"Тәспих намазы" және оның оқылу тәртібі
"Тәспих намазы" және оның оқылу тәртібі
2 жыл бұрын 14507
Дайындаған Абдусамат Қасым

«Тәспих» намазы деп, тәспих дұғасын айта отырып оқылатын намаз түрін айтады. Тәспих намазын оқу - сауабы мол, мұстахаб амал. Тәспих сөзінің тілдік мағынасы: «Алла Тағаланы нұқсан сипаттардан пәктеу және ұлықтау» дегенге саяды. Төрт рәкәғаттан тұратын бұл намазда үш жүз рет «Субханаллаһи уәлхамдулилләһи уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» деп айтылатындықтан, намазға «тәспих намазы» деген атау берілген.

 سُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ وَلَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَاللَّهُ أَكْبَرُ

Тәспих намазының белгілі бір уақыты жоқ. Мәкруһ уақыттардан тыс кез-келген уақыттарда оқи беруге болады. 

Аталмыш намазға байланысты Құран Кәрімде ақпарат кездеспеген. Бірақ мұндай бір намаздың артықшылығы жайында айтылған хадис бар.

Тәспих намазының артықшылықтары

Тәспих намазын оқыған кісінің өткен күнәлары мен болашақтағы күнәлары және әдейі не қателесіп істеген күнәлары әрі жасырын немесе жария істеген күнәлары түгел кешіріледі.

Тәспих намазы жайында хадис келтірер болсақ, сахаба Абдулла ибн Аббастан, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) оның әкесі  - Аббас ибн Абдулмұтталлибке айтқан мына бір хадис жеткен. Ол хадисте сахаба былай дейді:

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) Абдульмұтталибұлы Аббасқа былай деп айтты: «Уа, Аббас! Уа, Көкесі! Саған бір нәрсе берейін бе!? Саған бір нәрсе сыйлайн ба? Саған ерекше пайдалы он істі білдірейін бе? Егер сен сол он істі істейтін болсаң – Алла Тағала сенің әуелгі күнәларыңды және кейінгі күнәларыңды, ескі күнәларыңды және жаңа күнәларыңды, қателікпен істеген күнәларыңды және әдейі істеген күнәларыңды, кіші күнәларың мен үлкен күнәларыңды, әрідесе жасырын немесе жария істеген күнәларыңды түгел кешіреді. Бұл он пайдалы іс төмендегінше (атқарылады):

«Төрт рәкәғат намаз оқисың. Әр рәкағатында «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқисың. Бірінші рәкәғатта сүре оқып болғаннан кейін қиямда тұрған күйы он бес мәрте былай дегін: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар». (Он бес рет осылай айтқаннан кейін) рүкуға бар. Рүкуғда тұрған күйі аталмыш тәспихты он рет айт. Одан кейін рүкуғтан бас көтергеннен соң, әлгі тәспихты он рет айт. Одан соң сәждеге бар. Сәждеде жатқан күйі әлгі тәспихты он рет айт. Кейін сәждеден бас көтергенде (отырған күйі) тағы да он рет айт. Одан кейін екінші мәрте сәждеге бар. Бұл жолы да әлгі тәспихты он рет айт. Басыңды сәждеден көтергеніңде тағы он мәрте айт. Осылайша, бір рәкәғаттың өзінде жетпіс бес мәрте айтасың. Дәл осы ретпен төрт рәкәғаттың бәрінде орындап шық.

Шамаң келсе, тәспих намазын әр күні оқы, олай етпесең, бір жұмада оқуға тырыс. Жұмасына бір рет оқи алмасаң, айына бір рет оқы. Оған да мүмкін болмаса, жылда бір рет оқы. Жылда бір рет оқуға мүмкіндік болмаса, өмірде бір рет оқы»[1].

Тәспих намазының оқылуы

Хадисте де айтылғандай, тәспих намазы төрт рәкәғаттан тұрады. Бұл намазды төрт рәкәғаттан оқыған кісі алғашқы отырыста аттахиятудан кейін салауат айтып, үшке тұрғанда «сүбханака» дұғасымен бастайды. Немесе әр екі рәкәғатта сәлем беріп, екі бөліп оқуына да болады.

 Оқылу тәртібі келесідегідей:

  1. «Алла ризалығы үшін тәспих намазын оқымаққа" деп ниет етіп, артынан «Аллаһу әкбар» деп намазды бастайды.
  2. «Сәнә» дұғасын оқиды. Сәнә дұғасынан кейін он бес рет тәспих дұғасын айтады: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар».
  3. Одан соң «Аллаһу әкбар» деп рүкуға барады. Рүкуғда әдеттегідей «сүбхана раббиял азыйм» деп үш рет айтқаннан кейін он рет: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» дейді. Рүкуғдан «самиғалланы» айтып тік тұрған кезде аталмыш тәспихты он рет қайталайды.
  4. Одан кейін «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәжде дұғасын үш рет оқығаннан соң, он рет қайтадан: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» - деп тәспих дұғасын айтады. Бірінші сәждеден «Аллаһу әкбар» деп бас көтергеннен соң тағы да он рет осы тәспих дұғасын айтады. Одан соң «Аллаһу әкбар» деп екінші сәждеге барады да үш рет әдеттегі сәжде дұғасын оқығаннан соң, он мәрте аталмыш тәспих дұғасын оқиды: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар». Он рет айтып болғаннан кейін «Аллаһу әкбар» деп екінші рәкәғатқа тұрады.
  5. Екінші рәкәғатта ең алдымен он бес рет: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» тәспихын айтады. Одан соң «Фатиха» мен қосымша сүре оқиды. Сүреден соң он рет: «Сүбханаллаһи уәлхамдулилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар» тәспихын оқиды.
  6. Одан соң Рүкуғда - он мәрте, рүкуғтан тұрғаннан соң - он мәрте, сәждеге барғанда - он мәрте, сәждеден бас көтергеннен кейін - он мәрте, екінші сәждеге барғанда - он мәрте аталмыш тәспихты айтады.
  7. Екінші сәждеден кейін «аттахият», «салауат» дұғасын оқиды. Кейін «Аллаһу әкбар» деп үшінші рәкәғатқа тұрады. 
  8. Үшінші рәкәғатты да, бірінші рәкәғаттағыдай оқиды: әуелі сәнә дұғасын, оның артынша тәспих дұғасын он бес мәрте айтады. Кейін қырағат қылады. Қырағаттан кейні он рет тәспих дұғасы, одан соң рүкуғда он мәрте, рүкуғдан тұрғанда он мәрте, сәждеге барғанда он мәрте, сәждеден тұрғанда он мәрте, екінші сәждеде он мәрте тәспих дұғасын қайталайды.
  9. Төртінші рәкәғатты әуелі он бес мәрте тәспих дұғасын айтып алып бастайды. Әрі қарай жоғарыда айтылған ретпен тәспих дұғасын айтып шығады.
  10. Осы тәртіппен әр рәкәғатта тәспих дұғасын жетпіс бес мәртеден оқи отырып, төрт рәкәғатта үш жүз рет оқыған болады.
  11.  Тәспих намазы жамағатпен оқылғанда имам болған кісі сүрелер мен тәспих дұғасын дауыстап оқиды.
  12. Тәспих намазында оқылатын арнайы сүре жоқ, кез-келген білетін сүресін оқи береді.

Алла сауаптан жазсын!

 islam.kz


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән». №482 хадис.  

0 пікір