Ілімді кімнен алған дұрыс?
Ілімді кімнен алған дұрыс?
9 жыл бұрын 3619
Бақ БЕР

Алла Тағала қасиетті кітабында өзінен шынайы құлдары ғана лайықты түрде қорқатынын, білгендер мен білмейтіндердің тең еместігін, кімге ілім берілсе, оған көп жақсылық берілгенін, ілімнің артуы үшін қалай дұға етілуі керектігін, ілім берілгендердің дәрежесі биіктей түсетінін білдірген.

Расулалла да (с.а.у.) түрлі хадистерінде ілім алу үшін жолға шыққан жан қайтқанға дейін Алла жолында болатынын, ілім үйрену жолына түскен адамға Алла жұмақтың жолын жеңілдететінін, Алла кімге жақсылық қаласа, соны дін іліміне қанық ететінін, пайдасыз ілімнен сақта деп Аллаға сиыну керектігін айтқан.

Ілім жолы, жоғарыда да айтылғандай, дінімізде маңызы зор, жұртты қызықтырған әрі пайғамбарлар мұра етіп қалдырған жол. Ілім жолына шығар алдында арнайы дайындықтардың пысықталуы да маңызды. Ол үшін өзін жарты жолда тастап кетпейтін, құлағанда тұрғызып, сүрінгенде демейтін шынайы дос керек. Және де бұрын жүрілген жолды білетін, жолдағы тікендердің қай жерлерде екенін, жолда кездесуі мүмкін апатты жағдайларды, адамды шаршататын тік өр мен қай жерде тынығып демалуға болатын орындарды білетін бір жолбасшы ұстазды іздеу, табу және таңдауын жасау мұратқа жетуге көмектесетін ең маңызды қадам болып табылады. Өйткені қате таңдау бізге опық жегізеді, ал дұрыс таңдау болса ақиқатқа жеткізеді. Небір ілім ізденушілер достарының дұрыс болмауы мен өзі құлай сенген ұстазының қателіктерінен мүлт кеткендерін ұмытпаған жөн.

Ілім сапарына қадам басқан шәкірт осы жолда шынайы екеніне сенген дос тапқаннан кейін ендігі жерде бүкіл саналы ғұмырын ілімге арнаған шынайы мүршид іздеуі керек. Неге десеңіз, ілімді сондай бір ұстаздан алудың жөні басқа.

Ілім ілімнің балдай дәмін татып көру үшін күндіз-түні соның соңына түскен, Әба Әюб әл-Ансари секілді бір хадис тыңдау үшін түйеге мініп, қажет кезінде жаяу жүріп мыңдаған шақырым жол жүрген, кедейлігі мен жұпынылығына қарамай көп жыл отбасы, ошақ қасынан, дос, туыстарынан жырақта болуға шыдап, өзін Пайғамбар мұрагері болуға арнаған жаннан алынуы тиіс. 

Ілім тақуа жандардан, Алладан қорқатын, тозақ туралы айтылғанда үрейленіп, даусы дірілдеген, жұмақ туралы айтылғанда, оның әсемдігіне тамсанып, дәл бір көзімен көрген адамша жүзі жадырап сала беретін, Алланың ең сүйікті құлы, күнәларымыздың шапағатшысы Расулалла (с.а.у.) туралы айтылғанда тебіреніп кететін, әділетті халифалар мен сахабалар туралы еске алғанда, оларға қызыға қарайтын, Имам Ағзамдардың жолымен жүруге ыждағаттылық танытатындардан алынады.

Ілім алуға кедергі келтіретін ең үлкен дұшпандардың бірі - ол адамның нәпсісі. Өзін тәрбиелей алмаған ұстаздың ілім жолындағы шәкірттеріне нәпсі тәрбиелеуге көмек бере алмасы, оларға әдістеме ұсына алмасы анық. Неге десеңіз, жүзуді білмейтін ұстаздың өзгелерге жүзуді үйрете алмасы даусыз. Ұстаз нәпсіні тәрбиелеу жолдарын үйренбеген болса, онда өзі де сәт сайын нәпсінің айтағына еріп, сүрініп кетуі мүмкін. Ендеше, ілімді нәпсіні қалай тәрбиелеу керектігін білетін әрі өз нәпсісін тәрбиелей алған адамнан алған жөн. 

Ілімді мың рет ғаламға рақым нұры болып төгілген пайғамбар туралы айтса да «саллаллаһу алайһи уә сәлләм» деген сөзге ерні ерінетін, Әбу Бәкір, Омар (радиаллаһу анһум) дегенде өз құрдастары туралы әңгімелегендей әңгімелейтін, әйгілі ғұламалар мен бұрынғы ізгі жандарға құрметі жоқ адамнан емес, жүрегі Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген махаббатқа тола, сүннетке берік, сахабаларды үлгі тұтатын, бұрынғы ілім ізденушілерге сын тағудың өзін әдепсіздік деп білетін аса сыпайы жандардан алған дұрыс.

Ілім Алланың діні жайлы айтуды саясат туралы лепірмелермен тең көретін, ілімді теориялық жағымен ғана ұғынатын, ақиқаттан аттап өтіп, өзінің әуестігімен айтқандарын ижтихадқа балайтын, дінді ұстанбай, діннен өзін алыс ұстайтын жандардан емес, қойылған сұрақтарға қате жауап айтып қоймайын деп іштей қорқып, «Білмейді екенмін» деп айта алатын, ілімін Құран мен сүннеттің сүзгісінен өткізіп, өзінің барлық іс-әрекеті мен ойларын Алла ақиқатқа бұрса екен деп тілейтіндерден алынуы тиіс.

Ілім әлдебір дүниеуи тірлігіне бола асығып азанды тездетіп, қирағатты қысқартып, намазды жылдамдатып оқытатын имамнан емес, «мен мына мешітті ойын-сауықтың соңында жүрген, интернет кафелерде, көшеде сандалып бекер жүрген жастарға қалай толтырамын» деп уайымдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, үмбеттің ақыретін ойлайтын, көпшілікке қарағанда Расулалланың (с.а.у.) Қоштасу хұтбасына қатысқан терең иман мен биік санаға жеткен көпшілікке ұқсас жандарды көргісі келетін, соны армандайтын, осы тұрғыда еңбектенетін жандардан алынуы тиіс.

Ілім ілімді бекерге жүк етіп көтеріп жүргендерден, кесірткедей өңін құбылтып тұратындардан емес, ақиқатты қорғаштайтындардан, бұлжымайтын шындықты жақтайтындардан, қандай жағдай болмасын рухани, діни құндылықтардан бас тартпайтындардан алынады. Ақырет үшін азық жиятын, бірақ дүние тіршілігіне де бір мезгіл көңіл бөлетіндерден алынады.

Ілім түнді нығмет деп біліп оны құлшылықпен өткізетін, күндізді олжа деп біліп күрескерлік рухын шыңдайтын, үндемеуді себеп деп біліп терең ойланатын, әр уақытын мүмкіндік деп біліп жақсылыққа шақыратын, әр тыныстауын шүкір деп біліп зікір ететін, әр бас қосуды жәннат деп біліп нәсібін алып қалуға тырысатындардан алынады. Түйіндей айтқанда, ілім сол саладағылардан, кішіпейілдігімен үлгі болатын, сөзі ісіне сай келетіндерден алынады...

0 пікір