Имам Ағзамның берген жауабы (ғибрат-хикая)
Имам Ағзамның берген жауабы (ғибрат-хикая)
3 жыл бұрын 9096 biriz.biz/
А. Қасым

Имам Ағзамның заманында бір кісі Ұлық Имамды сынау мақсатында екі ұдай мағына беретін, қарапайым мұсылманды шатастырар сұрақтар қояды. Сауалының мазмұны былай еді:

- Бір адам бар. Бәрі оны мұсылман деп ойлайды. Бірақ кейбір айтып жүрген сөздері оның мұсылман екендігіне күмән тудыртады. Айтқан сөздерінен күпірліктің иісі шығып тұр. Соның үкімін сізден білгім келеді. Ол адам төмендегі сөздерді айтып жүр:  

  • Пейіштен үмітім жоқ.
  • Тозақтан да, Алладан да қорықпаймын.
  • Өлексенің етін құмарлана жеймін.
  • Рүкүғсыз және сәждесіз намаз оқимын.
  • Ақиқатты ұнатпаймын, ал фитна-бүлікті жақсы көремін.
  • Яһуди дініндегілер мен Христиан дініндегілерді растаймын.
  • Көзбен көрмей куәлік етемін.  

Осы сөздерді айтып жүрген адам кәпір ма, әлде мүмін-мұсылман ба? – дейді әлгі адам.

Имам Ағзам бір сәт ойланып, ілім мәжілісінде отырған шәкірттеріне қарайды да:

- Сендер не дейсіңдер? Осылай айтатын адам мүмін ба, кәпір ме? – деп шәкірттерінің пікірін білгісі келеді.

- Бұл сөздер - күпірліктің белгілері. Бұндай сөздер айтушының кәпір екендігін көрсетеді! – дейді шәкірттері.

Сонда Имам Ағзам күлімсіреп басын шайқайды да:

- Мен аталмыш сөздерді айтушы адамды «кәміл мүмін» деп есептеймін. Өйткені, оның бұл сөздері - мәжәзи сөздер, астарында шындық жасырулы, - дейді де, әрі қарай аталмыш сөздердің астарындағы мән-мағыналарды былай деп ашып береді:

  • «Пейіштен үмітім жоқ» дегені – пейіштің иесі болған Алладан ғана үміт күтем дегені.
  • «Тозақтан да, Алладан да қорықпаймын» дегені -  «Тозақтың иесінен қорқамын» дегені, ал «Алладан қорықпаймын» деуінің мәні - Алланың зәрредей әділетсіздік етерінен қорықпаймын дегендік. Алла Тағала о дүниеде оған зұлымдық жасамай, әділ түрде үкім беретінін айтып отыр. 
  • «Өлексенің етін құмарлана жеймін» дегені - балық етін жақсы көретінін білдіреді. Өйткені, балық бауыздалмай желінеді.
  • «Рүкүғсыз және сәждесіз намаз оқимын» деу арқылы жаназа намазын оқитындығын айтып отыр. Жаназа намазының рүкүғы мен сәждесі жоқ.
  • «Хақты ұнатпаймын, ал фитнаны (бүлікті не сынақты) жақсы көремін» дегендегі «Хақты ұнатпаймын» сөзі – өлімді ұнатпаймын дегені. Өйткені, өлім - хақ. Әйтеуір бір күні өлері шындық. Құдайға көп құлшылық жасау үшін өлгісі келмейді. Ал, «Фитнаны жақсы көремін» деу арқылы бала-шағасын жақсы көретінін айтып отыр. Құран Кәрімде: «Малдарың мен балаларың – фитна (сынақ)», - деген. («Тағабун», 15).
  • «Яһуди дініндегілер мен Христиан дініндегілерді растаймын» деген сөзі – олардың бір-бірлеріне айтқан сөздерін растаймын дегені.  
  • «Көзбен көрмей куәлік етемін» дегені болса – Алланы және Оның Расулін көрмесе де Алланың бір екендігіне, әрі Мұхамметтің пайғамбар екендігіне куәлік ететіндігін, сондай-ақ, ақиреттегі жағдайды көрмесе де оның ақиқат екендігіне куәлік ететіндігін білдірмек. 

Имам Ағзамның жасаған тәпсіріне риза болған әлгі адам іштегі ризашылығын жасыра алмай алғысын жаудырып, бұрылып кете барыпты.

0 пікір