Ібіліс шайтанның Яхя пайғамбармен ғ.с. жолығуы (ғибрат-хикая)
Ібіліс шайтанның Яхя пайғамбармен ғ.с. жолығуы (ғибрат-хикая)
3 жыл бұрын 10768

Күндердің бірінде Зәкәрия пайғамбардың ұлы Яхя пайғамбар (ғалейһимәссәләм), Ібіліс шайтанды (лағнатуллаһ алейһ) кездестіріпті. Яхя ғалейһиссәләм одан:

- Сендер адамдарды болмысына қарай қанша топқа бөлесіңдер? – деп сұраған екен.

- Біз адамдарды болмысына қарай үш сыныпқа бөлеміз, - деп жауап беріпті Ібіліс шайтан.

- Қандай-қандай? – десе, Ібіліс былай деп бөліп беріпті:

- Бірінші сыныптағылар, олар - сен секілді, күнәдан пәк болғандар, оларға шамамыз жетпейді. Екінші топтағылар, олар – біздің қолымызда кішкене баланың қолындағы доп сықылды, оларды қалай лақтырсақ, олай лақтырамыз. Олар бізді әурелемейді. Үшінші топтағылар, олар – біздер үшін ең ауыр топ. Себебі, қашан дегенімізге жеттік пе дегенде, бірден «Истиғфар» айтуға көшеді, осылайша, біздің қол жеткізейін деп тұрған нәтижеміздің тас-талқанын шығарады. Сөйтіп, біз екі ортада қаламыз: не одан үмітімізді үзбейміз, не дегенімізге жете алмаймыз, - деп әңгімесін аяқтапты[1].

Тағы бірде жолыққанда Яхя пайғамбар одан:

- Сен үшін адамдардың ішінен ең сүйкімдісі кімдер? – деп сұрапты.

Шайтан:

- Мен үшін адамдардың ең сүйкімдісі – сараң мұсылман, - деп жауап беріпті.

Яхя пайғамбар:

- Ал, ең жек көретіндерің кімдер? - десе,

Шайтан:

- Адамдардың ең жек көрініштісі – күнәһар жомарт, - деп жауап беріпті.

Яхя ғалейһиссәләм:

- Неге олай? – деп таң қалып сұрапты.

Шайтан:

- Өйткені, сараң мүміннің сараң болуы мен үшін жеткілікті. Ал күнәһар жомарттың жомарттығын Алла Тағала қабыл етіп, осылайша ол, Аллаға жақын құлдардан болып қала ма, деп қорқамын, - деген екен[2].  


[1] Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин».
[2] Исмаил Хаққы: «Рухуль Баян» тәпсірі.

Абдусамат Қасым
 
0 пікір