Хадис тағылымы
Хадис тағылымы
8 күн бұрын 670 islam.kz/ Фото: ЖИ
Мұса Жамал

Хадис: 

«Мұсылманның басқа мұсылманмен үш түннен артық сөйлеспей қоюы (бет бұрып, араласпауы) рұқсат етілмейді. (Олай істеген жағдайда) Екеуі де хақ жолдан ауытқыған болады. Араларындағы байланысты алғаш қалпына келтірген адамға (онысы) күнәларына кәффарат (кешірім) болады. Егер біреуі сәлем беріп, екіншісі оны қабылдамаса, онда періштелер сәлем берген адамның сәлеміне жауап береді, ал сәлемді қабылдамаған адамға шайтан жауап қайтарады. Ал егер олар татуласпай, араз күйінде қайтыс болса, екеуі де жәннатқа кірмейді». (Имам Ахмед, "Мүснәд").


Түсіндірме

Бұл хадис мұсылмандар арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін және араздық пен арақатынасты үзудің ауыр салдарын нақты баяндайды. Төменде оның негізгі мағыналық түйіндерін айта кетелік:

  • Араздықтың шектік мерзімі
    Исламда екі мұсылман бауыр арасында қысқа уақыттық ренішке жол берілуі мүмкін, оған кешірім бар. Бірақ, реніш пен араздық ұзаса, ол күнә. Оның уақытын хадисте үш күн деген. Үш күн, үш түннен артық сөйлеспеу, араласпау – тыйым салынған әрекет. Бұл шектеу – мұсылмандар арасында ұзаққа созылған кек пен суық қатынастарға жол берілмеу үшін қойылған деуге болады.

  • Ақиқаттан ауытқу
    Мұсылман бауырымен қарым-қатынасын үзіп, онымен ренжіскен күйде жүру – Исламның шынайы жолынан таю болып саналады. Өйткені ислам – бауырмалдықты, кешірімділікті және татулықты насихаттайды.

  • Татуласудың сауаптылығы
    Қайсысы бірінші боп кешірім сұрап, араны дұрыстауға талпынса – ол адам үшін бұл амал сол араздасқан күнәсына кәффарат болмақ. Алғаш болып қадам жасау – сауап және күнәдан арылу деген сөз.

  • Сәлемді қабылдамау – шайтанның ісі
    Араздасқан екі мұсылманның бірі амандасып, татуласқысы келсе, бірақ екіншісі оны қабылдамаса – сәлем берген адамға періштелер жауап береді, ал кері бұрылған адам шайтанның ықпалына түскен саналады. Бұл сәлемнің мәні мен татуласудың қадірін айқындайды.

  • Араз күйде өлу – ауыр қауіп
    Егер екі мұсылман татуласпастан дүниеден өтсе, хадисте олардың жәннатқа кірмейтіні ескертілген. Бұл – кек сақтаудың, тәкәппарлық пен кешірімсіздіктің ақыреттегі ауыр салдарын көрсетеді.


Қорытынды:
Қандай жағдай болмасын, дініміз бірлік пен бауырластықты жоғары қояды. Кешірімді болу – әлсіздіктің емес, рухани күштің белгісі. Сондықтан араздасқан жағдайда мүмкіндігінше тезірек татуласуға ұмтылу – имандылықтың нышаны.

0 пікір