін халыққа Зу Нуас есiмдi кiсi патшалық етiп, билiк жүргiздi. Зу Нуас  патша  халықты  Исаның  жолы  –  иман  жолынан  қайтармақ  үшін  қолынан  келген  барлық  амалды  жасады.  Әрекеттері  нәтижесiз  болып, мүміндер  имандарынан  қайтпаған  соң,  ол  да  барлық  залым  патша  секiлдi  зорлық-зомбылыққа,  қинау  әдістеріне  көшті.  Ол  мүміндерді  азаптап, «Аллаһтан өзге құдай жоқ» деген әрбiр кiсiнi отпен күйдiрдi.

Йемен  елiнiң  жанындағы  көршiлес  Хабаша  (Эфиопия)  елiне  Абраһа есiмдi  кiсi  патшалық  етiп,  әмiрлiк  жүргiзетiн.  Абраһаға  көршiлес  Йемен елiндегi мүміндердің азапталып, қорланып, Зу Нуастың Исаға сенген әрбiр кiсiнi  отпен  күйдiрiп  жатқандығы  туралы  хабар  жеттi.  Ол  бұл  хабарды естiген соң, әскерiн дайындап, Йемен тарапына жол тартты. Абраһа Йеменге келiп,  Зу  Нуасты  жеңді.  Ол  жердегi  мүміндерге  көрсетiлiп  жатқан азаптардың барлығы жойылып, билiк Абраһаның қолына өтті. Осылайша Зу Нуас Йемен елiнен қуылып, бұл елге де Абраһа патша болды. Әрi бұл жерде ол Исаның дінінің жайылуына мүмкіндіктер жасай бастады.  

Қағба мен Құлләйс

Йемен  елiне  Мекке  қаласы  жақын  орналасқан-ды.  Мекке  қаласының сауда  орталығы  екендiгi  және  арабтардың  белгiлi  бiр  мезгiлде  Меккеге жиналатындығы  әрi  онда  Қағбаның  орналасқаны,  оған  қажылардың келетiндiгi  Абраһаның  назарын  аудартты.  Демек,  Қағбаға  бүкiл  жүрек талпынады. Және арабтар жыл сайын белгiлi уақытта ол жерге қажылыққа келедi.

Абраһа  сауда-саттықтың  Меккеге  көп  пайда  келтiрiп  жатқанын  көрiп және  Мекке  арабтардың  жүрегiнде  ерекше  орын  алғанына  көз  жеткiзді. Мұнан  соң  Абраһаға  бiр  ой  келдi.  Бiрақ  оның  бұл  ойы  шайтани  болып, Исаның  дiнiне  сәйкес  келмейтiн.  Оның  ойлағаны:  қажыларды  Меккеден қайтарып,  Қағбаны  өзi  билiк  жүргiзiп  тұрған  Йемен  қаласына  көшiру  едi.

Сөйтіп, ол көптеген пайда, мал-дүниенің көзін таппақ болды. Демек, Абраһа ендi адамдардың ойынан Қағбаны шығарып, назарын аударту үшiн Йеменде үлкен бiр зәулiм ғимарат тұрғызуы керек. Бұл  ойды  iске  асыру  үшiн  бiршама  уақыт  керек  еді.  Абраһа  халықтан жұмысшыларды, құрылысшыларды, сәулетшілерді жинап: «Мен әлемде ең әдемi, теңдесi жоқ ғимарат салып, адамдардың Қағбаға емес, осы ғимаратқа қажылық  етіп  келулерiн  қалаймын.  Менiң  бұл  жоспарымды  iске  асырып, зәулiм ғимарат салуда бiр-бiрiңе көмектесiп, бiрлесiп тез әрекет жасап, iске кiрiсiңдер»,  –  деген  бұйрық  бердi.  Шынында  да,  Йемен  елiнде  шiркеу көрiнiсiнде өте бiр әдемi ғимарат тұрғызылып, бұл ғибадатхана «Құлләйс» деп  аталды.  Ғимарат  құрылысы  аяқталғаннан  кейiн  Абраһа  арабтарға Қағбаға  емес,  осы  керемет  шiркеуге  қажылық  жасап,  сауда-саттығын  да Йеменде жасауларын ұсынып, қызықтыра бастады.

