СИҚЫРШЫ БАЛАНЫҢ ИМАНҒА КЕЛУ ОҚИҒАСЫ
СИҚЫРШЫ БАЛАНЫҢ ИМАНҒА КЕЛУ ОҚИҒАСЫ
3 жыл бұрын 5287

Өткен замандардың бiрiнде бiр патша өз қауымына әмiрiн жүргiзiп, оларды өзiне сиындырыпты. Бұйрығына қарсы шығатын әрбiр кiсiнi қорқытып, ескертіп отырған. Ол елi үшiн әрi патша, әрi құдай болды. Адамдар одан зәре жоқ қорқатын. Шындықты бiлетiндер өте аз едi. Көпшiлiктiң жүрегiнде иман жоқ болып кеткен-дi. Олар бiр Аллаға құлшылық жасап, сиыну қажет екенiн, Алладан өзге құдайлардың жасанды әрi оларға сиынуға болмайтындығын бiлмейтiн. Бұл қауымның патшасы да сол жасанды құдайлардың бiрi едi. Әлбетте, жасанды құдай қай кезде де жасанды күйiнде қалады. Егер одан Перғауыннан қорыққандай қорықса да немесе өткен iзгi кiсiлер секiлдi жақсы көрсе де, не қолмен жасалған мүсiн болса да, бәрiбiр жасанды қалпында қала береді.

Сөйтіп, жасанды тәңірге айналған патшаның көптеген уәзiрi мен көмекшiсi бар-тұғын. Олар патшаның зұлымдық iстерiне көмек беретiн. Олардың арасында аса бiлiмдi бiр сиқыршы бар еді. Бұл сиқыршының мiндетi – өз сиқырымен адамдарды алдап-арбап, патшаға сиындырып, патшаны құдай етiп көрсету. Ол адамдардың бiрде-бiреуiнің шындық туралы ойламай, ақиқатты бiлмей, патшаның зорлық-зомбылығына қарсы шықпай, үнемi патшаға мойынсынып, құлшылық жасаулары үшiн сиқырлық өнерiн жалғастырумен болды. Адамдарды осылайша сиқырмен алдап, қорқытып, патшаға сиындыру жалғаса түсті.

Жылдар өте бұл сиқыршы да қартайды. Бiрде ол сарайдағы патшаның алдына келіп: 

-«Уа, жоғары мәртебелi әмiршiм! Көрiп тұрғаныңыздай, менiң жасым ұлғайып, қартайдым. Менен кейiн де адамдарды алдап, сiзге бағындыра беруі үшiн бiр жақсы, зерек баланы таңдап, маған шәкiрт етiп берсеңiз. Мен оған сиқыр-бiлiмдерiмдi үйретсем», – деп өз ұсынысын бiлдiрдi. Патша сиқыршының бұл ұсынысын мақұл көрiп, оның айтқанындай бiр баланы таңдайды. Ол балаға қарт сиқыршыдан сиқырдың құпия-сырларын үйренуі үшiн сарайға күнде келуге әмiр еттi. Жас бала сиқыр iлiмiн үйрену үшiн мәжбүрліктен үйiнен сарайға таңертең келiп, кешке қайтатын. Осылайша күндер сырғып өтiп жатты. 

Баланың мүмінге жолығуы

Бiр күнi бала сиқырлық iлiмiн үйрену үшiн сарайға келе жатқан-ды. Жол бойындағы бiр тауда жасырынып, ғибадат жасап жүретiн бiр мүмін адам бар еді. Сол кiсi баланы шақырып:

- «Ей, бала! Күнде таңертең кетiп, кешке қайтасың. Сонда сен қай жерге барасың?» – деп сұрады.

Бала сиқырлық сабағын алу үшiн патша сарайына барып, кешке қайтатынын айтты. Және бұл сұрақты не үшiн қойғандығын сұрады.

