Құран мен хадиске сәйкес психикалық денсаулыққа арналған ең маңызды 10 кеңес
Құран мен хадиске сәйкес психикалық денсаулыққа арналған ең маңызды 10 кеңес
3 жыл бұрын 9988
Аударған: Меруерт Мухамадиева

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар (Құран, 94: 5-6). «Адам баласы қадірін білмейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт» (Әл-Бұхари). Біздің физикалық және психикалық денсаулығымыз-Алланың бізге берген аманаты, біз ол аманатты барынша сақтауымыз қажет. Келесі Құран мен сүнетке сәйкес 10 маңызды  кеңес сіздің психикалық денсаулығыңызды сақтауға жәрдемдеседі деген ойдамыз.

Олардың кейбіреулері жалпыға, әркімнің психикалық денсаулығына қатысты, ал кейбіреулері неғұрлым күрделі психикалық мәселелерді шешеді.

1. Денсаулығыңызға мұқият болыңыз. Жақсы физикалық және психикалық денсаулық бір-бірімен тығыз байланысты. Денсаулығымызды жақсарту нәтижесінде бізді стреске төзімді етудің көптеген тиімді жолдары бар: ол гаджеттерге кететін уақытты қысқарту, дұрыс ұйқы тәртібін қалыптастырудан жаттығуларға дейін аралық. «Ал, енді Алланың сендерге берген ризығының халал, тазасынан жеңдер. Сондай-ақ егер Оған ғана құлшылық қылатын болсаңдар, Алланың нығметіне шүкіршілік қылыңдар»(Құран,  16: 114).

Дұрыс тамақтанудың артықшылықтары көп. Сіз тұтынатын тағамдар сіздің миыңызға әсер етеді, тіпті кейбір қоректік заттардың жеткіліксіздігі, бойыңызда жетіспеуі сізді шаршатады, мазасыздандырады әрі қайғыға салады.

Ең көп сатылымға ие болған Джин Карпердің «Тамақ: сіздің ғажайып еміңіз" кітабында мынандай келелі кеңестер кездеседі: «Балық сияқты майы аз және ақуызы жоғары тағамдар сіздің миыңызды қуаттайды әрі сізді қуаттандырады, ал қант мөлшері жоғары тағамдар сіздің ақыл-ойыңыздың үдерістерін тежейді.

Көмірсулар сіздің миыңыздағы серотонин деңгейін жоғарылатады. Егер сіз депрессияда болсаңыз, бұл сіздің көңіліңізді көтереді. Жасыл жапырақты көкөністер мен бұршақ дақылдарының құрамындағы фолий қышқылы ұйқыңызды жақсартады. Бор мөлшері жоғары жаңғақтар мен жемістер сіздің ақыл-ой белсенділігіңізді ретке келтіреді. Егер сіз мазасыз болсаңыз, кофеиннен аулақ болыңыз және макарон, картоп сияқты күрделі көмірсулармен тамақтаныңыз». Көріп отырғаныңыздай, біздің психикалық денсаулығымыздың көптеген емін Алла Тағала бізге берген «рұқсат етілген және пайдалы тағамнан» табуға болады екен. Сүннетте айтылған құрма, жасымық, бал сияқты тағамдарды қолданыңыз, олардың бәрі сіздің физикалық және психикалық денсаулығыңызға тиімді ықпал етеді.

«Әй адам балалары! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді» (Құран, 7: 31). Кез келген тағамның шамадан тыс мөлшері сіздің денсаулығыңызға кері әсер ететінін ұмытпаңыз! Кейбір тағамдар сіздің мәселелеріңізді шеше алады, бірақ егер сіздің депрессияңыз немесе алаңдаушылығыңыз шынымен ауыр жағдайда болса, емдеуші дәрігер сізге дәрі-дәрмектерді қосымша ұсына алады.

2. Өз өміріңіздегі жаңалықтардың рөлін өзгертіңіз. Жаңалықтардан үзіліс-бұл психикалық денсаулықты қалыпқа келтірудің кеңінен таралған пайдалы тәсілі. Бүгінгі ақпараттар ағыны желдей ескен  дәуірдегі "жаңалықтардан шаршаған" уақытта жайсыз жаңалықтардан  жырақтап, біршама уақыт демалыңыз.

Жаңалықтардан аулақ болу біздің өміріміздегі жағымсыздық пен келеңсіздікті азайтады. Айтылмыш кезең отбасымыз бен туыс-жақындарға, жаңаруға, рухани тазаруға, жұмысқа, сүйікті іске, шығармашылық ізденістерге және рухани сапарымызға жаңа көзқараспен назар аударуымызға мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде құндылықтарды басқа қырынан қарауға, бағалауға жол ашылады.