Бұл  хабар  тарап,  арабтарға  жеттi.  Арабтардың  бұған  келiсiп, қанағаттанулары  үшiн  жарнамалар,  қызықтырулар  жалғаса  түстi.  Бiрақ арабтар  өз  әдет-ғұрпын  жеңiлдiкпен  өзгерте  салуға  әдеттенбеген-ді. Сондықтан  Абраһаның  қалауына  ешбір  араб  назар  аудармады.  Және көптеген  қызықтыруға  қарамастан,  ешкiм  де  бұл  жаңа  ойға  қанағаттанып, келiспедi.  Абраһа  өз  ойын  ешкiмге  мақұлдата  алмаған  соң,  олардың Құлләйсқа  қажылыққа  мәжбүрлiктен  келулерi  үшiн  күш  қолдануға  кiрiстi.

Арабтар  тіптен  ашуланып,  Абраһаны  келемеждей  түсiп,  оның  талап, бұйрықтарын қабылдамады. Арабтар  Йеменге  баруға  келiспей,  бәрi  бiрiгiп  Абраһаға  бағынбау жолында бiр-бiрiне көмектесе бiлдi. Бұл үлкен шiркеуге орасан қаржы мен ерен еңбек жұмсап салдырған Абраһа: «Ендi не iстеуi керек? Қандай тәсiлдi қолдансам, арабтар зиярат үшiн Құлләйске келетiн болады?» – деп ойланды.

Сонымен, Абраһа Қағбаның күл-талқанын шығаруға, адамдардың ол жерге қажылыққа  келулерiне  күшпен  тыйым  салуға  шешiм  шығарды.  Сондай-ақ оның  бұйрығын  орындамай,  қарсы  шығып,  еңбегiн  мазақ  етiп  жатқан арабтарды  ескертпекшi  болды.  Шындығында,  ол  «Қағбаны  күйретемін» деген шешімін берiк ұстанды. Бұл шешiмiмен Абраһа Йемендi Зу Нуастың зорлығынан  құтқарып,  мүміндерді  бостандыққа  шығарып  жасаған жақсылығын жойып жiбердi. Оның шешiмi осындай улы болды.  

Абраһаның Меккеге келуі

Бұл шешiмiмен Абраһа Исаның соңынан еруші, ізбасарлары болған, бір Аллаһқа иман келтірген қауымын басқа дiнге кiргiземiн деп әрекет жасаған Зу  Нуастың iсiн  қайталады.  Ол  адамдардың  қажылығын  Йеменге  өзгертiп, олардың  киелi  Қағбаларын  бұзып  тастамақ.  Абраһа  қолындағы  бар мүмкiндiкпен  әскерiн  дайындауға  кiрiстi.  Бұл  әскердiң  күштi дайындалғанынан  басқа  тағы  бiр  ерекшелiк:  олардың  арасында  арнайы үйретiлген  пiлдер  бар  болатын.  Ал  арабтар  соғыста  мұндайды қолданбайтын. Және Абраһаға қарсы ол сияқты пiлдер дайындауға шамасы жетпейтiн.  Абраһадай  патшаның  пiлдерiмен,  күштi  әскермен  дайындалған тобына олар қалайша қарсы тұра алсын?!

Абраһа  әскерiнің,  пiлдерiнің  дайындығы  аяқталғанда,  оларға  Мекке қаласындағы  Қағбаға  қарай  жолға  шығуға  бұйрық  бердi.  Сонымен,  әскер жолға  шықты.  Үлкен  пiлдер  әскердiң  алдында  жүрдi.  Олар  бiрнеше  күн жүрiп,  ұзақ  жолды  артқа  тастады.  Әскер  күштерiне  сенiп:  «Арабтар  әлсiз. Бiзбен бәсекелесiп, бiзге қарсы шыға алмайды. Бiз, сөзсiз, жеңемiз», – деген арманмен  келе  жатты.  Шындығында,  арабтарда  Абраһаның  әскерi  секiлдi әскер,  құрал-саймандары,  үлкен-үлкен  пiлдерi  жоқ  еді.  Мекке  халқына Абраһаның  пiл  жасақты  әскерiмен  жақындап  қалғандығы  туралы  хабар жеттi.