Мүмін кiсi:

- «Ей, балам! Сен үйренiп жүрген сиқыр – күпiрлiк. Бұл күпірлікті бiздi, патшаны және сиқыршыны да жаратқан Алла қабыл етпейдi. Мен саған бұдан жақсырақ, қымбатырақ әрi мәңгi болатын бiлiмдi үйретсем, қалай қарайсың?» – дедi.

Зерек бала бұл ұсынысты қабыл алып, келісті. Бала ендi сиқыршыдан
сиқырды, ғибадатшыл мүміннен хақ дінді үйрене бастады.

Тәңірлік мұғжиза

Бiр күнi бала күнделiктi әдетi бойынша үйiнен шығып, ғибадатшыл мүмін кiсiнiң алдына келе жатты. Ол жолда бiр топ адамның топырлап, жиналып тұрғанын көрдi. Бұл адамдардың жолына үлкен бiр жануар тұрып алыпты. Адамдар одан өте алмай тұр екен. Сонда бала жерден бiр тас алып: «Уа, Раббым! Егер ғибадатшыл мүміннің маған үйретiп жатқан бiлiмi сиқыршының iлiмiнен абзал болса, бұл жануарды өлтiрiп, одан бiздi құтқар», – деп қолындағы тасты жануарға қарай лақтырды. Тас жануарға тиiп, жануар өлдi. Жиналып тұрған адамдар бұл оқиғаның куәсi болды.

Олар: «Жас баланың атқан кiшкене ғана тасынан бұл жануардың шынымен де өлгені ме?» – деп таңданып қалды. Бала ғибадатшыл мүмін кiсiнiң алдына келіп, болған оқиғаны айтып бердi. Сондай-ақ Алла тағаланың қалауымен алып жатқан бiлiмiнiң растығын, сиқыршының – кәпiр, ғибадатшылдың мүмін екенiне көз жеткiзгендiгiн, құлшылықшыл мүміннің үйретiп жатқан бiлiмiнiң сиқырды үйренiп, адамдарды алдағаннан гөрi анағұрлым артықтығын түсiнгенiн айтты. Мүмін кісі баланың сөзiн ден қоя тыңдап, баланың сенiмiнiң жоғары дәрежеге жеткенiн түсініп: «Ей, балам! Менiң сөзiме құлақ сал. Сен иманыңда берiк, шыдамды бол. Ешқашан ешкімнен қорықпа. Әрбiр мүмін адамның қиындықтарға жолығары сөзсiз. Және кәпiрлер оны азаптайды. "Патшаға менiң тұратын жерiмдi ешқашан айтып қойма», – деп насихат айтты. 

Жануар туралы хабар таралып, адамдар баланың тегін еместігін, әр нәрсеге күшi жететiндей қабілеттілігін сезiп, баланың үйiне ауруларына шипа сұрап, қайғыларын жеңiлдету үшiн топ-топ болып келе бастады. Келушiлер арасында патша сарайында қызмет атқаратын бiр соқыр уәзiр де болды. Уәзiр балаға келiп, егер көзiн көретiн етiп берсе, қалағанынша мал-дүние беретiнiн айтты. Сонда бала уәзiрге: «Мен ешқандай мал-дүние алмаймын. Тек қана сiзден өзiңiзге шипа бере алатын Аллаға сенуiңiздi сұраймын. Себебi мен ешқайсыңызға өз құдiретiммен шипа бере алмаймын. Әрi еш нәрсеге шамам жетпейдi. Мен тек Алла тағаланың құдiретiмен, қалауымен ғана емдей аламын», – дедi. Уәзiр баланың сұранысын орындап, жаңа, тура жол дiнiн қабылдап, иман келтірді. 

