Ғылым мен хадис үндестігі: адам өлгеннен кейін де естиді!
Ғылым мен хадис үндестігі: адам өлгеннен кейін де естиді!
4 ай бұрын 3049 islam.kz/

Канада еліндегі Британдық «Колумбия» университеті ғалымдарының жүргізген зерттеу нәтижесі бойынша, адам өмірден өтер сәтінде есту қабілеті ең соңғы деміне дейін сақталатыны және жүрек тоқтағаннан кейін де бірнеше секунд бойы дыбыстарға жауап беретіндігі анықталған. Бұл жаңалық алғаш рет Nature журналында жарияланып, сенсация туғызған еді.

Ғалымдар арнайы құралдар арқылы дәм-тұзы таусылып, жан беруге бірер сәт қалған науқастардың ми белсенділігін тексеріп, олардың әлі де болса дыбыстарды қабылдап жатқанын байқады. Ми реакциясы тіпті өлімнен кейінгі алғашқы сәттерде де жалғаса беретінін көрсетті. Осы деректерге сүйене отырып, зерттеушілер: «Жақындарының ақырғы ақтық деміне дейін, оған жылы сөз айтып, қоштасуларының мәні бар» деген қорытындыға келді.

Зерттеу нәтижесінде, сау адамдардың, науқастардың, комадағы кісілердің, тіпті жаңа ғана қайтыс болғандардың миы дыбыстық әсерлерге шамамен бірдей жауап бергендігі анықталған1.

Осы бір зерттеуді оқығаннан кейін, Алла Елшісінің (с.а.у.) мына хадисі еріксіз еске түседі:

«Шынында, пенде жер қойнауына тапсырылғаннан соң, оның қасынан дос-жараңдары кетіп бара жатады, сол кезде ол олардың тәпішкелерінің дыбысын естиді»2

Демек, бүгінгі ғылым да, қасиетті хадис шәріфтің баян еткен бұл тылсым әлемдегі жағдайды белгілі көлемде растап тұр деуге болады. Ғылымның бұл жаңалығы әлі де тоқтап қалмай, бұдан әрі зерттей түсетіндеріне сенімдіміз. Уақыт өте келе мәйіт қайтыс болғаннан соң бір екі секунд қана емес, біраз уақыт ести алатын қабілетте болатындығын да дәлелдеп жатса, ғажап емес.

Бұл бізге үлкен ғибрат. Сондықтан да, ауыр халде жатқан кісінің қасында Ясин сүресін оқып отырған абзал. Кейіннен қайтыс болып, мәйіт қабіріне жерленгеннен кейін де, бір сәт бас жағында тұрып: тәлқин айтқан жақсы. Бұл мархұмның сұрақ сұраушы періштелердің сұрағына саспай, дұрыс жауап беруіне көмекші болсын деген мақсатта орындалатын амал. Тәлқин сөздерін қысқаша: «қуль: лә иләһә иллаллаһ, мухаммәдур расулуллаһ. Радиту билләһи рабба, уә биль исләми динә, уә бимухаммәдин нәбиян уә рәсулә» десе болады. Немесе кәлиманың өзін айтып тұрса да қате емес: Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммед расулуллаһ! Мәйіт осы сөздерді естіп, періштелердің сауалына қиналмай жауап береді деген үміт.

Алла Тағала мархұмдарымызды рахымына бөлесін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1"Комсомольская правда" - kp ru
2Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

Абдусамат Қасым

0 пікір