Жаман түс көрген адам былай істесін...
Жаман түс көрген адам былай істесін...
3 жыл бұрын 17486
Абдусамат Қасым

Ислам дінінде түстер үшке бөлінеді: Салиқалы түс, басқаша атауы «Рахмани түс». Екіншісі – Шайтанның үркітуі, оны «Шайтани түс» деп те атайды. Үшіншісі – күнделікті өміріндегі кейбір жадында қалған нәрселердің түсінде көрінуі. Бұған байланысты, сахаба Әбу Һурайра радияллаһу анһудан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (ғалейһиссәләм) былай деген:

(الرؤيا ثلاثة: فالرؤيا الصالحة بشرى من الله، ورؤيا تحزين من الشيطان، ورؤيا مما يحدث المرء نفسه، فإن رأى أحدكم ما يكره فليقم فليصل ولا يحدث بها الناس)

«Түстер үш түрлі: Алладан сүйінші ретінде келген салихалы түс, шайтаннан туындаған мұңайтушы түс және (үшіншісі) адамның өз-өзімен ойлаған нәрсесінің түсінде көрініс табуы. Кімде-кім ұнатпайтын бір нәрсе түсінде көрер болса, тұрып намаз оқысын және ол жайында ешкімге тіс жармасын». («Сахих Мүслім»).

Басқа бір хадисте былай деген:

 إِذَا رَأَى أَحَدُكُمُ الرُّؤْيَا يُحِبُّهَا فَإِنَّهَا مِنَ اللَّهِ فَلْيَحْمَدِ اللَّهَ عَلَيْهَا وَلْيُحَدِّثْ بِهَا وَإِذَا رَأَى غَيْرَ ذَلِكَ مِمَّا يَكْرَهُ فَإِنَّمَا هِيَ مِنَ الشَّيْطَانِ فَلْيَسْتَعِذْ مِنْ شَرِّهَا وَلا يَذْكُرْهَا لِأَحَدٍ فَإِنَّهَا لَنْ تَضُرَّهُ ) رواه البخاري

«Сендерден кім түсінде ұнайтын (көңіл хоштығын тудырар) түс көрсе, ол (түс) - Алла Тағаладан. Ондай түс көрген адам Аллаға шүкір етіп, оны (өзгеге) айтып берсін. Ал одан басқа, ұнамсыз бір түс көрсе, демек ол – шайтаннан. Ондай түстің жамандығынан Аллаға сыйынсын (Әғузу билләһи минаш шайтанир ражим десін) және ешкімке айтпасын. Оған ол түс зарарын тигізе алмайды». («Сахих Бұхари»).

Жаман түс көрген адам не істеуі керек?

Жаман түс көрген адам сол жағына үш рет түкіреді де, үш рет «әғузу билләһи минаш шайтанир ражим» деп айтады. Сосын басқа бүйіріне ауысып жатсын. Бұл жайында Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

إِذَا رَأَى أَحَدُكُمُ الرُّؤْيَا يَكْرَهُهَا فَلْيَبْصُقْ عَنْ يَسَارِهِ ثَلَاثًا وَلْيَسْتَعِذْ بِاللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ ثَلَاثًا وَلْيَتَحَوَّلْ عَنْ جَنْبِهِ الَّذِي كَانَ عَلَيْهِ) رواه مسلم

«Кімде-кім түсінде ұнатпайтын бір нәрсе көрсе, сол жағына үш рет түкірсін және үш рет шайтанның зардабынан Аллаға сыйынсын (яғни, үш рет әғузуді айтсын). Сосын жатқан жағынан келесі жағына ауысып жатсын». («Сахих Мүслім»).

 islam.kz/

0 пікір