Әзіреті Әли: «Ғылым – мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!»
Әзіреті Әли: «Ғылым – мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!»
3 жыл бұрын 4668

«Ғылым – мұсылманның жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар». Әзіреті Әли

Кейбір адамдардың ойлағаныдай мұсылман адам, мұрнының ұшынан арғысыны көрмейтін, бұйығы, дамуға жабық, белгілі шеңберден шықпайтын көр біреу емес. Керісінше мұсылман адам – қоғамға ашық, үнемі ізденіс ішіндегі, жаңа дүниелерді білуге құштар, әрдайым даму үстіндегі адам. Оның өмірлік ұстанымы: «Екі күні бірдей болған - зиянда» дейтін хадис.

Білімді тек мұсылманнан үйрену керек пе?

Дүниелік білімді үйрену ісінде Ислам діні кәпір-мұсылман деп бөлмейді. Мұсылман адам ғылымды және сол сияқты пайдалы дүниелерді діні бөтеннен де үйрене алады. Оның ағаттығы жоқ. Өйткені, маңыздысы - кімнен үйренгенің емес, маңыздыы - нені үйренгенің («فالعبرة بما قيل، لا بمن قال»).

Тіпті, дінімізде адам тұрмақ, үйренері болса - хайуаннан да үйрену ағат саналмайды. (Бүгінде кейбір хайуандарға қарап көптеген техникалар жасап шығарып жатыр). Мысалыға Құрандағы Әбіл мен Қабылдың оқиғасын алсақ болады. Қызғанышқа бой алдырған Қабыл, өзінің інісі Әбілді өлтіргеннен соң онысына өкініп, бауырының өлі денесін не істерін білмей дал болады. Сонда Алла Тағала оған бір қарғаны жібереді. Қарға жерді қазып, оған інісінің өлі денесін жерге қалай көму керектігін көрсетеді[1]. Осылайша, адам баласы өлілерін жерге көмуді ең алғаш рет қарғадан үйренген болды.

Сондай-ақ, мұсылман адам қанша білгіш болса да, өзінен кішіден немесе өзінен білімі төменнен бір нәрсе үйренуді намыс көрмейді. Бұған мысал - Құранда баян етілген Сүлеймен пайғамбар мен "бәбісек" құсы жайындағы оқиға. Сол оқиғада бәбісек құсы Сүлеймен пайғамбарға «Сен білмейтін нәрсені, мен білдім» деп, Оған «Сәбә» халқы жайында баяндап береді[2]. Сүлеймен пайғамбардың бұл оқиғасы – үлкеннің кішіден, ұстаздың шәкірттен, әкенің баладан тәлім алуы мүмкін екендігін көрсетеді. Өйткені маңыздысы – кімнен үйренгенің аса маңызды емес, нені үйренгенің маңызды.

Әзіреті Әлиден мынадай бір сөз жеткен (осыған мағыналас хадис те бар):  

 العلم ضالة المؤمن، فخذوه ولو من أيدي المشركين

«Ғылым – мүміннің жоғалтқан заты. Оны мүшріктердің қолынан болса да алыңдар!».  

Бұл жердегі ғылымнан мақсат – дүниелік ғылымдар. Дүниелік ғылымның мұсылман-кәпірі жоқ. Ол бәріне ортақ. Мысалы: есеп-қисап ғылымы, астрономия ғылымы, техникалық ғылым, құрылыс, соғыс стратегиясы т.б. (Ал діни ғылымды арнайы дін маманы мұсылманнан алу керек. Діни пәтуаны да мұсылман ғалымы бере алады. Діні бөтендерден діни пәтуа алынбайды).

Ислам тарихында бұған мысал болар мәлімет баршылық. Атап айтсақ, Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) соғыста тұтқынға түскен кейбір сауаты бар мүшріктердің бас бостандығының кепілі ретінде сахабаларға оқу-жазуды үйретуін шарт қойған. Осылайша, соғыс тұтқыны арасынан кім мұсылмандарға оқу-жазуды үйреткен болса, сол бостандыққа қауышатын. Осындай жолмен оқу-жазуды үйренгендердің бірі сахаба Зәйд ибн Сәбит (р.а.) еді. Мұның өзі дүниелік білімді үйренудің мұсылман-кәпірі болмайтындығын көрсетеді.

Ендеше, Ислам мұсылмандарға үнемі ізденуді бұйырады. Жай іздену емес, жоғалтқан затын іздегені сияқты іздену. Білім алғанда да, білім иесінен, маманынан алу маңызды. Осы жолда кімнен үйрене алса, содан үйренеді. Мейлі мұсылман болсын, мейлі христиан болсын, жасы өзінен кіші болсын, мейлі кешегі шәкірт болсын, егер үйренері бар болса, үйренуді намыс көрмейді. Бір әлсіз хадисте былай делінген: 

 «الكلمة الحكمة ضالة المؤمن أنى وجدها، فهو أحق الناس بها»

"Даналық сөз - мүміннің жоғалтқан заты. Қай жерден тапса да, ол (мүмин) оған (даналыққа) - адамдардың ең лайықтысы!". (Хадис. Тирмизи, "Сүнән". Ибн Мәжә: "Сүнән").

Абдусамат Қасым


[1] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 31 аят.
[2] Құран Кәрім: «Нәмл» сүресі, 20-22 аяттар.

0 пікір