Оразаның үш деңгейі
Оразаның үш деңгейі
27 күн бұрын 2056
А. Қасым

Біліп қой!

Ораза үш деңгейлі:

  1. Көпшіліктің оразасы.
  2. Ерекше жандардың оразасы.
  3. Ерекшенің ерекшесінің оразасы. 

1. Көпшіліктің оразасы, ол - азқазан мен әуреттің құмарлығынан күні бойы тыйылу.

2. Ерекше жандардың оразасы, ол - құлақты, көзді, тілді, қолды, аяқты және дененің қалған мүшелерін күнә істерден тыйю. Бұл - салих (салиқалы) жандардың оразасы. Салих кісілердің оразасы - дене мүшелерін күнәлардан сақтау болып табылады. Бұл болса алты жөннен көрініс табады:

  • Көзді түрлі жаман нәрселер мен жүректі Алланы еске алудан алдандырар барлық дүниеден тыйю.
  • Тілді өтіріктен, ғайбаттан, өсектен, боғауыздан, дөрекіліктен, ұрыс-керістен, мақтаныштан тыйю және аз сөйлеуге дағдыландыру әрі тілді Алланың зікір етумен, Құран оқумен шұғылдандыру. Тілдің оразасы осы.
  • Құлақты әртүрлі мәкруһ, ұнамсыз, харам нәрселерді тыңдаудан және естуден тыйю.
  • Қол, аяқты жөнсіз істерден сақтап, ауызашар уақытта қарынды күмәнді дүниелерді жеуден тыйю. Күндіз халал асты жеуден тыйылып жүріп, кешке ауызашқаннан кейін харам асты жеудің мәні жоқ.
  • Ауызашар уақытта көп тамақ жеуден тыйылу. Ораза ұстаған адам күндіз жемеген асын, ауызашар уақытында тыңқитып жесе, нәпсісі мен шайтанды қалай жеңбек, құмарлығын қалай сындыра алмақ!?
  • Ауызашқаннан кейін жүрегі қорқыныш пен үміт арасында болу (қабыл бола ма, жоқ па дегенді уайымдау). Өйткені, тұтқан оразасы қабыл болып, Аллаға жақын пенделерден боларын, не болмаса, оразасы қабыл болмай, Алланың азабына дұшар болған бейбақтардан боларын нақты білмейді.

3. Ерекшенің ерекшесінің оразасы,ол - жүректерді дүниелік ойлардан арылтып, Алладан басқа барлық нәрсені жүректен ұзақ ұстау. Бұл деңгей - пайғамбарлардың, сыддықтардың және мұқаррибтардың деңгейі. Бұл жандардың оразалары - Алладан және қиямет қайымнан басқаны ойласа, бұзылады. Дінге қатысы жоқ дүниелік істерді ойласа да оразалары бұзылады. Бірақ дін үшін болған дүниелік істер ақыреттің азығы болғандықтан, оларды ойлау оразаларын бұзбайды. Тіпті бұл деңгейдегі жандардың айтыстарына қарағанда, ауызашарда жеп-ішетін нәрселерді ойлап, пікір жүгіртудің өзі қателік. Өйткені, бұл Алланың кеңшілігіне сенімсіздік таныту. Оразаның бұл үшінші деңгейін сөзбен айтып түсіндурі мүмкін емес, мұны тек іс жүзіне асыру арқылы ұғынуға болады. Бұның ерекшелігі - бүкіл тұла бойымен Аллаға жөнелу және Алладан басқа барлық нәрсені бір бұрышқа ысырып қою.1 

Кейбір даналар оразаның деңгейлерін мына бір мысалмен түсіндіруге тырысқан: 

Күндіз тек ішіп жеуден тыйылып, алайда боғауыз, күнә, өсек-аян сынды ұнамсыз істерден тыйлмаса немесе күндіз ауыз бекітіп, бірақ кешке зина жасап, ішімдік ішсе, ондай кісінің оразасы - дәретте ағзаларын жумай құр дымқыл матамен үш рет сүртіп қоятын кісінің дәретіне ұқсас. Ол сан жөнінен дұрыс істегенімен, дәреттің маңызды шартын орындамай отыр, ол - жуу шарты. Мұндай дәретпен оқыған кісінің намазы қабыл емес. 

Екіншісі, күндіз ішіп жеуден тыйылғаны секілді, түрлі ұнамсыз харам істерден дене мүшелерін сақтаған кісінің мысалы - дәретте ағзаларын бір реттен жуған кісінің мысалы секілді, оның дәреті саналады және ол дәретпен оқыған намазы қабыл, олай істеген кісі дәреттің мұстахабын тәрк еткенімен, негізгі шартын орындап отыр.

Үшіншісі, жүректі дүниелік ойлардан арылтып, ойы да, пікірі де Алла болған кісінің оразасы - дәрет ағзаларын үш реттен жуған кісінің дәретіне ұқсас. Ол кісі негізді, мұстахабты және кемелдікті біріктіріп отыр. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Ораза - аманат. Аманатқа қиянат жасамаңдар!» деген болатын. 


1Имам Ғазалидің «Ихя Улумиддин» кітабынан ықшамдап алынды.

0 пікір