АЛЛАҒА ДЕГЕН МАХАББАТ
АЛЛАҒА ДЕГЕН МАХАББАТ
3 жыл бұрын 5204

Адам баласы махаббатының нәтижесін сүйген кісісінің өз сүйіспеншілігіне лайықты болу деңгейіне қарай бағалайды. Сондықтан, адам баласы сүю қабілетін жалғыз Аллаға ғана бағыттағаны жөн. Міне, сонда ғана махаббаттың заңғар шыңына қол жеткізе алмақ.

Өйткені, шынайы махаббатқа ең лайықты бірден-бір Зат – күллі махаббаттың қайнар көзі Алла Тағала. Себебі:

  • Барлық нәрсені жоқтан бар еткен, тіршілік иелеріне ризықтарын беруші, оларды желеп-жебеуші, күш-қуат иесі тек қана – Алла.  
  • Ол құлдарын өте қатты жақсы көреді. Адам Атаны жәннатта тамаша кейіпте және үлкен сынақ үшін жаратқан. Сондай-ақ, Ол құлдарының да жәннатқа кіргенін қалайды. Махаббаттың өтемі – тек махаббатпен ғана өтелмек[1].
  • Ол құлдарына өзімен қауышудың және өзін сүюдің жолдарын жеңілдеткен.
  • Бұл дүние мен о дүниенің жалғыз патшасы – Сол.
  • Адам баласы соңында Алла Тағаланың құзырына барады. Ол Жерде Одан басқа пана да, қорғаушы да, көмекші де таба алмайды.
  • Әлемнің Раббысы болған Алла қандай тамаша қожайын, қандай керемет жәрдемші десеңізші.
  • Бізге осыншама нығмет бергені үшін, бізді өзінің ең сүйікті Пайғамбарына үмбет қылғаны үшін және кітаптарының ішінде ең кемелі қасиетті құран Кәрімді нәсіп еткені үшін де Оның алдында шүкіршілік етуге борыштымыз.

Сондықтан, махаббаттымызды бір Алла Тағалаға бағыттауымыз – құлдығымыздың басты талаптарынан саналмақ.

Махаббат сезімі Алланың  әулие және ариф (Жаратушыны танитын, білімдар) құлдарынының әрқайсысында әр түрлі көрініс тапқан. Мысалы, Хазірет Мәулананың махаббат алауы - жанды күйдірген махаббат жалынына толы даналық хикметі мен сырлы сөздері арқылы көрініс тапқан. Сондай-ақ, Халлаж Мансур Алла Тағалаға жан-дүниесімен берілу және өмірін сол жолға арнау арқылы хақиқатты таныған. Ал Хазірет Баһауддин Нақышбанд болса, талай жылдар бойы жаралы, бейшара жануарларға күтім жасау, көшелерді тазалау және қараусыз қалған науқастардың шипа тауып, дерттерінен айығулары үшін оларға көмектесу арқылы Аллаға жан-тәнімен берілген және осы жолда өз махаббатын көрсете білген. Осындай қайырымды істері мен Алланы танып-білуі жылдан-жылға артып, қайрат-жігері толықсып отырған. Яғни, тәсілдер әр түрлі болғанымен, жүректердегі рухани байлық бір. Ол – әрқашан Аллаға деген шынайы ғашықтық пен кіршіксіз пәк махаббатқа толып-тасып тұру...

Алла Тағала осындай махаббат сезімін нәсіп еткен уәли құлдарына махаббат пен мағрифатуллаһ ілімін терең үйрету арқылы оларды адамзат үшін үлгі-өнеге және махаббат көктемінің құлпырған бәйшешегі еткен.

Қорыта айтқанда, Аллаһты сүйетін мүмин құл өзін ешнәрсенің иесі емес екендігін ұғынуы керек. Өйткені, махаббат жанқиярлықты талап етеді. Оның мағынасында «иелік ету» деген ұғым жоқ. Яғни, сүйген кісі сүйіктісі үшін кез келген нәрседен бас тарта білуі керек. Махаббат адамды өз қалауымен материалдық әрі рухани тұрғыдан жомарттық жасауға итермелейді. Ал бұл сөзсіз махаббаттың деңгейіне қарай орындалмақ.

