Зинадан соңғы сәтте бас тартқан жігіттің оқиғасы
Зинадан соңғы сәтте бас тартқан жігіттің оқиғасы
12 ай бұрын 15213

Яхия ибн Әйюб әңгімелейді:

«Естуімше, хазірет Омар (р.а.) тұсында мешіттен аттап шықпайтын тақуа әрі  діндар  бір  жігіт  бар  болатын.  Омар  оның  осы қылығын жақсы көретін. Жігіттің қарт әкесі бар еді.  Жігіт құптан намазын оқи сала дереу әкесіне асығатын. Оның мешітке қатынайтын жолында әлдебір әйел өмір сүретін. Әйел тақуа жігітке есі кете ғашық боп қалады. Әрдайым жігіттің жолын тосып, алдынан шығатын.

Бірде жігіт әдеттегіше үйіне қайтып келе жатқан болатын. Әйел тағы да алдынан шығып, оны азғыра бастайды. Жігіт әйелдің соңынан қалай еріп кеткенін аңғармай да қалды. Үйдің ауласына ене бергенде, Аллаһ есіне түседі де, мына аят аузынан төгіледі:

«Аллаһқа қарсы шығудан сақтанушы тақуаларға шайтаннан қандай да бір сыбыс естілсе, дереу ойланып өзіне келеді де, қырағылық танытады» (Ағраф 7/201).

Жігіт  осы  аятты  оқыды  да,  жерге  сұлап  түсті.  Әйел  күңін  көмекке  шақырып,  екеулеп  жүріп,  өз үйінің  есігінің  алдына  дейін  алып  келді.  Оны  жерге жайғастырып, есікті қағады. Әкесі ұлының мына жағдайын көріп, көмекке көршілерін шақырды. Жабылып жүріп үйге кіргізеді. Жігіт ұзақ уақыт ес-түссіз жатып, әрең дегенде есін жияды. Көңілі орнына түскен әкесі ұлынан:  

–  Қай жерің ауырады? Не болды? – деп сұрайды.

Жігіт:

–  Еш жерім ауырмайды, жай, – деді. Әкесі қоймаған соң, басынан өткеннің барлығын айтып берді.

–  Қай аятты оқып едің? – деп сұрады әкесі. Жігіт әлгі аятты қайталап оқығаны сол еді, тағы есінен танып қалды. Бірақ бұл жолы есін жия алмаған күйі өмірімен қош айтысты. Жуындырып, түнге қарай оның сүйегін жер қойнына берді.

Таңертеңгісін бұл оқиға Омардың (р.а.) құлағына да  жетті.  Омар  жігіттің  әкесіне  келіп  көңіл  айтқан соң:

–  Маған неге хабар бермедіңіз, – деді. Әкесі:

–  Ей, Мүминдердің әміршісі! Оқиға түнде болды. Түн жарымда сізді мазаламайық дедік, – деді.Аллаһтан келген таңғажайып жәрдемдер

–  Олай болса, мені қабіріне алып барыңыз, – деді

Омар.  Олар  жігіттің  қабірінің  басына  келеді.  Омар (р.а.):

–  Ей,  бауырым!  Раббының  құзырына  шығудан қауіптенген мүминге екі жаннат бар (Рахман 55/46) , – деп дауыстайды. Қабір ішінде жатқан жігіт те оған:

–  Ей, Омар! Раббым маған сен айтқан жаннатты екі мәрте берді, – деп жауап қайтарды»[1].

"Сахабалар салған сара жол" атты кітаптан.


[1] Ибн Касир, Тафсир, 2/279

0 пікір