Хадис: "Кісіге қамқорындағысының нәпақасын бермей ұстап қалуы - күнә ретінде жетіп асады!"
Хадис: "Кісіге қамқорындағысының нәпақасын бермей ұстап қалуы - күнә ретінде жетіп асады!"
3 ай бұрын 1223

«Сахих Мүслім» хадистер жинағында келтірілген бұл риуаятта табиғин Хайсама ибн Абдуррахман (рахматуллаһи алейһи) былай деп әңгімелейді:

كُنَّا جُلُوسًا مع عبدِ اللهِ بنِ عَمْرٍو، إذْ جَاءَهُ قَهْرَمَانٌ له، فَدَخَلَ، فَقالَ: أَعْطَيْتَ الرَّقِيقَ قُوتَهُمْ؟ قالَ: لَا، قالَ: فَانْطَلِقْ فأعْطِهِمْ، قالَ: قالَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ: كَفَى بالمَرْءِ إثْمًا أَنْ يَحْبِسَ عَمَّنْ يَمْلِكُ قُوتَهُ.

«Абдулла ибн Амрмен (сахаба) бірге отырған едік. Оның іс басқарушысы келді. Ішке кірді. Абдулла ибн Амр одан: «Құлдарға асын бердің бе?» деп сұрады. Іс басқарушысы: «Жоқ» деп жауап берді. «Бар да, бергін. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан болатын: «Кісіге қамқорындағысының азығын бермей (кешіктіріп) ұстап қалуы – күнә ретінде жетіп асады!» деп» - деді»1.

Тағылым:

Аталмыш хадистегі «азығын ұстап қалуы...» деген сөзіне көп нәрсені ұғығуға болады. Атап айтқанда:

  • Бар болып тұрып, отбасын ішіп-жемнен қысуы. Отбасын ішіп-жемнен қысуы да жөнсіз екен. Алланың бөліп берген ризығын, өздерінен аяу күнә болмақ. Алайда, ысырапқа бармаған да жөн. Орнымен жұмсау керек.

  • Жұмыскердің жұмысшыларының айлығын бермей созып жүріп алуы. Хадис мәтініндегі «қамқорындағы» деген сөзін «қол астындағы», «қарамағындағы» деп те аударуға болады. Өкінішке орай қазіргі біздің қоғамда кейбір кәсіпкерлер қарамағындағы жұмысшыларының айлықтарын уақытында бермей, әдейі созып жүріп алады. Оның өзі оған күнә ретінде жетеді екен. Тіпті, кейбіреулер бермей кететіндері де бар. Еңбекақысын кешіктіріп жүріп алудың өзі күнә болса, бермей қоюы мүлдем екі есе күнә болмақ. «Жұмысшының маңдай тері кеппей тұрып еңбекақысын беріңдер» деп бұйырады Алла елшісі (с.а.у.).

  • Меншігіндегі жан-жануарлардың жем-шөбін уақтылы бермеу. Хадистің «азығын бермей ұстап қалуы» сөзінен меншігіндегі жан-жануарларды да аш қатырмай, уақтылы жем-шөптерін беріп тұру керек екендігін ұғынамыз. Бір сахих хадисте мысықты қамап, аштан өлтірген әйелдің тозақы екендігі айтылған. Ендеше, байлаулы ит болсын немесе қорадағы мал болсын, жем-шөптерін уақтылы беріп тұру ләзім екен.

  • «Күнә ретінде жетеді...» деген сөзі де мәнді. Егер мұсылман ешқандай күнә жасамаса, алайда қарамағындағылардың азығын, нәпақасын немесе жем-шөптерін кешіктіріп, бермей жүрсе, осынысы күнә ретінде оған жетеді. Немесе басқа күнәсін айтпай, тек осы күнәнің өзін алып қарайтын болсақ, тозақы болуына жеткілікті екен. Алла сақтасын!

А. Қасым.

 


1Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».

0 пікір