«Анасының маңдайынан сүйген бала тозаққа түспейді» деген хадис рас хадис па?
«Анасының маңдайынан сүйген бала тозаққа түспейді» деген хадис рас хадис па?
9 сағат бұрын 272

Әссәләму әлейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

«Ананың көзінен сүйгеннің сауабы көп» деген хадистер бар ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кейбір хадис жинақтарында: «Кім анасының екі көзінің арасынан сүйсе, онысы тозақ пен оның арасына перде болады» деген риуаят келтіріледі. Алайда бұл риуаятты хадисші ғалымдар әлсіз деп бағалаған. Мысалы, Имам Бәйһақи оның жеткізу жолы қуатты емес екенін айтса, Ибн Ғади сынды хадисші ғұламалар аталмыш хадисті иснад (жеткізу тізбегі) және мәтін тұрғысынан «мүнкәр» деп бағалаған. Тіпті Ибн әл-Жәузи сынды ғалымдар бұл риуаятқа «жалған хадис» деген баға берген.

Себебі хадисті жеткізушілер тізбегінде «Әбу Мұқатил» деген кісінің аты-жөні кездеседі. Ал бұл риуаятшы хадисшілер арасында сенімсіз жеткізушілердің қатарынан саналады. Сүлеймәни деген хадисшінің ол кісіге қатысты: «Ойдан құрастырады» деген сөзі де кездеседі. Ибн әл-Жәузи де: «Бұл – қолдан жасалған жалған (мәудуғ) хадис. Оның жеткізушілерінің арасында Әбу Мұқатил бар. Одан хадис риуаят етуге әлдеқашан тыйым салынған», – деген.

Сол себепті «анасының маңдайынан сүйген адам пейіштік болады немесе тозаққа түспейді» деген мазмұндағы риуаяттар тым әлсіз немесе ойдан құрастырылған жалған хадистер қатарына жатады¹.

Дегенмен осыған қарап, ананы сүюге болмайды деген қате ой қалыптаспауы тиіс. Мұнда мәселе ананы сүюде емес, дәл осындай мазмұндағы хадистің рас-өтірігін анықтауда болып отыр. Әлхамдулилләһи Раббил аләмин.

¹ Мұхаммед Абдуррауф әл-Мәнәуи. «Фәйзул-Қадир», 8906-хадистің түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым