«Тәлқин» дегеніміз не?
«Тәлқин» дегеніміз не?
1 ай бұрын 1659

Ассаләмуғалейкум! Сауалым бар еді. «Талқин» дегеніміз не. Иман үйіру деп естідім. Сол жайлы түсіндіріп берсеңіз.

Бисмилләһи, уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ!

«Тәлқин» дегеніміз, бір сөзді қайталату үшін айту деген ұғымда. Тәлқиннің фиқһи мағынасы: «Өлім төсегінде жатқан мұсылманның ақтық демі таяғанда қасында отырып, кәлиманы оған естіртіп айтып отыруды «тәлқин» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мәйіттеріңе «лә иләһә иллаллаһ» деп тәлқин жасаңдар!...» деген.

Жаны шығар-шықпас сәтіндегі мұсылманды фиқһ тілімен «мухтәдар» деп атайды.

Тәлқинның мақсаты - өлім сәтіндегі кісі қайталап айтсын деген мақсатта оған естіртіп кәлиманы айту, осылайша соңғы сөзі «лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдур расуллаһ» болсын дегендік. Өйткені, хадисте: «кімнің соңғы сөзі лә иләһә иллаллаһ болса, пейішке кіреді» делінген. Алайда, ауыр халдегі кісінің қасында кәлиманы құр жай естіртіп айтады, оған «айт» деп қинамайды. Мұны - «ақтық дем кезіндегі тәлқин» дейді.

Қабірде айтылатын тәлқин түрі

Одан бөлек, денесі қабірге қойылғаннан кейін қабірінің басында жасайтын «тәлқин» түрі тағы бар. Бұл мархұмның сұрақ сұраушы періштелердің сұрағына саспай, дұрыс жауап беруіне көмекші болсын деген мақсатта орындалатын амал. Тәлқин айтушы кісі жаңа көмілген мархұмның қабірінің бас жағында тұрып мына сөздерді айтса болады:

«Ей, пәленше ұлы түгенше (аты-жөні айтылады)! Ей, Алланың құлы! Ей, Мұхаммедтің үмбеті! Алла сені рахымына бөлесін! Дүние мен оның қызығы сенен кетті. Енді сен барзах әлеміндесің. Өзің фәниден бақиға өтер кезде айтқан: «Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед оның елшісі» деген куәлігіңді ұмытпа. Тағайындалған екі періште келгенде қорықпа, саспа, олар саған келіп, сені отырғызып қойып:

- Раббың кім? Дінің не? Пайғамбарың кім? - деп сұрағанда, қорықпай, саспай ашық-анық түрде:

- Раббым Алла! Дінім - Ислам! Пайғамбарым - Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә сәлләм! Жолбасшым - Құран! Құбылам - Қағба! Парызым - бес уақыт намаз! Пейіш - шындық! Тозақтың бары - рас! Қайта тірілу - ақиқат! Қиямет күнінің болары - хақ! - деп айт. - «Алланы құдай деп таныдым. Исламды дінім деп таныдым. Мұхаммедті пайғамбар деп таныдым» де! Сені Аллаға аманаттадық! Бақұл бол!» дейді.

(Тәлқинды қысқаша «қуль: лә иләһә иллаллаһ, мухаммәдур расулуллаһ. Радиту билләһи рабба, уә биль исләми динә, уә бимухаммәдин нәбиян уә рәсулә» деп айтса да болады).

Қабірде айтылатын «тәлқин» түрі Ханафи мәзхабында үкімге байланбағанымен, оны орындаудан да тыймаған.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым