Әзіреті Алидің халифа болып тұрған кезіндегі бір тіленшімен болған оқиғасы
Әзіреті Алидің халифа болып тұрған кезіндегі бір тіленшімен болған оқиғасы
3 жыл бұрын 4789

Алидің (р.а.) тіленшімен тілдесуі Ұбайдуллаһ ибн Мұхаммедтің (р.а.) риуаяты бойынша,  бірде  қайыр  тілеп  жүрген  біреу  мүміндердің әміршісі хазірет Алидің есігін қақты. Али (р.а.) Хасанды немесе Хұсейінді «Анаңа алты дирхам берген едім. Соның бірін алып кел», – деп жұмсайды.

Хасан әлде Хұсейін (қайсысы екені белгісіз - авт.) қайтып келіп:

- «Анам оған ұн алмақшы», – дейді. Али (р.а.):

- «Мүмін Аллаһтың  жолында  жұмсамай,  қолында  сақтағанды артық көрсе, онда оның иманы толық болмағаны», – деп, әлгі дирхамның барлығын алып келуін әмір етеді.

Хазірет  Фатима  анамыз  алты  дирхамды  баласынан беріп жібереді. Али (р.а.) бұл қаражатты қайыршының қолына ұстатады. Сол арада түйесін сатпақ болған бір адам келе қалды. Али (р.а.) түйенің бағасын сұрайды. Сатушы: «Жүз қырық дирхам», – деп нарқын айтады. Али (р.а.) саудаласып жатпастан:

- «Түйеңді маған қалдырып кет. Ақшасын кейін беремін», – деп түйені алып  қалады. 

Осы  кезде  түйе  сатып  алғысы  келген басқа біреу:

- «Бұл кімнің түйесі?» – деп сұрады. Али (р.а.):

- «Менің түйем», – деді.

- «Түйеңді маған сатасың ба?», – деді.  

- «Сатамын», – деді Хазреті Әли.

- «Қанша сұрайсың?», – деді әлгі кісі. Али (р.а.):

- «Екі жүз дирхам», – деді. Сатып алушы екі сөзге келмей айтқан бағасына келісе кетеді.

Хазірет Али алғашқы түйенің иесіне қарызын, яғни жүз қырық дирхамын қайтарып берді. Қалған алпыс дирхамды Фатима анамызға алып келгенде, ол:

- «Бұларды қайдан алдың?» – дейді таңдана.

- «Бұл – Аллаһтың өзінің елшісі арқылы бізге уәде еткен сыйы, - дейді Әзіреті Әли. Және артынан мына аятты оқиды: «Кімде-кім Аллаһ Тағалаға бір жақсы амалымен келсе, оған жасаған амалының  он  есесі  беріледі». (Әнғам,  6/160)[1].

«Сахабалар салған сара жол».
«Көкжиек» баспасы. 2011 ж.


[1][1] әл-Хинди, Кәнзул-уммал, 1/106 (16976)

0 пікір