Иудейдің мұсылман болуына себепкер болған саудагер (ғибрат хикая)
Иудейдің мұсылман болуына себепкер болған саудагер (ғибрат хикая)
2 ай бұрын 2133

Ерте заманда бір мұсылман саудагер өзінің сатушыларына «ақаулы тауарлар шықса, ақаулығын айтып сатуларын» ескертіп отырады екен.

Күндердің бірінде саудагердің өзі болмай, дүкенге бір иудей алушы келіпті. Дүкендегі сатушы жігіт «иудей ғой, мұсылман емес» деп, ақаулы тауардың кемшілігін айтпай, үш мың дирхамға сатып жіберпті.

Біраз күннен кейін дүкеннің иесі де келеді. Дүкенге келгеннен соң ақаулы тауардың жоғын байқайды. Сатушы жігіт оны бір иудей адамға үш мың дирхамға сатып жібергенін айтады. «Ақаулы екендігін айттың ба?» -  деп сұрағанда, жігіт ақаулығын айтпай сатып жібергенін білдіреді.

Дүкеннің қожайыны әлгі иудейдің соңынан іздеп шығады. Сұрастыра келе бір керуенге ілесіп кеткендігін біледі. Керуеннің ізімен жүріп, ақырында үш күн дегенде зорға қуып жетеді.

Керуендегілердің арасынан иудей адамды тауып алып, оған:

- Түнеу күні пәлен жердегі, түген дүкеннен бір зат сатып алған едіңіз, ол зат ақаулы зат тұғын, сіз оны толық бағасын төлепсіз. Міне ақшаңыз, затты қайта алайын!, - дейді кешірім сұрап.

- Осыны айту үшін сонша жерден келдің бе?! – дейді иудей дін өкілі таң қалған кейіпте.

- Иә, - дейді мұсылман саудагер.

- Мұншалықты адал болуыңа итермелеген не нәрсе? – деп сұрайды иудей.

- Төл дінім Ислам. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Бізді алдаған бізден емес!» деген, - дейді мұсылман саудагер.

Сонда иудей дін өкілі оның адалдығына дән риза болып:

- Төлеген ақшам сізде қала берсін. Әріберіденсоң, одан да артығын айтайын: мен мұсылман болуға шешім қабылдадым, - дейді де, артынша: «Алладан басқа құдай жоқ екеніне күәлік етемін және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне күәлік етемін» - деп тілін кәлимаға келтіріп, мұсылман болған екен. Осылайша, мұсылман саудагер өзінің адалдық жолындағы жанкештілігінің арқасында діні бөтен бір адамның тура жол табуына септігін тигізіпті. Біле білсек, бір адамның һидаят табуына себепкер болу – дүниедегі бар байлықтан артық!

Расында да, Ислам діні қылышпен жайылмады. Ислам діні мұсылмандардың көркем әдептері мен адалдықтарының арқасында жайылды. Әзіреті Омардың мына бір сөзі қандай керемет айтылған: «Сендер үндемес уағызшылар болыңдар!» дейді, сонда қасындағылар: «Ол қалай?» дегенде, Әзіреті Омар: «Көркем мінездеріңмен!» деген екен. Көркем әдеп – бәрін жеңбек!

Уә ахиру даъуәнә әниль хамду лилләһи Раббиль аләмин!

А. Қасым

 

 

0 пікір