Сол себептен де адамдар ең үлкен жанқиярлықты өзінің махаббаты жолында көрсетеді. Бұл тіпті, сүйіктіңнің жолында өміріңді де пида етуге дейін апаратын жанқиярлық болуы да мүмкін.

Аллаға және Расуліне деген махаббатты барлық нәрседен жоғары қойып, жабайы бақшалардың жалған гүлдеріне алданбайтын шынайы мүминдер қандай бақытты жандар десеңізші!..

АЛЛАҒА ДЕГЕН МАХАББАТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ

Аллаға деген махаббатқа қол жеткізу үшін Оны шынайы жүрекпен тану керек, яғни Оның көркем есімдері мен сипаттарын жете ұғыну қажет.

Ұлы Алланы еске алып, зікір етіп жүру де махаббатуллаһқа жету жолында ілгерілеуге өзіндік септігін тигізетін бірден-бір амал. Дегенмен, бұл ілгерілеу зікірдің мән-мағынасына, яғни жүректегі сезіну күшінің деңгейіне қарай жүзеге аспақ. Әлемнің мақтанышы Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Алланы сүюдің белгісі – Алла Тағаланы зікір етуді сүю»[2].

Аллаға деген сүйіспеншілікке қол жеткізу жолында ілгерілеу үшін алдымен жүректі осы жолда төзімділікке, шыдамдылыққа баулу қажет. Бұл оны жаратылғандарға деген махаббатқа бейімдеу арқылы мүмкін болмақ.

Сондықтан, шариғат шеңберінен аспайтын адами махаббаттарға рұқсат берілген. Себебі, бұл жүректі иләһи махаббатқа дайындау болып табылады. Бұл «мәжази (астарлы) махаббат», яғни «қисынды махаббат» деп аталады. Мысалы, бір адамның әйелін, бала-шағасын сүйетіндігі сияқты...

Адамның осы бағыттан ауытқымай ілгерілей отырып махаббатуллаһқа, яғни Аллаға деген махаббатына ұласуы – жаратылудағы мақсатын іске асырғандығы әрі Алланың разылығына қол жеткізгендігі деген сөз. Өйткені, қасиетті дініміз Исламның адам баласынан талап ететін нәрсесі – Алланың разылығын алу. Оған жеткізетін ең басты нәрсе де – махаббат, сүйіспеншілік. Ал қалған амалдар болса, осы махаббаттың сыртқы көріністері болып табылады.

Алланы шынайы танып, Оның махаббатына қол жеткізген мүмін құл нәпсісінің бұғауы мен шайтанның уәсуәсәларынан құтылып, тек Алланың разылығын іздеумен ғұмыр кешеді. Ғалам кітабы көз алдында ашылып, күллі жаратылғандармен достық құрады, яғни өзгелерге Жаратушының мейірім көзімен қарау қабілетіне ие болады. Сондай-ақ, ғаламдағы хикметтер мен тылсым дүниелерге ғибратпен назар салып жүреді. Алла Тағаланың өзіне парыз қылған міндеттерін хұшуғпен орындаған соң, олармен шектеліп қалмай мәжбүр болмаса да Жаратушысына деген ғашықтық сезімімен, шынайы ықыласпен нәпіл ғибадаттарын, қайырымдылық іс-шараларын жасап отырады. Бүткіл нәпсәни ләззаттарды жою арқылы хақиқи ләззаттың сырын өз иманында табады.

ӨНЕГЕЛІ КӨРІНІСТЕР

Аллаға деген махаббат жолында шоқтығы биік өнегелі тұлға – күмәнсіз хазірет Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Ол өзінің жасаған дұғаларында әрдайым Алла Тағаладан сүйіспеншілігін сұрай отырып, Дәуіт аләйһис-сәләмнің мына бір тілек-дұғасын қайталап тұратын болған:

«Аллаһым! Сенен махаббатыңды, Сені сүйетіндердің махаббатын және Сенің махаббатыңа жеткізетін амалды сұраймын. Аллаһым! Саған деген махаббатымды жанымнан, бала-шағамнан және салқын судан да сүйікті ете гөр!»[3] ...

