Дін мен ғылымның қайшылығы бар ма?
Дін мен ғылымның қайшылығы бар ма?
10 жыл бұрын 6081
Нұрбек Қайырмұхаммед

Батыста белең алған ақыл мен иман қарама қарсылығының тарихи-философиялық негізі қайдан бастау алады?

Батыс ғылыми-техникалық дамуының ықпалымен өзіне тән құндылықтарының көпшілігін ғаламдық деңгейге жеткізді. Бұлармен қоса батыс, өзінің көптеген түйінді мәселелерін де бүкіл адамзатқа қатысты етіп көрсетуге тырысуда. Мұндай мәселелерінің бірі дін-білім қайшылығы. Шындығында бұл ислам діні тұрғысынан еш қисыны жоқ мәселе.

Дін мен білім қарама қарсылығының тарихи бастауларына зер салсақ, бұл, батыс Еуропаға барып тіреледі. Батыс Еуропадағы христиандық – көне грек мәдениетінің ықпалында негізделді. Көне гректердің діни түсініктерінде тәңірі ұғымы әрқашан сыңаржақ бағытта болатын. Яғни адам баласымен құдай арасында әрқашан арпалыс бар деген наным болды. Көне грек аңыздарында құдайлар адам баласының еркіндігі және бостандығы үшін әрқашан бөгеу болған. Сондықтан да болар Сократтан бастап бүкіл философтар шығысқа барып ілім үйреніп келіп, бұл ілімді өз құдайларына қарсы күресте қолданғандығы белгілі. Әрине, ойшылдар бұл текетіресті философиялық  жүйелерінде өзіндік термин немесе ұғымдармен жеткізуші еді. Кейіннен бұл түсінік батыс христиандығына үлкен ықпал жасады.

Батыс христиандық теологиясында құдай Иисустың тәнінде көрініс тапқан. Кейіннен Иисус крестке таңылып өлтірілді-міс. Осылайша қасиетті рух (Ruhul-Kudus) Иисустың жолдастарына, олардан шіркеу ғазиздеріне өтті. Демек ақиқат,  ғазиздерде немесе басқалай айтқанда шіркеуде. Шіркеу ғазиздері Інжілге түсіндірме жасағанда өз заманының шарттары мен деректеріне сүйеніп жасаушы еді. Алайда Иисустың тәні арқылы ақиқат шіркеуге өткені үшін, ғазиздердің Інжіл түсіндірмелері өзгермес, бұлжымас догмаларға айналуда болатын.

Мәселен, бір кезеңдерде шіркеу ғазиздерінің бірі дүниенің тегіс тақта тәріздес екендігін жазған болатын. Кейіннен Галилей жердің шар тәріздес екендігін алға тартқанда шіркеу мұны терістеуге мәжбүр болды. Себебі шіркеу, ақиқаттың нақ өзі болғаны үшін догмалары өзгермеуі тиіс. Осылайша, жаратылыстану ғылымында жаңалықтар ашылған сайын, шіркеу догмаларымен арадағы қайшылық тереңдей түсті.

Осылыйша, христиандықтағы дін мен ғылым арасындағы қайшылықты бітістіру үшін ұмтылыстар басталды. Тома Аквинский дін мен ғылымның бір-бірінен бөлек, тәуелсіз ұғымдар екендігін меңзеді. Бұл түсінікте ақыл күнаға апаратын лас жол, дін болса адам баласын бұдан қорғайды дегенге саяды.

Кейіннен Спиноза мұны барынша дамытты және философиялық қалыпқа салуға тырысып бақты. Алайда бұл мәселені түпкілікті түрде бір арнаға салған Декарт болатын. Декарт Картезияндық философиялық жүйесінде дінмен ақылды бір-бірінен ажыратып дуалистік (екі жақты) жүйе қалыптастырды.

Картезян философиясы осылыйша шіркеу догмаларының қыспағында қалған ғылымға тәуелсіз бағыт белгілеп берді. Бұл Декарттың «Cogitto» деп атаған субьектінің жер жүзіндегі үстемдігін жүзеге асыратын физикалық кеңістік болатын. Осылыйша Декарттың «Когиттосы» діннен, шіркеуден сәйкесінше құдайдан тәуелсіздік алып, әрі өзін (субьект), әрі табиғатты тәуелсіз жағдайға жеткізді.

Ғылымға деген бұл көзқарасты шыңдай түскен, ағылшын философы Бэкон болды. Мамандығы заңгерлік болған Бэкон, король түрмелерінде жинаған тәжрибесімен өз философиялық жүйесін мынадай етіп құрды: «Түрмедегі сезіктіден дұрыс жауап алу үшін оған зорлық жасау арқылы нәтижеге жетуге болады. Осы секілді адамзат баласы табиғатты күштеу арқылы оны өзіне бағындырады.» Бэкон осылыйша ғылымға өз методологиясын ендірді. Қысқаша батыстағы дін-ғылым қарама-қайшылығының тарихи даму барысы осылай болатын.

Исламда христиан дініндегідей шіркеу догмалары ешуақытта болған емес. Құранға жасалған түсіндірмелер сол дәуірдің тарихи-әлеуметтік шарттарына сәйкес болды және мұндай түсіндірмелер ешуақытта айнымас, өзгермес ерекшелікте болмады. Әр дәуірдің шарттарына қарай, жаңа ғылыми жаңалықтарға орай, түсіндірмелер жасалды. Яғни адам баласы тарапынан догмалардың жасалмауы нәтижесінде Ислам дінінде дін-ғылым қайшылығы батыстағы секілді болмады.

Құран ақиқаты ғаламның сырларын қамтиды. Алайда бұлардың түпкілікті сырларын ашып бермейді. Ақиқатты іздеп табатын адамның өзі. Құран ақиқатты табудың дұрыс және сенімді жолдарын үйретеді, негізгі параметрлерді белгілеп береді. Батыста, Ғазалидің философияға қарсы қатаң ұстанымын алға тартып, исламды да христиандықпен теңеуге тырысатындар бар, бұл өте үлкен қате. Біріншіден Ғазали позитивті ғылымдарға емес паганды философияға қарсы күрес жүргізді, екіншіден жоғарыда  атап көрсеткендей, ислам ойшылдарының пікірлері догма емес, сондықтан да мұсылман ойшылдар: «барлық нәрсенің ең турасын бір Алла біледі» деп сөйлейтін болған.

Мұнымен қоса исламда ғалам кітабы, яғни физикалық дүние мен Құран кітабы (Жаратушының адам баласына уахимен түсірген кітабы) бірін-бірі толықтыратын, нәтижеде бір арнада тоғысатын абсолютті шындықтар.

Ислам, адам ақылын ешуақытта батыс христиандығындағыдай терістемейді немесе діннен бөлек өз бетінше дараламайды. Керісінше уахидің (Алланың сөзі) жолбасшылығында ақылға еркіндік береді. Ақылдың, табиғатты қалауынша бұзып қирататын ғылымдарына этикалық шектеулер қояды.

Қорыта келгенде батыстың «ғаламдық» етіп барша адамзатқа таңуға талпынған картезиян философиясы немесе ақыл-иман, дін-ғылым қайшылығы шынтуайтында батыстың өзіндік ауруы. Исламда мұндай проблема болмады. Себебі дін мен ғылым қайшылығына негіз боларлық ешнәрсе жоқ болатын.

0 пікір