Мұхаммед пайғамбар неге аз тамақ ішуді бұйырған?
Мұхаммед пайғамбар неге аз тамақ ішуді бұйырған?
5 жыл бұрын 6314
Аударған: М. Бақдәулетқызы

 «Адам баласы үшін  аз тамақ та жеткілікті. Асқазанның үштен бірін тамаққа,  екіншісін суға,  ал қалған бөлігін ауаға қалдырсын». Хадис.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) барлық сөзі күллі мұсылмандардың жақсы өмір сүруі мен олардың өмір сапасын жақсартуға арналған. Сондай пайдалы кеңесінің бірі - аз тамақ ішу. Аз тамақ ішудің адам денсаулығына оңды әсері барын бүгінде ғылым дәлелдеп отыр. Ал оны Алла елшісі 14 ғасыр бұрын мұсылмандарға үйреткен.  Ендеше, аз тамақ ішудің адам ағзасына тигізер пайдасы неде екен, қысқаша айта кетелік. 

Медицина саласының мамандары өздерінің көптеген зерттеулерінің негізінде адамның асқазаны тамаққа толы болмаса, терең және толық тыныс алуы әлдеқайда жеңілдейді деп зерделейді.  Ал алқынып тез демалу өмірді қысқартуға ықпал етеді дейді олар. 

Мәселен, адамның ішіндегі көмірқышқыл газынан тазарту үшін барлық ағзаның қаны өкпеге енеді. Бірақ егер адам терең тыныс алмаса, (тиісінше, оттегі бізге қажетті мөлшерде түспесе), онда үдеріс /процесс/ тежелейді, нәтижесінде қан өмірлік қажетті оттегімен қамтылмаған күйі ағзаларға тарайды. Бұл адам денсаулығына зиянды.

Біз бір минут ішінде 16 рет дем алып, дем шығарамыз. Әр демімізде ағзаға жарты литр ауа кіреді. Адам тәулігіне 23240 рет дем алып, дем шығарады екен. Бұл дегеніміз, ағзаға 11 620 литр ауа енеді деген сөз. Оның ішінде оттегі бар. Алайда толық тыныс алу – терең, әрі толыққанды дем алу нәтижесінде ғана жүзеге асады. Егер асқазан тамақпен толтырылған болса, адам терең тыныс ала алмай, соның нәтижесінде қалыпты зат алмасу мен  қанды толық тазарту үшін қажетті оттегі жеткілікті мөлшерде ағзаға енбейді. Соның себебінен денеде түрлі дерттер пайда болады. 

Ендеше, тамаққа тыңқиып тойып, өз-өзімізге ауру тауып алып жатады екенбіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адам асқазанынан өткен жаман ыдысты толтырып көрмеген» дей келе, асқазанды толтырып, тым тоя ас ішудің дұрыс емес екендігін меңзеуде.

Осы орайда  мына оқиғаны  еске алу орынды. Бірде Алланың Елшісіне (с.а.у) қымбат сыйлықтармен білікті дәрігер келеді. Сонда Алла елшісі сыйлықты қайтарып: «Біз ашықпай тамақ жемейміз. Артық тамақтанбаймыз. Сондықтан дәрігерге мұқтаж емеспіз», - деген екен, аурудың басы көп тамақ ішу екендігін ескертіп.

Мұның барлығы Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләмның миссиясының әрбір сөзінің астарында үлкен мән жатқандығын және ол әр сөзін тәңірлік шабытпен сөйлетіндігінің тағы бір дәлелі. 

0 пікір