Исламдағы сақтандыру жүйесі (тәкәфуль)
Исламдағы сақтандыру жүйесі (тәкәфуль)
3 жыл бұрын 4643
А. Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Ислам қаржысындағы сақтандыру жүйесі – «тәкәфуль» деген терминмен белгілі. Басқаша атауы «тә’мин әл-Исләми» - Ислами сақтандыру.   

«Тәкәфуль» терминінің тілдік мағынасы: «өзара жәрдемдесу», «бір-біріне кепіл болу», «бір-біріне демеу көрсету» деген ұғымдарға саяды.

Оның терминдік мағынасы, өзінің аты да айтып тұрғандай: сақтандырылуды қажет еткен адамдардың өзара жәрдемдесу мақсатында бірігіп, ортадан қаражат жинау және жиналған қаражатты зардапқа ұшыраған ортақтасқа (қорға мүше кісіге) қолдану.

Тәкәфуль жүйесінің іргесі - Исламдағы "жақсылықта өзара жәрдемдесу" принципіне негізделген. Құран Кәрімде: "Жақсылық пен тақуалықта өзара жәрдемдесіңдер. Ал, күнә мен дұшпандықта жәрдемдеспеңдер" - деп бұйырады. ("Мәида" сүресі, 2 аят). 

Тәкәфуль жүйесі – Шариғат заңдарына бағынады. Бұл жүйе – Ислами сақтандыру жүйесі болып, дәстүрлі сақтандыру жүйесіне балама ретінде пайда болған.  

Тәкәфуль жүйесінің тарихы

Негізгі ереже-қағидаттары мен принциптері жөнінен алып қарағанда, «тәкәфуль» жүйесінің тарихы бірнеше ғасырға созылады. Бірақ, жүйе ретінде, яғни, «Ислам сақтандыру жүйесі» ретінде ең алғаш 1900 жылдары батыстық сақтандыру жүйелеріне балама ретінде қарастырыла бастаған. Бірақ, оның қазіргі түрі ең алғаш рет 1979 жылы Судан мен Біріккен Араб Әмірліктерінде құрылды. Суданда ол «The İslamic Insurance Co.» болып, ал БАӘ-де «The İslamic Arab Insurance Co.» атпен құрылды. Кейіннен Малазия елінде, Сауд Арабиясында және т.б. көптеген мұсылман елдерінде, сондай-ақ, мұсылман емес елдерде де «тәкәфуль» сақтандыру жүйесі бой көрсетті.

О баста аталмыш сақтандыру жүйесі мұсылман дінін ұстанушылардың сенімдеріне сай сақтандырылу қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында құрылғанымен, бүгінде ол қызмет түрін мұсылман еместер де пайдалануда. Мысалы, халқының 10%-на жуығы ғана мұсылман саналатын Шри-Ланкада «тәкәфуль» сақтандыру қорының акция покеттерінің 15%-ы мұсылман еместер тарапынан сатып алынған екен.

Тәкәфуль жүйесінің жүзеге асуы

Тәкәфүлдің дәстүрлі сақтандыру жүйесінен бір өзгешелігі, сақтанушы кісілер тарапынан берілген сома "тәбәрруъ", яғни, «қайырымдылық» мақсатында берілген ақша санатынан есептелінеді. (Берілген сома садақа есебінде болғандықтан да "өсім", "ғарар" деген ақаулықтар туындамайды).

Сонымен қатар, қорға мүше сақтанушылар тарапынан берілген ақша бір жерде жиналады. Жиналған қаражат зардапқа ұшыраған қор мүшелерінің зардабын бейтарап ету үшін қолданылады. Былайша айтқанда, "тәкәфуль" мүшелері ортадан ақша шығарып, бір-бірін сақтандырады. Қорда жиналған сома мекеменің меншігі саналмайды, сақтанушылардың меншігі болып қала береді. Бұнда сақтандыру мекемесі - сақтанушының өкілі үлгісінде.

Тәкәфуль сақтандыруында дәстүрлі сақтандыру қорларында ұсынылған КАСКО сақтандыруы, міндетті сақтандырулары, медициналық сақтандыру т.б. сақтандыру қызметтерінің бәрі қамтылған.