Мекке  тұрғындары  бұл  хабарды  естiп,  киелi  жерлерiне,  мал-дүниеге, сауда-саттықтан  көретiн  пайдаға  қауiп-қатердiң  төнгенiн  бiлiп,  қатты шошыды. Дұшпанның қуатты, қорқынышты пiлдерi меккелiктердің зәресін алды.  Абраһа  Меккеге  жақындағаннан  кейiн,  кiруден  бұрын  Мекке басшыларымен  келiссөз  жүргiзбек  болып,  өз  өкiлiн  жiбердi.  Өкiл  келiп, меккелiктердiң басшысы Абдулмутталибпен кездесiп: «Ей, Абдулмутталиб! Меккелiктерге  және  ер  жiгiттерге  өз  орындарынан  қозғалмауын,  қарсы шығуға  әрекет  жасамауын  айт.  Егер  кiмде-кiм  қарсы  шығар  болса, өлтiрiледi.  Абраһаның  бұйрықтары  –  осы.  Әскер  Абраһаға  мойынсынған халыққа  зиян  келтірмейді.  Біз  Қағбаны  ғана  бұзамыз.  Ал  бұл  жолда  бiзге қарсы  тұрмақшы  болған  әрбір  адам  өз  жазасын  алатын  болады»,  –  дедi.

Мекке тұрғындары Абраһаға қарсы шығудың қиын екендiгiне, ол ойын iске асырмай  қоймайтындығына  көз  жеткiздi.  Олар  ендi  Меккенi  бұзып жатқандағы көрiнiстi көрiп жүрегi қиналмауы үшiн Меккенi тастап, тауларға шығып кете бастады. Абдулмутталиб: «Қағбаны қорғайтын Раббысы бар», – деп,  «Уа,  Раббым!  Қағбаны  Өзiңе  тапсырдық.  Сен  Өзiң  оны  қорға.  Сенен басқа оны қорғай алатын ешкім жоқ» деп дұға қылды.  

Қағбаның қорғалуы

Меккелiктер Қағба тасталқан етiледi деп ойлап жүрегi қиналып, жылап, Раббыларынан  көмек  сұрап,  Меккеден  алыстады.  Абраһа  әскерiмен жақындап, меккелiктер мен олардың басшыларын мазақ етiп күлiп, Меккеге кiрдi. Олар Қағба жолына жеткенде, Абраһа Қағбаға басып кiру iсiн ретке салып,  келген  мақсатын  iске  асыруға  әскерлеріне  бұйрық  бердi.  Әскерлер жүрiстерiн  жалғастырды.  Бiрақ  олар  өздерiн  жоюшы  азапқа  қарай  жүрiп бара жатыр едi.

Кенет  ешқандай  ескертусiз  iс  өзгерiп,  әскерлер  жүрiстерiнен  тоқтап қалды.  Пiлдер  де  Қағба  жаққа  жүруден  тоқтады.  Олар  Йеменге  қарай бұрылды.  Бiрер  сәттен  кейiн  әскерлер  аспанда  құстардың  қаптап  кеткенін көрдi.  Бұл  қандай  құстар  едi?  Бұлар  оттан  жасалған  кiшкентай  тастарды көтерiп  келген  құстар  болатын.  Құстар  тастарын  әскерлерге  ата  бастады. Қас  қағым  сәтте  барлық  әскер,  пiлдер  жанып,  өлiп  бiттi.  Меккелiктердiң қайғысы  қуанышқа  айналды.  Олар  дұшпандарының  жеңiлiске ұшырағандарын  өз  көзiмен  көрiп  тұрды.  Осылайша  дұшпандардың  ешбір күш-қуаты, әскерi қалмады. Уа, Аллаһ! Саған шүкiрлік болсын! Жәрдемiңдi жiберiп, Үйiң – Қағбаны қорғадың. Уа, жаратылыстың Раббысы! Өзіңді дәрiптеймiз. Аса Мейiрiмдi, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен бастаймын. Раббың пiл иелерiне не iстегенiн көрмейсiң бе? Олардың айлаларын босқа  шашпады ма? Олардың  үстерiне  топ-топ  құстарды  жiбердi емес пе?  Оларды  шоқ  тастармен  атты.  Оларды  мал  жеген  шөптей  етiп қойды.

Хикая,  мінеки,  осылай  аяқталды.  Қағбаны  сақтағандығы  үшiн  Аллаһ тағалаға барлық мұсылман атынан біз де өз шүкiрлігімізді айтамыз. Барша мұсылман қауымға Аллаһ тағаланың тыныштығы, мейiр-шапағаты болсын!

«ҚҰРАН КӘРІМ ХИКАЯЛАРЫ» атты кітаптан.
Арабшадан аударған: А.Ахмад.

0 пікір