Бір күні ардақты сахабалар Алланың Елшісінен:

– Мүминдердің бірін хұшуғ (ықылас) халінде көрсек, енді біреуін хұшуғтан жұрдай екенін байқаймыз. Осы айырмашылықтың себебі неде? - деп сұрады.

Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Иманның шынайы дәмін татқан мүмин – нағыз хұшуғ иесі. Ал иманның дәмін татпаған мүмин хұшуғ иесі бола алмайды, - деп жауап берді.

Сонда сахабалар:

– Олай болса, иманның дәмін қалай татуға, оған қалай қол жеткізуге болады? - деді.

Хазірет Пайғамбарымыз:

– Алланың махаббатына шынайы болумен, - деді. Сахабалар тағы да:

– Алланың махаббатына қалай қол жеткіземіз? - деді. Расулуллаһ (с.а.у.):

– Оған Алланың Елшісін сүю арқылы қол жеткізесіңдер. Сондықтан сіздер Алланың және Елшісінің разылығын Алла мен Елшісін сүю арқылы іздеңіздер! – деді[4]...

Сүйікті Пайғамбарымыздың ажалы жеткенде өлім періштесі ішке кіру үшін рұқсат сұрады. Жәбірейіл аләйһис-сәләм:

– Уа, Ахмед! Бұл өлім періштесі. Сенің қасыңа келу үшін рұқсат сұрап тұр. Негізінде, ол саған дейін ешкімнен рұқсат сұрамаған. Сенен кейін де ешкімнен рұқсат сұрамайды. Оған кіруге рұқсат бер! - деді.

Өлім періштесі ішке кіріп, Пайғамбарымыздың алдында тұрды да:

– Уа, Расулаллаһ! Уа, Ахмед! Ұлы Алла мені саған жіберді. Сенің бұйрығыңа мойынсұнуымды әмір етті. Егер «рухымды ал!» деп әмір берсең аламын, «алма!» десең алмаймын, - деді.

Сонда Алланың Елшісі:

– Шыныменде сөйтесің бе? - деді. Өлім періштесі:

– Маған қандай жағдайда болмасын, Саған бағынуға бұйрық берілді! - деді.

Сол уақытта Жәбірейіл аләйһис-сәләм:

– Уа, Ахмед! Ұлы Алла сені сағынып жатыр! - деді. Сол кезде Пайғамбарымыз аләйһис-салату уәс-сәләм:

«Алланың  жанындағы нығметтер барлық нәрседен қайырлы әрі мәңгі! Уа, өлім періштесі! Қане, саған әмір еткен нәрсені орында! Рухымды ал!» - деп бұйырды[5]...

Абдуллаһ бин Омар ардақты сахабалардың ішіндегі бай-дәулетті кісілердің бірі еді. Ол дүниесінің көп болып жиналып қалуына жол бермейтін-ді. Тапқанын жоқ-жітіктерге тарқатып отыратын. Тапқан дүниесінің ішінен қатты жақсы көргендерін Алла жолында жұмсау үшін арнайы бөліп қоятын. Жүріс-тұрысы түзеліп келе жатқан, әсіресе намаз оқитынын естіп-білген құлдарын азат ететін.

Бір күні Оған жақын достарының бірі келіп, кейбір құлдарының Алла разылығы үшін емес, тек азаттығын алу үшін мешітке келіп жүргендігін айтып, оны ескерткен болатын. Сонда ол жүрегіндегі Аллаға деген сүйіспеншілігінің дәлелі саналатын мына бір ғибратты сөзді айтады:

«Бізді Алламен алдағысы келетіндерге алдануға разымыз!».[6].

«Өрекениет шыңындағы жауһарлар» атты
кітаптан ықшамдап алынды.


[1] Қараңыз: Мәйда сүресі, 54-аят.
[2] (Суюти іі, 52).
[3] (Тирмизи, Дағауат 72/3490).
[4] Сендеруси, Кәшф-и иләһи іі, 651; Халәби, Мәусуғатул-Ахадис Vі, 492/16010.
[5] Ибн Сағд ІІ, 259; Хайсами ІX, 34-35; Белазури, Әнсабул-Әшраф, Мысыр 1959, І, 565.
[6] (ибн Әсир, Усдул-ғаба, ііі, 343).

0 пікір