Егер сізге оқиғалар жайлы біліп отыру қажет болса, тіпті қысқа үзіліс жасай алмайтын болсаңыз, күн сайын жаңалықтарды көруге біраз уақыт бөлгеніңіз жөн. Тәулік бойы әлеуметтік желілерде, твиттерде немесе жаңалықтар қосымшаларына көп уақытыңызды кетірмеңіз, кесте жасаңыз әрі сол тәртіпті ұстаныңыз. Таңертең тұрған бойда жаңалықтарды алдымен тексеріп алмау керек, себебі, бұл сіздің көңіл-күйіңізді нашарлатады және күннің қалған бөлігіне кері әсерін тигізеді. Аллаға оның жоспарына сенім артып, үмітсіздікке бой алдырмау маңызды мәселе. Осыған байланысты адамзаттың жаратылу тарихы таңқаларлық. «(Мұхаммед Ғ.С.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!»,- деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз»-деді. Алла: «Мен сендердің білмегеңдеріңді жақсы білемін!»,- деді. (Алла, Адамды топырақтан жаратып оған жан салды» (Құран, 2:30).

Өз кезегінде Алланың Елшісі (с.а.у.): «Сіздерден кімде-кім жамандық көрсе, оны қолымен өзгертсін, ал егер істей алмаса, онда тілімен; ал егер ол мұны істей алмаса, онда бар жүрегімен өзгертсін, алайда, бұл-иманның әлсіз көрінісі»,-деген (Мүслім). Біз тек жаңалықтардың тұтынушысы болудың орнына, оларды өзгерту үшін жұмыс жасауымыз қажет. Өйткені, біздің мұсылман ретіндегі міндетіміз- аз ғана өмірде әлемді аз да болса жақсарту, ізгілікке үлес қосу.

3.Басқаларға көмектесу арқылы өзіңізге көмектесіңіз. Мейірімділік пен жомарттық біздің психикалық және физикалық денсаулығымызға ең пайдалы әсер ететіндігі ғылыми дәлелденген.

Цюрих университетінің жүргізген зерттеулері бойынша «басқаларға көмектесу әрі жомарт болу адам бойында бақыт сезімін арттырады» және жомарт адамдардың денсаулығы жақсарады. Атап айтқанда, қан қысымы төмендейді әрі өмір сүру ұзақтығының артатындығын дәйектеді.

Алла Елшісі (с.а.у.): «Әр буынға - күн шыққан күн сайын садақа бер ...» (Әл-Бұхари). Досыңызға күлімсіреу, әріптесіңізге шай ұсыну немесе сәбилер үйіне қайыр-садақа беру, тағы басқа толып жатқан игі істерді жасау, осы сүннетті ұстану әлемді жақсартуға ғана емес, сонымен бірге сіздің психикалық денсаулығыңызды жақсартуға да мүмкіндік береді.

4. Алланы еске алып, жалғыздықты сезінсеңіз де, оның қолдауына сенім артып, оған сүйеніңіз! «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады»  (Құран, 13: 28).

Сіздің жүрегіңіз не ойлайды? Мазасыздық, қызғаныш, стресс, шешімсіздік, ашу, наразылық, мазасыздық, қайғы, қорқыныш, ауырсыну, қайғы - зікір, дұға, ғибадат арқылы Алланы еске алу сіздің жағдайыңызды көп жеңілдетеді, шаршаған рухыңызға қанат бітіреді.  Өйткені, күллі әлем таулардан араларға дейін үнемі Ұлы Жаратушына мадақтап, оған құлшылық етеді.

Алланы еске алып, Жаратушы Иемізге мойынсұну біздің табиғи мақсатымыз бен ақыл-ойымыздың жағдайы, сондықтан  ол жүрегімізге тыныштық пен қуаныш сыйлайды. Депрессия немесе мазасыздықтың болуы, жанның тыныштық таппауы сияқты психикалық аурумен өмір сүрудің салдарының бірі- үмітсіздік пен Алламен байланыстың жоқтығы болып табылады.

Сіз оны еске түсіруге тырысқан кезде де, оның көмектесетінін сезбейсіз, жүрегіңіз тынышталмайды. Осындай сәттерде «Әд-Дұха» сүресінің аяттарынан сабақ алуға болады. Бұл аят Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.)   жүрегін тыныштандыруға бағытталған: «Сәске уақытына, (1)Тым-тырыс түнге ант. (2) Раббың сені тастамады да, кейімеді. (3) Әрине сен үшін ақырет, дүниеден жақсы. (4) Әлбетте Раббың саған береді де разы боласың. (5)» (Құран, 93: 1-5).

Сол үшін егер сіз Алламен қарым-қатынаста өзіңізді үмітсіз және жалғыз сезінсеңіз де, ешқашан үмітсіздік қамытын киіп, салыңызды суға кетірмеңіз. Жаратушыны әрдайым еске алыңыз және оны шынымен сезінуге әрі түсінуге уақыт қажет болса да, Алланың әрқашан сізді еске алатынын біліңіз.