Патшаның қатыгездігі және баланың шейіт болуы

Хабар халық арасына тез арада жайылды. Бұл iстен хабардар болған патша уәзiрдi шақырып, иманға қалай келгенiн сұрады. Уәзiр баланы айтты. Патша мұны iстеген өз сарайындағы сиқырды үйренушi бала екенiн бiлiп, таңданды. Баланы алдыртып, иманға келу жайлы ойдың қалай пайда болғанын сұрап, қатты азаптады. Ақыры бала ғибадатшыл мүмін кiсiнi айтты. Патша үшеуiн: уәзiрдi де, ғибадатшыл мүмінді де, баланы да жинап, оларды қинап, азаптай бастады. Өйткенi олар серiксiз бiр Аллаға сенiп, жасанды құдай, залым патшаға бойсұнбайтын едi. Патша ғибадатшыл мүмін кiсiнi арнайы араның астына қойып, иманнан қайтуды не қор болып өлудi ұсынып, екеуiнен бiреуiн таңдауды бұйырды. Алайда ғибадатшыл мүмін иманынан қайтпай, Алла жолында шәһид болуды артық көрдi. Және дiнi, иманы жолында қиындықтарға сабыр еттi. 

Сосын патша уәзiрге де ғибадатшыл мүмінге қолданғанындай тәсiлдi қолданды. Уәзiр де иманынан қайтқанша араланып өлудi артық көрдi. Сөйтiп, уәзiр екiншi шәһид болды. Бұл екеуін көргеннен кейін баланың иманы бұрынғыдан да күшейе түсті. Ол сабырлылықпен Алла тағала жолында құрбан болуға дайын тұрды. Бiрақ патша жас сиқыршыдан айырылуды қаламады. Сондықтан оны әуелi бiраз қорқытпақ ниетпен әскерлермен тауға жiберiп, егер патшаның дiнiне қайтпаса, таудың үстiнен лақтыруды бұйырды. Алла тағала баланы олардан құтқарды. Бала патшаның алдына аман-есен қайтып келдi. Патша екiншi жолы теңiзге жiбердi. Бұл жолы да Алла тағала оны құтқарып, ол сау-саламат қайтып келдi. Патшаның баланы өлтiруге де, қорқытуға да шамасы келмей, аңтарылды. Сонда бала патшаға:

- «Шыныменен менен құтылғыңыз келiп тұр ма?» – дедi.

Патша:

- «Иә», – деп жауап бердi.

Бала:

- «Онда мен сiзге менi өлтiрудiң жолын үйретейiн. Бiрақ оны өте шеберлiкпен орындауыңыз керек», – дедi.

Сонда патша:

- «Ол қандай жол екен?» – деп сұрады.

Бала: 

- «Адамдардың баршасын алаңға жинаңыз. Менi ағашқа байлаңыз да, қынабымнан жебемді алып, маған оқтап, «Бұл баланың Раббысы Алланың атымен» деп айтыңыз. Сонда жебе маған тиiп, мен өлемін. Егер менi өлтiрудi шыныменен қалап тұрсаңыз, оның жолы осы ғана», – дедi. Мұны естіген патша iстiң ақырын ойланып жатпастан-ақ дереу бұл тәсiлдi қолданып көруге кiрiстi. 

Патша адамдарды жинады. Баланы байлап, оның бiр жебесін алып, оған бағыттап: «Баланың Раббысы Алланың атымен», – деп, атты. Жебе балаға қадалып, бала шейіт болады. Ол мүміндердің үшiншi шәһиді болды. Адамдар патшаның баланы «Баланың Раббысы Алланың атымен» дегенiнен кейiн ғана өлтiре алғандығын көрді.

Бұдан соң жиналғандардың баршасы ержүректiлiкпен дауыстарын жоғары көтерiп, ашық түрде: «Баланың Раббысы Аллаға сендiк», – дестi. Мұны көрген кәпiр патшаның таңғалысы арта түстi. Осылайша барша адам иманға келдi. Бала өз дінін, сенімін сақтап қалу барысында құрбан болып құласа да, адамдарды иманға кiргiзуде зор табысқа жеттi. Иманына берік жандар үшеу еді, енді олардың саны бірнеше мыңдаған мүміндерге жетті.

«Құрандағы хикаялар» атты кітаптан.

 

0 пікір