Тәубаға келген күйеу
Тәубаға келген күйеу
7 жыл бұрын 4547
Құдайберді БАҒАШАР

    Мұсылманшылықты берік ұстанған иманжүзді әйелдің керісінше діннен мүлдем хабарсыз әрі екіжүзді, пасық күйеуі бар еді. Әлгі діндар әйел қай істі бастаса да «Бисмиллаһ» деп барып қана бастайтын. Ал күйеуі оның бұнысына қатты ашуланатын. Сол үшін де әйеліне көрсетпеген қорлығы жоқ еді. Әйелі байғұс күйеуінен көрген құқайларға барынша сабыр ететін де тек қана Аллаға күндіз-түні дұға етіп, күйеуін тура жолға түсіруді тілейтін.

   Қабағынан қар жауған күйеуі бір күні тағы да қатты ашуланды. Әйелін осы жолы да ебін тауып шықпыртып алмақ болғандықтан, өзінше оған себеп іздей бастады. Іштей: «Бұны жақсылап тұрып қатырайын, қайтер екен? Содан соң көрсетейін көресесін» деп күбірлеген күйі әйеліне жала жауып, жазғырудың жолын қарастыра бастады. Құдай алдында бас иіп иманға келмегендіктен, оның жүрегін әлдеқашан осындай бықсыған арамдық жайлап алған-ды.  

   Әйелін шақырып оған бір кесе алтын берді де: "Мынаны бір жерге тығып қой!" - деді. Әйелі күйеуінің айтқанын екі етпестен «Бисмиллаһ» деген күйі алтын толы кесені үйдің бір жеріне тығып қойды. Ал күйеуі оны сырттай аңдып тұрып, алтынды әйелінің қайда жасырғандығын біліп алды. Артынша әйелінің көзін ала беріп жасырған жерден алтынды алды да кесесін суы бар терең бір құдыққа тастай салды. Арада көп өтпей жатып әйелін қайта шақырды да: "Әнеукүнгі саған берген алтынды қайтып әкел", - деді. Әйелі жүгіріп барған күйі өзі жасырған жерге «Бисмиллаһ» деп қолын сұқты. Әйелдің шын ықылас-пейіліне Алла Тағала разы болғандықтан, бар алтын мұрты бұзылмаған күйі кесесімен бірге сол орнында тұр еді. Бірақ кеседен су тамшылап тұрды. Әйел кесенің неліктен су болғанын түсінбестен алтынды алған күйі күйеуіне әкеліп берді.

   Алтын толы кесені бәз баяғы қалпында көргенде күйеуі есі шыға таңғалды. Сөйтті де әйелінің істеп жүрген тірліктерінің қаншалықты шындық екендігіне осы жолы анық көз жеткізді. Қипақтап әйеліне қараған күйі:

- Саған осы уақытқа дейін қаншама қиянат жасадым. Менің барлық пендешіліктерімді кешірші? Шын тәуба етіп, Алладан да үлкен кешірім сұраймын. Осыдан бастап құлдық ұрып құлшылығымды жасайтын боламын,- деп жалынды.

   Сол күннен бастап: "Я, Алла Тағала! Маған о дүние мен бұ дүниемді бақытты ететін діндар әйел нәсіп еткеніңе көп шүкіршілік айтамын. Мені кешіре гөр!"- деп дұға ететін болды.

   Ал оның иманды әйелі болса: "О, Жаратқан! Ертелі-кеш аузымнан тастамайтын дұғамды қабыл алып, күйеуімді тура жолға түсіргеніңе мың да бір шүкір", - деп дұға етті.

   Ата-бабаларымыз айтып кеткен «Шын жыласа соқыр көзден де жас шығар» деген сірә осы болар?!     

 

0 пікір