Нағыз қажы кім?
Нағыз қажы кім?
8 жыл бұрын 6471
Құдайберді БАҒАШАР

   Табииіндік парасатты ғалым, сопы әрі хадисші Абдуллаһ ибн Мүбарак қажылығын тәмамдап, Қағбаның түбінде отырғанда көзі ілініп кетіпті. Сол сол-ақ екен Алла Тағаланың әмірімен көктен екі періште түсіпті. Біреуі екіншісіне:

- Осы жылы 600 мың кісі қажылық жасады. Алайда бұлардың бәрінің жасаған қажылығы Шам қаласындағы Али ибн Муаффақ есімді етікшінің құрметі үшін ғана қабыл болды. Ал, ол кісі қанша жыл талаптанса да бәрібір қажылық міндетін өтей алмаған көрінеді. Бірақ, бір ісінің Жаратқанға ұнағаны соншалық, осыншама адамның құлшылығы  соның құрметі үшін ғана  қабыл болды, - дейді.

   Абдуллаһ ибн Мүбарак ұйқылы-ояу тұра сала таңданып таңдай қаққан күйі бірден керуенге ілесіп Шамға тартады. Шамға келе сала жаңағы кісіні тауып алып шаужайына жабыса кетеді: "Айналайын, қажылыққа бара алмапсың, сонда қандай амал жасадың?"- деп сұрайды.

   Али ибн Муаффақ өзін Абдуллаһ ибн Мүбарак сынды жұртқа танымал кісінің іздеп келгенін көріп өз көзіне өзі сенбеген күйі есінен танарлық халге түседі. Есін жиғанда тілі сөйлеуге келіп өз жайын  былай деп баяндайды:

- Отыз жыл қажылыққа барсам деп армандадым. Елдің аяқ киімін жамап 300 дирхәм ақша жинадым. Қажылыққа жол тартпақшы болдым. Енді жүрмек болғанымда, етке жерік аяғы ауыр әйелім: «Көршінің үйінен ет иісі шығады. Маған сол еттен бір жапырақ кесіп әкеліп берші?», - деп өтінді. Көңілін қимадым. Көршіге бардым. Мән-жайды түсіндірдім. Көршім еңкілдеп жылаған күйі: «Бір апта болды. Балаларым аш. Тіске басар ештеңе жоқ. Жолдың шетінде өліп жатқан бір өлексе малды көрдім. Соның қоң етінен кесіп алдым. Сол етті қазанға салып қайнатып, балаларды жұбатып отырған жайым бар. Егер адал ештеңе таппасам осы арам еттен бермеске басқа лажым жоқ. Қаласаңыз сізге де берейін. Бірақ аштықтан өліп бара жатқандарға ғана болмаса, бұл тоқтықта отырған сіздерге харам ғой», - деген еді.

   Али ибн Муаффақ сөзін жалғастырды: "Бұны естігенде жүрегімді біреу тіліп жібергендей қатты жаным ашыды. Әрең жинаған 300 дирхәмымды қолма-қол соған ұстаттым да «Я, Алла Тағала! Өтей алмасам да менің қажылық ниетімді қабыл ала гөр!» деп дұға еттім,"- депті.

      Бұны естіген Абдуллаһ ибн Мүбарак:

- Ендеше Алла Тағала түсімде маған рас білдіріпті, - деген екен.  

Рас, қысылғанға қол ұшын беру кейде адамды жасап жүрген құлшылығынан да сан есе көп сауапқа кенелтуі мүмкін.

0 пікір