«Ғылым қуу – Алла жолында соғысудан да абзал!»
«Ғылым қуу – Алла жолында соғысудан да абзал!»
2 жыл бұрын 3259

Сахаба Мұғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) білім алып, ғылым іздеудің артықшылығы жайында былай деген:

 

«Ілім алыңдар. Өйткені ілімді үйрену – сауап, іздену – ғибадат, қайталау – зікір, зерттеу – жиһад, білмейтіндерге үйрету – садақа, оны лайықты адамға түгелдей аудару – құрбандық!

 

Естеріңде болсын! Ғылым – пейіштегі үйлерге апарар жол. Ол - жалғыз кезде жолдас, бөтен жерде таныс, оңашада сырлас, бақытқа бастаушы, қиындықта жәрдемші, достардың арасында зейнет (әшекей), дұшпандарға қару. Алла Тағала ілім себепті ілімді қауымның дәрежесін көтереді. Алла оларды басшыларға жақсылықта жетекші қылып қояды. Көпшілік оның ізінен жүріп, істегендерін істейді. Білімділердің ерекшеліктеріне періштелер қызығады. Періштелер оларға қанаттарын жаяды. Жанды және жансыз барлығы оған жарылқау тілейді. Теңізде жүзген киттар, жерде жыбырлаған жәндіктер, құрлықтағы және судағы жыртқыш аңдар мен жыртқыш емес хайуандар – бәрі ол үшін дұға тілейді.

 

Өйткені білім – жүректерге өмір, қараңғыда көздерге шырақ, әлсіз кезде денеге қуат. Білім пендені екі дүниде де биік шыңдарға көтеріп, игі-жақсылардың мәртебесіне жеткізеді.

 

Ілім оқу кезінде ойланып миды шаршату – ораза ұстаумен тең. Ілімді қайталау – түнде тұрып намаз оқумен тең. Ілімнің арқасында туыстық байланыс сақталады. Ілімнің арқасында халалды харамнан айыруға болады. Ілім – имам болса, оған амал ету – ұюшы. Бақыттылар ілім алуға шабыттандырады. Бақытсыздар ілімнен тыяды»[1] - дейді ардақты сахаба.

 

Атақты тәбиғин Хасан әл-Басри (рахимаһуллаһ) де білім алудың пайдасы жайында былайша ағынан жарылады: 

 

«Ілім алудан басқа Алла жолында соғысудан артық нәрсені білмеймін. Ілім қуу – Алла жолында соғысудан артық. Кімде-кім үйінен ілім іздеп шықса, періштелер оны қанаттарының астына алады. Және оған - аспандағы құстар, құрлықтағы жыртқыш аңдар, теңіздегі киттар жарылқау тілеп, дұға жасайды. Бұған қоса, ілім алушыға Алла Тағала жетпіс екі сыддықтың сауабын жазады.

 

Естеріңде болсын! Ілім алыңдар, онымен қоса, ілім алу кезінде байсалдылық, ұят және салмақтылықты жолдас қылыңдар. Ілім үйреткен ұстаздарыңа және ілім үйренген шәкірттерге кішіпейіл болыңдар.

 

Алған ілімдеріңмен - ғалымдардың қасында мақтанбаңдар, ақымақтармен таласпаңдар, әмірші, патшалармен көп араласпаңдар және Алланың пенделерден өздеріңді үстем көрмеңдер. Әйтпесе, қатыгез ғалымдардан болып, Алланың ашуын тудырасыңдар. Алла ондайларды тұмсықтарымен тозаққа тастайды.

 

Ғибадатқа кедергі жасамайтындай ілім алыңдар және ілім ізденуге кедергі жасамайтындай ғибадат қылыңдар. Екеуі бірі-бірінсіз болмайды. Сондай-ақ, білім алуды қойып, ғибадатпен айналысып кеткен қауымдардан болмаңдар. Ілімсіз амал жасаушының мысалы – жолын жоғалтып алған кісі тәрізді. Жүрген сайын адасып, алыстай бермек. Ондай кісінің дұрыстаған нәрсесінен, бұзған нәрсесі көп болады» - деп абыз табиғин өсиетін айтады.

Сонда естіп тұрған адамдардың бірі:

 

- Бұның бәрін кімнен үйрендіңіз, уа, Әбу Саъид? - деп сұрайды. Сонда Ол:

 

- Бәдір соғысына қатысқан жетпіс сахабаны жолықтырдым. (Олардан) Ілім үйреніп, қырық жыл елімнен жырақ жүрдім, - деп жауап берген екен[2]   


 

 

[1] Имам Әбу Ләйс Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». 319 бет.
[2] Имам Әбу Ләйс Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». 320 бет.

 

 

 

 
0 пікір