5. Өмірдің жағымды жақтарына назар аударыңыз. Алла Тағала: «Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз» (Құран, 14:34). Бұл өмірлік сабақ әсіресе әлеуметтік медиа дәуірінде қолданылады. Адамдардың әлеуметтік желілерде көрсететін өмірі көбінесе соншалықты керемет әрі мінсіз, жарқын болып көрінеді. Шын мәнінде, олардың өмірі мінсіз болмайтынын түсінсеңіз де, өзіңізбен салыстырып, ол сізді күйзеліске, көңілсіздікке әкелуі мүмкін.

Өзгелер жасайтын /айтатын, сатып алатын/ бастан өткеретін барлық таңқаларлық нәрселер жайында ойлаудың орнына, өміріңіздегі жағымды нәрселерге назар аударыңыз. Өзіңіздегі жоқ нәрсеге назар аударудың орнына, барыңызға риза болыңыз.

Жоғарыда айтылғандай, психикалық аурумен өмір сүрудің салдарының бірі үмітсіздік сезімі мен іштей тағдырға  ризашылықтың болмауы, наразылық себебінен болуы ықтимал. «Әд-Дұха» сүресіне қайта оралайық. «Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма? Сені абыржуда көріп, жолға салмады ма?  Сені кедей көріп, байытпады ма?  Ендеше, жетімді қорлама, сұраушыны зекіме.  Раббыңның нығметін білдір» (Құран, 93: 1-5).

Сонымен, өзіңізді жоғалтқан сәттерде немесе жан дүниеңізді мазасыздық жайлағанда, ең алдымен, Алланың сізге берген бұрынғы әрі қазіргі сансыз нығметтерін еске алып, шүкір етіңіз. Екіншіден, Алланың сізге берген нығметтерін біреудің өміріне оң өзгерістер енгізу үшін пайдаланыңыз, олардың мәселелерін тыңдау,  сол бағытта жәрдемдесу  нәтижесінде сіздің психикалық денсаулығыңыз жақсарады.

6. Қазіргі уақытпен өмір сүріңіз. Көпшілігіміз өткенге өкінеміз немесе болашаққа алаңдаймыз. Өткен өмірдің қайығында кетіп, суға ағып жоғалған өкінішке толы көмескі өмірді санадан шығармаймыз. Өткеннің елесімен өмір сүру күш, қуатыңызды кемітеді, ақыл-ойыңызды жегідей жейді, биіктерге жетуіңізге бөгет болады. Алайда  психикалық денсаулығымызды жақсартудың бір жолы - қазіргі өмірге назар аудару, қазіргі сәттің қадірін білу.

Өмірдегі болмайтын нәрселерге, жіберіп алған мүмкіндіктерге немесе ең нашар сценарийлерге қадала бермеңіз. Бүгін сіздің бақылау аймағыңызда, иелігіңізде не бар екенін ойлаңыз. «Біл, сенен өткен нәрсе сенімен болмауы керек еді, ал сенімен болған оқиға сенен өтпеуі керек еді. Шыдамдылықсыз жеңіс, жоғалтпай табу, қиындықсыз жеңілдік жоқ екенін біліңіз» (Әт-Тирмизи). Сіздің несібеңіз сіз туылмай тұрып жазылған, сондықтан өткенде болғанның бәрі Алланың жоспарының бөлігі екендігіне сеніңіз әрі ол болашақта да  сізге қамқорлық жасайды. Кез келген нәрсеге алаңдамай, тек өзіңіздің бақылауыңыздағы нәрсе туралы  алаңдаңыз.  Қазіргі сәтті ғана еске түсіруге тырысыңыз.

Есіңізде болсын, сіздің қазіргі сәтіңіз қандай болмасын, оған ризашылық пен шыдамдылық танытқаныңыз абзал. «Мүміннің ұстанымы қандай керемет! Шынында да, оның жағдайындағы барлық нәрсе оған пайдалы және оған тек мүміннен басқа оған ешкім сенбейді, егер оған бірдеңе ұнайтын болса, Аллаға шүкір етеді, ал бұл оған қайырлы  болады, егер оған қайғы келсе, ол  шыдамдылық көрсетеді және бұл ол үшін қайырлы болады» (Мүслім).

Қорыта айтқанда, Алланың жоспарына сену, әрқашан Жаратушыны еске алу бізге қазіргі сәтте өмір сүруге көмектеседі. Жақсылыққа ризашылық білдіру әрі қиыншылықтарға төзу-біздің уайымымызды жеңілдетеді, ол біздің психикалық денсаулығымызды жақсартады.  

/Жалғасы бар/ 

 Дереккөз: islam.plus

0 пікір