Құранда жердің домалақтығы мен оның айналатындығы жөнінде айтылған...
Құранда жердің домалақтығы мен оның айналатындығы жөнінде айтылған...
4 жыл бұрын 11757

Құран Кәрімде жер шарының домалақ екендігіне ишара еткен көптеген аяттар бар. Сондай аяттардың бірінде:

«Алла түнді күндізге, күндізді болса түнге орайды (айналдырады)» деп айтылады. (Зүмәр сүресі, 5 аят).

Осы аяттың арапша нұсқасындағы «Юкәууиру» (يكور) сөзі араб тілінде бас сияқты домалақ бір заттың айналасын бір нәрсемен, мысалы сәлдені айналдырып орағаны сияқты «орау» деген мағынаны білдіреді.

Аталмыш құран аятындағы «Юкәууиру» сөзі жер шарындағы тағы бір құбылысты бейнелеуде, өз «осьі» бойынша айналатын жер шарының Күнге қарайтын бөлігі жарық, яғни күндіз болады. Бірақ, жер шары айналып тұрғандықтан жарық болған бөлігі үнемі күндіз болып тұра бермейді. Жер шары айналған сайын жарық болған бөлігі қараңғы, ал қараңғы болған бөлігі жарық болады. Бұл дегеніміз, аятта да айтылғандай үнемі түн күндізге, ал күндіз түнге оралып айнала береді деген сөз. Бұл да жер шарының домалақ екендігін көрсетеді. Міне, жаңағы аятта қолданылған «юкәууиру» сөзі жердің шеті жоқ шар тәріздес домалақ болатындығын, және де айналып тұратындығын хабарлауда.

Ғалымдар мына аятты да жердің айналатындығын мензейтін аяттардың біріне жатқызады. Нәмл сүресі, 88 аятында Алла Тағала былай деген:

«Сен тауларды көріп, оларды мызғымай тұр деп ойласың. Алайда, олар да бұлттар жүргендей жүреді».

Ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша, осы аят кәрима дүниенің айналатындығын, онымен қоса айналу бағытынан да хабар беріп тұр. Жер шарынан үш жарым-төрт (3,5-4) шақырымға жуық биіктікте болған негізгі бұлт үйінділерінің қозғалыс бағыты ауадағы өзгерістерге қарамай, ауа шарттарына бағынбай үнемі бір бағытта қозғалады. Дәлірек айтқанда батыстан шығысқа қарай. Ал Жер шары да сол бағытқа қарай айналуда.

Аталмыш қасиетті аят басқа бір ақиқатқа да сілтеме жасауда. Яғни, жер бетіндегі құрлықтар дүниенің алғашқы кезінде бәрі бір жерде шоғырланған еді. Бірақ жыл сайын 1-5 см аралықта әр тарапқа жылжып, бір-бірінен алшақтауда. Осы құбылысты ХХ ғасырдың алғашқы кезеңдерінде Альфред Вегнер ашқан етін. Алайда бұл жаңалыққа алғашқыда ешкім мән бермеді. Ол тек 1980 жылдан кейін ғана гоелогиялық шындық деп қабылданды[1]. 

Ай мен Күн туралы Ясин сүресінде былай баяндалады:

«Күн өзі үшін белгіленген орнында аға береді (айналып тұрады). Міне бұл – Әзиз де Ғалым Алланың белгілемесі. Ай үшін де орындар (орбита) белгіледік. Ақыры, ол қураған құрманың бұтағындай  (жаңа туған ай) болып, кері оралады. Күн Айды қуып жете алмайды. Түн күндізді басып оза алмайды. Әрқайсысы (өз орбитасында) жүзіп, жүреді». (Ясин сүресі, 38-40 аят).

Осы Құран аяты түскен кезеңде, яғни 7 ғасырда Ай мен Күннің белгілі бір орбитада айналатындықтарын ойлаудың өзі мүмкін емес құбылыс еді.  Олардың әрекеттері туралы негізсіз, теріс пікірлер халық арасында кең тараған. Тіпті Әзіреті Пайғамбардың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ұлы  Ибраһим қайтыс болған күні Күн тұтылып, халық:

«Әзіреті Пайғамбардың ұлы дүние салғаны үшін Күн тұтылды» - десті. Сонда Әзіреті Пайғамбар (алейһиссәләм) оларды бұл сөздеріне:

«Ай мен Күн Алланың бар екендігін (Оның ұлылығы мен құдіретін) көрсететін белгілер. Олар ешбір адам өлгені үшін, не адам өмір сүргені үшін тұтылмайды. Осындай бір жағдайға тап болсаңдар, Ай мен Күн ашылғанға дейін намаз оқыңдар, дұға етіңдер!» - деп бұйрыдаы. (Сахих Бұхари, Күсуф. 15 б). 

(Бірақ, Құран ол жайында астарлап жеткізіп отыр және оның ишара еткен ақиқаты 14 ғасыр өткеннен кейін бірақ анықталуда. Бұл да Құран Кәрімнің Жаратушы Алла Тағаланың сөзі екендігінің дәлелі).

"Рахмет самалы және Құран мұғжизасы" атты кітаптан.


[1] Power of Nature, National Geogrofhic Soeltey, Washington D.C. 1978, 12-13 б.

0 пікір