Бұнымен қатар, қорда жиналған қаражат (мудараба жолымен немесе уәкәлә яки аралас жолмен) ақылдастық кеңесі тарапынан мақұлданған инвестициялық жобаларға салынып, түскен пайда белгілі мөлшерде қорға құйылып отырады. Осылайша, қор мүшелеріне қосымша пайда әкелген болады.

Тәкәфуль қорының көзге батар ерекшеліктерінің бірі, келісілген мезгіл аяқталысымен қорда жиналған қаражаттан сол мезгіл ішінде өтелген зардаптардың құны және шығындар шегеріледі, қордан қарыз алған мүшелер болса, қарызы шегеріледі, одан соң артылған қаражат – сол мезгілде мүшелікке қосылған сақтанушылар арасында қосқан сомасына қарай белгілі мөлшерде қайтарылады.

«Тәкәфуль» сақтандыру қорының «дәстүрлі» сақтандыру қорынан айырмашылығы

  1. Тәкәфуль қорының іргесі – өзара жәрдемдесу түсінігіне құрылған. Ал дәстүрлі сақтандыру жүйесінде сауда-саттық факторлары негізге алынады.
  2. Тәкәфульде – шариғатта харам саналатын өсім, құмар (ғарар) және күмән деген сияқты ағаттықтар жоқ. Дәстүрлі сақтандыруда өсім, ғарар және күмән бар.
  3. Тәкәфульде мүшелікке қосылған кісінің қосқан ақшасы өзге ортақтастары зардапқа ұшыраған жағдайда қолдану үшін «тәкәфуль қорына» құйылады. Яғни, қаражаттың иелері сақтанушылардың өздері. Ал, дәстүрлі сақтандыру жүйесінде болса, сақтанушының берген ақшасы - болуы ықтимал зардаптың алдын ала өтемі ретінде қордың өзіне тән, яғни ақшаның қожайыны қордың өзі.
  4. Тәкәфуль жүйесі жергілікті заңға бағынумен қоса, шариғи ақылдастар кеңесіне де тәуелді. Дәстүрлі сақтандыру жүйелері тек жергілікті заңға ғана бағынады.
  5. Тәкәфуль қоры мен салымшылардың шоттары екі бөлек қаралады. Ал, кәдімгі сақтандыру қорларында сақтанушылар тарапынан өтелген ақшалар «кіріс» ретінде саналып, үлес иелеріне өтеліп отырады.
  6. Тәкәфуль қорындағы әлдебір артық қаражат «уәкәлә» және «мудараба» жолымен тек мүшелер арасында ғана бөлісіледі.   
  7. Тәкәфуль қорына мүше болғандар мен салымшылардың қаражаттары Исламға қайшы емес жерлерге инвестиция жасалады.
  8. Т.б.

2011 жылына дейін «Тәкәфуль» жүйесі бүкіл әлем бойынша 200-ден астам мекеме арқылы жұмыс атқарып, құны шамамен 12 миллиярд долларға өскен. 2011-2012 жылдары Тәкәфуль жүйесінің нарығы Индонезия елінде қарқынды өсіп, жалпы көрсеткіштің 67%-ын құраған. Бангладеште 58%, ал Сауд Арабиясында 34%-ға өскен.

Тәкәфуль жүйесі – бүгінде Ислам экономика құралдарының ішіндегі ең көп сұранысқа ие қызмет түрінің бірі. Соңғы 30 жылда бүкіл әлемде Ислам қаржы жүйесінің ауқымы жылдам кеңеюде. Тәкәфуль жүйесі - өсім жеушілікті харам санап, өсімнен ұзақ тұратын мұсылман жұртшылығының инвестиция құю, қарыз алу және сақтандырылу қажеттіліктеріне жауап беретін бірден-бір қаржы жүйесі. Сол себепті, соңғы отыз жылда ауқымы едәуір кеңейген, әлі де кеңейе түсері анық дейді мамандар.

islam.kz

 

0 пікір