"АХАД" ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА: "Сахих" хадис (2-бөлім)
"АХАД" ХАДИСТЕР ЖАЙЫНДА: "Сахих" хадис (2-бөлім)
2 жыл бұрын 3550
Абдусамат Қасым

Өткен мақаламызда «Жету жолдарының санына қарай ахад хадистер» тақырыбы төңірегінде сөз қозғаған болатынбыз. Осы жөнінен ахад хадистер үшке бөлінеді дедік: Мәшһур, ғазиз және ғариб.

Ендігі жерде, Ахад хадистер (яғни, мәшһур, ғазиз және ғариб хадистер) әлсіздігі мен қуаттылығы жөнінен «мақбұл», яғни, қабыл етілген және «мәрдүд» - қабыл етілмеген деп бөлінеді.

МАҚБҰЛ ХАДИСТЕР

Мақбұл хадис – хадис жеткізушінің шыншыл екендігі мақұлданған хадис. Оның үкімі: Ондай хадис шариғи дәлел ретінде саналады және онымен амал ету міндет.

МАҚБУЛЬ ХАДИСТІҢ ТҮРЛЕРІ

Мақбуль хадистер дәрежесіне қарай: «Сахих» хадис және «Хасан» хадис болып бөлінеді. Бұл екеуі де өз ішінде: «Сахих лизәтиһи, «Сахих лиғойриһи» және «Хасан лизәтиһи», «Хасан лиғойриһи» болып бөлінеді.  

Сахих хадис 

«Сахих» тілдік мағынада «дені сау» деген ұғымды білдіреді. Хадис ғылымындағы анықтамасы:

«Әділ әрі алғыр (добыйт) риуатшылардың өздері секілді әділ және алғыр риуатшылар тарапынан жеткізген, сәнәді жалғасымды, шазз емес және жасырын кінәраты жоқ (мәълүл емес) хадисті - «Сахих хадис» дейді».  

- Әділ риуатшы деп, мұсылман, балиғат жасындағы, ақыл-есі дұрыс, күнәдан ұзақ тұратын, көркем әдепті риуатшыны айтады.

- Алғыр деп, естіген хадисін артық-кемшіліксіз тура жеткізе алатындай қабілеттегі риуатшы.

- Шәзз емес дегені – сенімді риуатшының өзінен сенімдірек басқа бір риуатшының риуаят еткен хадисіне кереғар келмеген хадис.

- "Жасырын кінәраттан аман" дегені – хадис бір қарағанда кінәратсыз көрінгенімен, зерттей келе хадистің саулығына залалын тигізетін жасырын кінәраттар болуы мүмкін. Ондай хадисті «маълүл» дейді, ақаулы хадис. Сахих хадистерде мұндай жасырын кінәрат болмайды. Жасырын кінәрат табылған хадисті «ақаулы» хадис дейді.

Демек, әлдебір хадисті «сахих» деп атауымыз үшін бес шарт табылу керек екен:

  1. Сәнәдінің үзіксіз болуы. (Сәнәд – хадисті жеткізушілердің есімдері орын алған тізбек).
  2. Риуатшылардың «әділ» болуы.
  3. Риуатшылардың «алғыр» болулары (Добит).
  4. Жасырын кінәраттың болмауы.
  5. Шәзз хадис болмау.

Осы шарттардың бірі табылмаса хадис «сахих» деп аталмайды.

Сахих хадистердің үкімі

Хадисші ғалымдардың бір ауыздан келіскен келісімі бойынша, сахих хадистермен амал ету уәжіп. Сахих хадистер шариғи дәлелдердің бірі әрі бірегейі. Мұсылман адамның оны амалға асырмауына болмайды. (Әрине, фиқһи тұрғыда хадистерден шығарылған үкімдер де: парыз, уәжіп, сүннет, мұстахаб, мубах болып бөлінеді, соған қарай амалға асырудың міндеттілігі де өзгереді).

«Сахих хадис» және «Сахих емес хадис» деген сөздердің мағынасы

Хадисші ғалымдар әлдебір хадиске байланысты «бұл хадис - сахих» деген болса, оның мәні – жоғарыда аталып өткен бес шарттың бесеуі де табылған хадис деген мағынада. Дегенмен, ол сөз ол хадистің сахих екендігі кесімді түрде екендігін білдірмейді. Сенімді болғанымен, ұмыту, қате жіберу ықтималдығы да жоқ емес.

Ал Хадисші ғалымдардың «бұл хадис - сахих емес» деген сөздерінің астарында, аталып өткен бес шарттың бәрі немесе кейбірі табылмаған хадис деген мағына жатыр. Бірақ «сахих емес» деген сөздері оның «жалған хадис» екендігін көрсетпейді. Өйткені, көп қате жіберетін риуатшы да кейде қатесіз жеткізген болуы мүмкін.

Бірыңғай "Сахих хадистерді" жинақтаған хадис жинағы

Бірыңғай сахих хадистерді топтастырған алғашқы хадис кітабы, ол – Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадис кітабы. Одан кейін Имам Мүслімнің «Сахих Мүслім» атты хадис кітабы келеді. Бұл екеуі – Құраннан кейінгі кітаптардың ең сенімдісі. Бүкіл мұсылман үмбеті ол екі кітаптың сенімді екендігіне ымыраласқан.

Дегенмен, бұл қос кітапта «сахих хадистердің» бәрі дерлігі қамтылмағанын айтпай кетуге болмайды. Ол екі кітапқа алынбаған басқа да сахих хадистер баршылық. Оларды өзге хадистер жинақтарынан табуға болады.

Cахих лиғойриһи

«Сахих» терминінің мағынасы жоғарыда айтылды. Ал «Лиғойриһи» деген: «өзгеге қарай», «өзге себепті», «өзге үшін» деген мағыналарда. Сонда «сахих лиғойриһи» делінген кезде, ол - хадистің өзге нұсқаларына қарай сахих үкімін алған дегенді тұспалдайды.

Демек, «Сахих лиғойриһи» деп, өзінен қуаттырек немесе өзімен тең дәрежедегі басқа жолмен (сәнәдпен) жеткен мазмұндас хадис нұсқасы бар - «хасан лизатиһи» болған хадисті айтады екенбіз.

Ендеше, Сахих лиғойриһи, ол - "сахих" үкімін алған "хасан" хадис екен. Ал оның (хасанның) «сахих лиғойриһи» деп аталуының себебі – оның сахих сипаты өзінен емес, яғни, өзінің сәнәдінан туындамаған, басқа риуаяттың жәрдемімен «сахих» сипаты қосымша пайда болып отыр.   

Қысқаша айтқанда: «хасан» үкіміндегі бір хадис, өзімен мазмұндас өзге хасан хадистің келуі себепті, «сахих лиғойриһи» үкімін алады.

"Сахих лиғойриһи" үкіміндегі «хасан хадистердің» қуаттылығы – өзге хасан хадистерден бір саты жоғары.

Мысалы:

Имам Тирмизидің хадистер жинағында мынадай бір риуаят бар:

«Мұхаммед ибн Ъамр, Әбу Сәләмадан, Ол Әбу Һурайрадан, Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігін жеткізген: «Үмбетіме ауыр келетіндігінен қорықпаған болсам, оларға әр намазда тістерін мисуакпен тазаласын деп бұйырар едім».

Осы хадисті жеткізуші рауилер арасындағы «Мұхаммед ибн Ъамр» деген риуатшыға Ибн Салах есімді хадис ғалымы былай деп мінездеме береді:

«Мұхаммед ибн Ъамр ибн Алқама – шыншылдығы жөнінен және тақуалығы жөнінен әйгілі риуатшылардың бірі болған. Бірақ «итқан» иесі емес еді. Кейбір хадисшілер оның жаттау қабілетінің нашарлығына қарап «әлсіз рауи» деген баға берген. Ал кейбір хадисшілер оның шыншылдығы мен діндарлығына орай, сиқа үкімін береді. Ендеше, осы жөнінен алғанда оның келтірген аталмыш хадисі (мисуак жайындағы хадисі) «Хасан» хадис болып саналады. Алайда, хадистің басқа да жолдармен келуі – біздегі оның жаттау қабілетінің әлсіздігінен туындаған күмәнді жойып отыр. Хадистегі осы нұқсандық, басқа нұсқаларынан қуат алып, ол хадистің сәнәді «сахих» деген үкім алды. Осылайша, ол риуаят (яғни, Мұхаммед ибн Ъамрдан жеткен хасан хадис) сахих хадистердің қатарынан орын алып отыр».

Қорыта айтқанда:

Сахих хадис деген, бес шарты түгел табылған хадис. Сахих лиғойриһи болса - «сахих» дәрежесіне көтерілген хасан хадис.

«Хасан» хадис дегеніміз не? Ол жайында - келесі жазбамызда. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин![1] 


[1] Махмұд Тоххан: «Тәйсиру Мусталахатиль Хадис».

0 пікір